Сұраңыз

Мылтық сатып алсам деп едім…

– Бұрын-соңды мылтығым болған жоқ. Бірақ аңшылыққа арналған қару сатып алсам деп едім. Ол үшін қандай құжаттар қажет?

Айдын Нұрғабденов
Катонқарағай ауданы.

Сауалға облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы Бақытжан Торғаев жауап берді.
– Ішкі істер органдары ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруын сатып алуға, сақтауға және ұстауға рұқсатты бекітілген тәртіпте аңшылыққа үш жылдан кем емес мерзімге рұқсат етеді. Оның ішінде аңшылық карабиндер, құрамдастырылған мылтықтар бар.
Алғаш рет белгілі бір қару сатып алушы адамдар ішкі істер органдарына өтініш жазады, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген көруі нашар, психикалық аурушаң, маскүнемдік, есірткілік немесе уытқұмарлық бұзушылықтарына байланысты қару ұстауға қарсы көрсетілімінің жоқтығы туралы №108-1/у нысанды медициналық қорытындысын ұсынады. Сонымен қатар, азаматтығын растайтын құжаттың көшірмесі, қаруды қауіпсіз ұстау ережелерін білуі туралы анықтама, аңшы куәлігі (аң аулау құқығына мемлекеттік баж төлегені туралы белгі қоюмен), мекенжай анықтамасы, қарудың әр бірлігін сатып алуға және сақтауға қаруды тіркеу орны бойынша 1 АЕК мемлекеттік баж салығын төлегені туралы және қарудың әр бірлігін тіркеу үшін тіркеу орны бойынша 0,10 АЕК мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртектер қажет. Құжаттардан бөлек, үйіңізде қару сақтайтын сейфтің немесе темір шкафтың болуы шарт.
Тегіс ұңғылы аңшылық қаруын сақтауға және ұстауға ішкі істер органдары берген рұқсаты бар болғанда ғана сатып ала аласыз. Азамат қару сатып алынған күннен бастап жеті күн ішінде ішкі істер органдары оны сақтауға және ұстауға бес жыл мерзіміне берген рұқсатын ала отырып, қару иесінің тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында тіркеледі. Қаруды сақтауға және ұстауға рұқсат алу үшін ішкі істер органдарына 3 х 4 см көлемінде екі фотосурет, қаруды тіркеу (қайта тіркеу үшін) және қаруды сақтауға және ұстауға рұқсат беру үшін мемлекеттік баж төлегені туралы түбіртек, қару сатып алу орнын көрсететін құжаттың көшірмесін ұсынасыз.

Әзірлеген – Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button