Мәйітханаға ұрлыққа түсіп, ұйықтап қалыпты
Зырян қаласындағы мәйітхананы тонамақ болған 32 жасар жұмыссыз ер-азамат қолға түсті. Ғимараттың терезесін сындырып кіріп, ішінен фотокамера, жылытқыш пен теледидар ұрлап алып шыққан ол ойлаған ісін соңына дейін жеткізе алмай қалған. Араққа тойып алған ұры шығаберісте ұйықтап қалған көрінеді.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қамауға алынған адам бұрын аталған мекемеде санитар болып жұмыс істепті. Сондықтан жоспарын жүзеге асыру оған аса қиындық туғызбаған.
– Ол барлық кіріп-шығатын жолдарды білген. Сондай-ақ мәйіттердің аса қатты күзетілмейтінін де түсінген. Түн ауған шақта ұры ғимараттың ішіне еніп, кабинеттердің бірінен фотоаппаратты, теледидар мен жылытқыш пештерді ұрлаған, – деп мәлімдейді ІІД-нің баспасөз қызметі.
Айта кететін жайт, ер адам тонауға мас күйінде аттаныпты. Оның мас болғаны ісін аяғына дейін жеткізуіне кедергі болған. Тонаушы ұрлаған заттарын терезеден лақтырмақшы болған, алайда сол терезенің алдында ұйықтап кетіпті. Ұрыны таңертең жұмысқа келген патологоанатом көреді. Бұл бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.