Қоғам

Мың орындық мектеп жаңа оқу жылында ашылады

Мың орындық мектеп жаңа оқу жылында ашылады

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Өскемен қаласының №19 ықшамауданында салынып жатқан мың орындық қазақ мектебінің құрылыс алаңында болып, мердігер компания өкілдері мен қала басшылығына бірқатар тапсырмалар берді.
2012 жылдан бері салынып жатқан бұл нысан түйткілді деген құрылыстардың бірі болып саналатын. Құрылысына бір млрд. 700 млн. теңге бөлінген білім ордасы жаңа оқу жылында қолданысқа берілуі тиіс. Ғимараттың ішкі жағындағы жұмыстар аяқталуға жақын қалса, сыртқы қасбеті мен абаттандыру жұмыстары жаңадан қолған алыныпты. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған бөліктерді уақытша жауып қою керектігін ескертті.
-Жұмыс жүйесі дұрыс емес. Ғимараттың дайын бөліктерін өзге бөліктерден ажырата тұру керек. Дайын бөлмелерге қажеті жиһаздарды кіргізіп тастаңыздар. Дәлізде сығылысып тұрған жиһаздар тоза береді, – деген облыс басшысы бұдан былай негізгі күшті қасбетті әрлеу және сыртқы абаттандыру жұмыстарына жұмылдыру керектігін ескертті.
-Межелі уақытқа 33 күн қалды. Жұмысты жүйелі ұйымдастыра білсеңіздер, айтарлық мәселе де туындамауы керек. Ең бастысы, ғимараттың солтүстік және батыс қасбетін жылдамдатып ретке келтіру керек. Одан кейін сыртқы абаттандыру жұмыстарына басымдық беріңіздер, – дей келе, облыс басшысы қажет болса жұмыс қолын көбейтуді ұсынды.
Серіктестіктің жергілікті филиалының атқарушы директоры Қайролла Ыдрысов қазіргі таңда құрылыс басында 250 адам жұмыс істеп жүргенін айтады. Облыс басшысы қыркүйек айына дейін мектепті қолданысқа беру үшін не жұмысшы санын 350-ге жеткізуді, не жұмыс уақытын соза түсуді ұсынды.
Мектептің ауласына жапсарлап футбол стадионы салынбақ. Ғимараттың маңайынан жүретін жылу және су құбырының да мұқият жобалануы қажеттігі ескертілді. Қайролла Ыдрысов мектептің орнын дайындауға көптеп шығындалғандарын, маңайдағы өзге құрылыстар сияқты жертөледен су шықпас үшін іргені бекемдеу үшін қосымша жұмыстар жүргізгендерін айтады.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаев құрылысты қаржыландыру жағынан ешқандай мәселе жоқ екенін мәлім етті. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қажет қаржы толық бөлінгендіктен, ендігі кешігу кешірілмейтінін ескертті.
-Тамыздың аяғында облыстық және респуликалық комиссиялар нысанды қабылдаудан өткізеді. Сол кезге дейін айтылған ескертулер толық орындалуы тиіс. Олай болмаған жағдайда әрбір кешіккен күн үшін еселеп айыппұл төлейтін боласыздар. Сондықтан үнемді жол іздеп, уақыт жоғалтпай, бірінші кезекте нысанды уақытында беру жағын ойлаңыздар, – деді облыс басшысы.
Облыс әкімі сөз арасында коммуналдық қызмет тарифіне қатысты облыс басшылығының ұстанып отырған бағытына түсініктеме беріп, қала басшыларынан заң аясында ғана жұмыс істеуін талап етті.
-Семей қаласында коммуналдық қызмет тарифі қызметтің өзіндік құнынан төмен екені анықталып отыр. Мұндай «шектен тыс қайырымдылықтың» ақыры бірнеше кәсіпорынды банкротқа ұшыратып отыр. Халыққа тарифтің қымбаттауы неліктен болып жатқанын түсіндіру керек. Ал тұтынған қызметінің ақысын төлемегендерді желіден ажырату қажет. Облыс орталығының маңындағы елді мекендерде мекенжай бойынша әлеуметтік көмек көрсету шараларын жетілдіруге тапсырма беріліп отыр. Жұмысқа жарамды азаматтар өзгелермен бірдей тұтынған қызметінің ақысын кешіктірмей төлеуі тиіс. Ал егер аталған азаматтар жұмыс істемесе немесе істегісі келмесе, оның себебін қала басшылығы зерделеп, себебін жоюы керек, – деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button