«Мұзтаудың» жұлдызы қайта жана ма?
Өнер дейтін – алып аспан. Ол аспанда біреудің жұлдызы ерте туса, біреудікі кеш жанады. Бір жұлдыз ұзақ уақыт мұндалап тұрса, екіншісі жарық етеді де, ағып түседі. Меніңше, «Мұзтаудың» жұлдызы жанып, сөніп, қайта жанатын пульсар сияқты…
Мұзтау – ел есінде. Екі мыңыншы жылдардың басында елді елең еткізген топтың бірі еді. Асқар Ысқақ, Талғат Мәзібаев және Алмас Нұрғалиевтың триосы шырқаған «Ару аққу», «Ақмарал», «Катоным – алтын бесігім» сынды сырлы әндер көптің көкейінде әлі күнге сайрап тұр. Көңілден кете қоймағанмен, көзден кеткендігі рас олардың. Сол себепті топ мүшесінің бірі Асқар Ысқаққа хабарласып, «Сіз қайда жүрсіз?» деген едік.
Асқар – бұл күнде Өскемендегі облыстық Әділет департаментінің қызметкері. Бұған дейін де өнерден өрісі өзгеше бірнеше жерде жұмыс істеген көрінеді. Біраз уақыт шығармашылықтан іргесі жырақтағанмен, ықылас-көңілі әлі суымаған екен әншінің.
– Ол кездер тамаша еді, – деп бастады әнші әңгімесін. – Әу бастан әнге құмар досым Алмас, Талғат үшеуіміз топ құрып, «Мұзтау» деп ат қойдық. Олай дейтініміз, өнердің биігінен көрінсек деген арманымыз бар еді. Бастапқыда ісіміз жүрді. Үлкенді-кішілі сахна көрдік. Тез танылдық. Уақыт өте той-думаннан қалмайтын болдық.
Ол кезде үшеуі де – жас, арман қуған студенттер. Асқар қазіргі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі және шет тілі факультетінде оқыса, Алмас осы оқу орнында музыкалық білім алады. Екеуінен төрт көктемді ерте қарсы алған Талғат бұл кезде аталмыш университетті тарих мамандығы бойынша тәмамдап үлгерген. «Мұзтауды» құру туралы бастаманы көтеріп, алға сүйреген де осы жасы үлкен жігіт болса керек.
Асқардың айтуынша, «мұзтаулықтар» негізінен өздерінің авторлық әндерін ғана орындауды мақсат тұтқан екен. Осы жолда табиғат талант сыйлаған жігіттер жанынан ән туғыза бастайды. Асқардың оған қоса әннің сөзін де өзі жазатыны бар көрінеді. «Егіз туады» дейді ол мұндайда. «Ақмарал», «Күлімдеп қарап көзіме», «Қазақ қызы», «Көзілдірікті қыз» сынды әндердің әні мен сөзі қатар Асқарға тиесілі. Жиырмаға жуық әні болса, оның жеті-сегізінің сөзін өзі жазған. Осындағы «Күлімдеп қарап көзіме» атты әнге сол жылдары Алматыда бейнебаян да түсірілген екен.
– Көп күткен бейнебаянның түсірілуіне, жарық көруіне белгілі айтыскер Ринат Заитов ағамыз көп көмектескен еді, – деп еске алады Асқар. – Ол шақтардың тамашасы сол – шығармашылығымызды шыңдай отырып, талай жерге әндете бардық. Талай жердің дәмін таттық. Өнер ордасы – Алматыда неше мәрте болдық. Тек бұдан әрі өсу үшін өзге қалада, өнердің үлкен ортасында қалуымыз керек деп ойламаған екенбіз. Шақыртулар мен ұсыныстардың да болғанын естідік. Бірақ біз Өскеменде қалдық.
Сөйткен сауықшыл жігіттер жастық шақ сырт бере бастағанда, серілік дәуреннен де қол үзе берген. Дәуірлеген топтың шығармашылығы кілт тасырқай бастайды. Ол тұста тіршілік қамы да жайыңа қалдырған ба?! Өнердің атырауынан «Мұзтау» еріксіз арнасын бөле бастаған екен. Асқар статистика саласына қызметке кірсе, Алмас мәдениет саласында еңбек етуге бел буады. Талғат та осы тұста тірліктің бөгде соқпағымен достардан жол бөліп кете барған. Кейінірек Алмастың қызмет бабымен Риддер қаласына қоныс аударуы топ мүшелері арасындағы сындарлы байланысты сым ұшына жеткізеді.
– Қазіргі таңда «Мұзтау» тобы ресми түрде жоқ немесе тарап кетті демейміз. Дегенмен тасымыздың өрге домалап тұрмағаны да шындық. Бір-бірімізден жырақ жүрген соң да, бір істі бастамас бұрын, соңына дейін жеткізе аламыз ба деп ойланамыз. Жұмыстың саябырлауына осындай жағдайлар әсер етіп тұр, – дейді Асқар.
Бірақ бойда бар дарын бұлқынбай жата ма? Сәт сайын мазалайды да тұрады. Асқардың жеке басында солай. Өзге қызметте жүргенде де, ән жазудан тыйылмаған. Іздеп келіп, әнін сұраған бірлі-жарым інілеріне ұдайы көмек көрсетіп тұрған екен. Оның әндерін өңірде шырқап жүрген жастар жетерлік. Неге бірақ осы күнге дейін жалпақ жұртқа тегіс жайыла қоймады ол туындылар?
– Мен біреудің тапсырысымен ән жаза алмаймын. Ол жасанды болар еді. Ән көңілден тұмса күйінде шығуы керек. Ал шығарған әнімді біреуге апарып, сен орындай қойшы дейтін әдетім тағы жоқ, – дейді табиғат тудырған әнші-сазгер.
Асқар Ысқақ есімінің ел аузына тегіс ілігіп кете қоймауының бір сыры осында жатыр ма дейміз.
Дегенмен Асқардың сүйіншілеген, қуанышты жаңалығы да жоқ емес. Араға жылдар салып, арнасын қайта таппаққа ниеттенген әнші жеке шығармашылық концертін беруге қызу дайындық үстінде екен. Өнерге, әнге деген қимастық пен сағыныш түп қазығына қайта әкелгенін айтады ол.
– «Мұзтау» – тым ертерек халықтан жырақтап кеткенімен, өз дәуренін сүре алған топ. Біз жүргенде, оның аты біржола өше қоймайды. Ол сөзім негізсіз емес. Меңзеп отырғаным – алдағы уақыттағы жеке шығармашылық кешім. Дәл қазір қызу дайындық үстіндемін. Кеште жиырмаға жуық авторлық әнім шырқалады. Жаңа әндердің де тұсауы кесілмек. Бастысы, «Мұзтау» халық алдына қайта шығады. Топ мүшелері де, халық та бір жасап қалар деген ойдамын. Одан өзге бірқатар өңірге, тұтас елге танымал өнерпаздарды сахна төрінен көре аласыздар, – дейді Асқар.
Әңгімеміздің әлқиссасында пульсар жұлдызы жайында айтқан едік. Қас-қағым сәтте өшеді, оған қарап аспаннан ағып түсті дей алмайсыз. Ойлап үлгермейсіз, қас-қағым сәтте қайта жанады. «Мұзтауды» осыған баладық.
«Мұзтау» тобы негізінен өздерінің авторлық әндерін орындауды мақсұт тұтқан. Олар шырқап жүрген жиырма шақты әннің ішінде «Ақмарал» «Күлімдеп қарап көзіме», «Қазақ қызы», «Көзілдірікті қыз» секілді жеті-сегіз әннің сөзі мен әуенін топ мүшесі Асқар Ысқақ жазған.
P.S. Кеше кешке газет беттеліп жатқанда, Өскемендегі орталық мәдениет сарайында Асқар Ысқақтың ән-кеші дүркіреп өтіп жатты: Бұл думанды жиынға Шығыстың қасиетті топырағында өсіп-өнген өнер жұлдыздарының біразы келіпті.
Оразай Жеңісұлы