Тәуелсіздік - 30

«Мұзтаудың» алар асуы әлі алда

Бүгінде  қазақтың көне музыка әуендерін қазіргі заманмен үндестіріп жүрген жекелей өнерпаздар мен топтар аз емес. Олар домбыра, сыбызғы, шаңқобыз, сазсырнай, шертер, жетіген, шіңкілдек, қыл-қобыз сияқты бағзыдан келе жатқан төл аспаптарымыздың үнін елімізді қойып, дүйім әлемге жеткізіп, ұлтымыздың мәдениетін паш етіп жүр.  

Төл аспаптарымыз бен қазіргі заманғы музыканы байланыстырып, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді, фольклорды халыққа танытып жүрген этно бағыттағы топтардың жыл өткен сайын артып келе жатқаны қуантарлық жайт. Осындай жандардың өнері арқылы талғамды тыңдарман көне заманнан қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық әуендерімізді тыңдай алады. Бұл бағытта өнер көрсетіп жүрген бірегей өнер ұжымы біздің ауданымызда да бар. Ол – «Мұзтау» этно-тобы. Атап өтпеске болмас, аталмыш топ облыс аудандары ішінде этномузыка бағытында өнер көрсететін әзірге жалғыз ұжым.

Өнерпаздарды тоғыстырған – музыка мектебі

Үлкен Нарындағы бүгінде Нүрилә Жылқайдарова басшылық ететін балалар музыка мектебі өткен ғасырдың 70-шы жылдары құрылған. Өзінің елу жылдық тарихында бұл мекеме ауданымыздың көптеген таланты шәкірттерін тәрбиелеп өсірген абыройлы өнер ордасына айналды. Бұнда келетін өнерді серік еткен көптеген балалар музыканың қыр-сырына үйреніп, мол тәжірибе жинақтауда. Талантты жастарды музыкаға баулуда тәжірибелі мамандар – Гүлнұр Дүсіпова, Елдос Мұңғылбек, Шыңғыс Дауыл, Аян Салықшинов, Мақпал Мұқамжар және т.б. бырсыпыра ұстаздар еңбек етеді мұнда. Солардың арқасында музыка мектебінің шәкірттері жылдан-жылға толайым табыстарға жетіп, аудан мақтанышына айналып жүр. Айтайық дегеніміз, «Мұзтау» этно-тобының негізін де аталған мекемедегі өнерпаз жандар құрған.

– Отбасылық жағдаймен Үлкен Нарынға Өскеменнен көшіп келгенде, – дейді «Мұзтау» этно-тобының жетекшісі, балалар музыка мектебінің ұстазы Гүлнұр Дүсіпова. – Осындағы балалар музыка мектебіне жұмысқа қабылдандым. Әріптестерім мені құшақ жая қарсы алып, бірден қолдау танытты. Мен келгенімде музыка мектебінде қазіргі топ мүшелері Елдос Мұңғылбек пен Шыңғыс Дауыл да жаңадан істеп жүр екен. Елдос негізінен аудандық Мәдениет үйінің әртісі болып еңбек етеді. Негізгі жұмысымен қатар, музыка мектебінде дәсүрлі ән өнері бойынша үйірме сабақтарын жүргізеді. Сөйтіп, ұжымдастарымызбен танысып, тез тіл табысып кеттік. Ауданда өтетін ортақ мәдени-қоғамдық шараларға Мәдениет үйіндегі өнерпаздармен бірге қатыса бастадық. Осында Әділет Қожрайымовпен таныстық. Ол да кейіннен тобымыздың құрамына енді. Бірақ ол уақытта қазіргідей топ құрып, өнер көрсетеміз деген ой ешкімімізде болған жоқ. Топ құру туралы ой қазақтың аты аңызға айналған жезтаңдай әншісі Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Семейде өткен «Асыл мұра» байқауына бара жатқан кезде туды бізде. Сол жолы Елдос бауырымыз алдағы уақытта этно-топ ретінде шығып, өнер көрсетсек деген ұсынысын айтқан еді. Байқауға біз қазіргі құраммен ауданнан фольклорлық ансамбль ретінде қатысып, Роза апамыздың «Ақмаңдайлым» атты әйгілі әнін орындадық. Этно-тобымыздың құрылуы, міне, осылай басталған.

«Мұзтау» этно-тобы қазақтың ұлттық аспаптарында ойнайтын өнерпаздардан тұрады. Топ мүшелерінің әрқайсысы домбыра, жетіген, үрмелі және ұрмалы аспаптарында, сондай-ақ көмеймен ән орындайды.

Ұлттық музыкамызға жаңаша үн қосып жүрген этно-топ өнерпаздары қазақтың халық әндері мен дәстүрлі ән өнерінің жарқын өкілдерінің танымал туындыларын өз нақыштарында шырқап жүр.

– Өткен жылы «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры өкілдерінің ықпал етуімен ауданымызға елге танымал музыкант, композитор Еділ Құсайынов келіп, аудан балаларына музыкадан дәріс бере бастады. Аталған қордың тікелей демеушілігімен бірнеше ұлттық аспап Катонқарағайдағы мектептердің біріне сатылып әкелінді. Еділ Құсайыновтың ауданға келгендегі мақсаты этноәуендерімізді жаңғырту еді. Осында келе салысымен, ол аудандағы музыкадан беретін ұстаздарға бір-екі семинарын өткізді. «Мұзтау» тобының мүшесі әрі жетекшісі Гүлнұр Дүсіпова алғашында сол кісіден жетіген аспабына үйренген. Содан Еділ ағамыздан біз өзімізге деп сазсырнай, жетіген, шаңқобыз сияқты аспаптарды уақытша сұрап алдық. Ол аспаптар әлі де біздің қолымызда, бірақ қазіргі кезде этно-топ мүшелері оларды қолданып жүрген жоқ, аудандық Мәдениет үйінің қолдауымен биыл этно-топқа әдейліп барлық қажетті музыкалық аспаптар сатылып алынды, – дейді Үлкен Нарын музыка мектебінің директоры Нүрилә Жылқайдарова.

Тыңдарманын тың туындылармен тамсандырмақ

«Мұзтау» этно-тобы алғаш рет өнер ұжымы ретінде аудан сахнасында Новохайрузовкада өткен концерттердің бірінде шықты. Бұнда олар белгілі халық әні, қазақ халқының мұң-зарын толғайтын тарихи сазды «Елім-айды» этнокомпозиция түрінде орындап, аудан жұртшылығы жаңа топтың өнеріне жоғары бағасын берген болатын. Бұдан кейін жаңадан құрылған топ қазақтың халық күйшісі, ақын, әншіжыршы Тәңірберлі Молдабайдың халыққа кеңінен таралған «Молдабайдың әнін» этномузыка нұсқасына салып, сахна төріне шығарды. Қазіргі уақытта этно-топ өз репертуарына «Алаш ұраны» аталатын музыкалық композицияны қосып, алдағы уақытта аудан сахналарына шығаруға әрекет жасауда.

– Топтың атауын «Мұзтау» деп қоюымыз кездейсоқтық емес. Бұл атауды топ мүшелерімізбен ақылдаса отырып қойдық. Мұзтау – Төр Алтайдың алтын тәжі, Шығыстағы ең киелі орын. Катонқарағай десе, көпшіліктің көз алдына біздің әсем табиғатымыз – биік тауларымыз бен сарқырап аққан өзен-көлдеріміз, Мұзтауымыз елестейді. Бұл – біздің мақтанышымыз. Сондықтан ырымдап тобымызға осындай атау бердік. Болашақта біз де өнер ұжымы ретінде ауданымыздың атын шығаруға күш салып, биік белестерді бағындырсақ дейміз, – дейді этно-топ мүшесі Елдос Мұңғылбек.

Этно-топ құрамында өнер көрсетіп жүрген өнерпаздарға жақынырақ тоқталсақ, бұлардың әрқайсысы да музыкаға жолдан қосылған жандар емес. Қай-қайсысы болмасын, өнерлі отбасыдан шыққан, түрлі музыкалық білім ордаларын тәмамдап, мамандықтың қыр-сырын біркісідей игерген шығармашыл адамдар.

Мәселен, топтың жетекшісі, Тарбағатай ауданының тумасы Гүлнұр Дүсіпова кезінде Өскемендегі музыка училищесін (бүгінгі музыка колледжі) тәмамдаған. Кейіннен С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың музыка факультетінде екі жыл сырттай білім алған. Үлкен Нарындағы музыка мектебіндегі жұмысына дейін ол Өскеменде 11 жыл бойы №1 музыка мектебінде еңбек етіп келген. Қазіргі уақытта аудан балаларына домбырадан дәріс беруін жалғастыруда. Этно-топ құрылған кезде ол домбырамен қатар, жетіген аспабын да меңгеріп алды. Ол үшін өнерпаз Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда Нұргүл Жақыпбек есімді ұстаздың алдында жетіген аспабынан арнайы сабақ алады. Қазір Гүлнұр Дүсіпова Алматыдағы оқуын онлайн түрде жалғастыруда. Сондай-ақ ол қазіргі кезде сазсырнайды да жетік меңгерген. Бұл аспапта ойнауды Еділ Құсайыновтан үйренді.

Топта өнер көрсететін келесі жас өнерпаздар Елдос Мұңғылбек, Әділет Қожырайымов, Шыңғыс Дауыл – Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы музыка колледжінің түлектері. Елдос пен Әділет тіпті колледж қабырғасында бір курста оқып, бір жылда бітірген. Екеуі де аудандық Мәдениет үйінде 2019 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Бүгінде топ құрамында олар электропианино, домбыра, үрмелі және ұрмалы аспаптарда ойнайды. Елдос музыкалық аспаптардан бөлек, өз бетінше көмеймен ән айтуды да үйреніп алған. Шыңғыс болса, 2013 жылы музыка колледжін бітіріп келіп, Үлкен Нарындағы «Балбөбек» балабақшасында 8 жылдан артық музыка пәнінің мұғалімі боп істеген. Өткен жылы музыка мектебіне ауысып, осында бүгінде домбырадан сабақ береді. Шыңғыс топта домбыра, баян мен ұрмалы аспаптарда өнер көрсетеді.

Этно-топтың ең жасы үлкен мүшесі Аян Салықшинов –Марқакөл өңірінің тумасы. Ол да өнерге бала кезден құмартқан. Тіпті, балалық шағында ата-анасы құрған отбасылық ансамбль құрамында талай жыл өнер көрсетіп, марқакөлдік көрерменнің көзайымына айналған. Кейіннен ер жетіп, етек жиған соң, музыкалық білім алып, әскерден кейін қазіргі Солоновка ауылында 2002 жылы еңбек жолын музыка пәні мұғалімі боп бастаған. Бүгінде ол Қ.Дамитов атындағы орта мектепте өз пәні бойынша еңбек етеді. Музыка мектебінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Топ құрамында ол сазсырнай, бас домбыра, шаңқобыз, тұяқтас сияқты музыкалық аспаптарда ойнайды.

Топ мүшелері алдағы уақытта аудан аумағында гастрольдік сапар жасап, көрерменін жаңа туындыларымен қуантқысы келеді.

Төл музыкалық өнерімізді заманауи талғам-таным бағытында өңдеп, түпнұсқасын сақтай отырып, жеткізіп жүрген, осы арқылы ұлттық мәдени құндылықтарымызды ұлықтауға сүбелі үлесін қосып жүрген өңіріміздегі бірегей топтың шығармашылық жолына сәттілік тілейміз! Өнер ұжымының бағындырар белесі көп болсын!

Тимур Смағұлов

 Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button