Өнер

Мұзтауды музасына айналдырған суретші

Алтайдың атырабы өнердің өрнегі үшін жаратылған сын-ды. Алтай деп ән салмаған, Алтайға тамсанбаған өнер адамы кемде-кем. Бұл өлкенің сұлулығын жазушылар көркем шығармасымен көмкерсе, ақындар өрнекті өлеңге арқау етті. Ал суретшілер тамаша табиғатты қылқалам арқылы сөйлетті. Солардың бірі – алматылық суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ербол Хамиров.

Біз Шығыс Қазақстан Өнер музейінің есігінен аттап, Алтайдың төріне шығып қайттық. Өнер ошағындағы аядай залға Алтайдың атырабы мен мұнар басқан мұзды шыңдарына дейін сыйып кетіпті. Мұзды шыңына бұлт қонақтаған Мұзтау, буырқанған Бұқтырма, байырғы баба қоныс Берел, бәрі бәрі де музалар мекеніне көшіп келгендей. Бұл ғажайыпты біз белгілі пейзаж суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ербол Шалымбетұлы Хамировтың «Мұзтау» атты жеке көрмесінен көріп қайттық.

– Ербол өзгеше талантты, тамаша суретші. Атақты суретші Әбілхан Қастеевтен кейінгі тамаша туындыларды дүниеге әкелген қылқалам шебері деп ойлаймын. Бүгінгі көрмесін көріп Алтайдың атырабында жүргендей болып тұрмын. Табиғатты тірілтіп, сұлулыққа жан бітіріп қойғандай екен, шіркін! Кең дала кеңістікті, кеңдікті бір тұтам кенепке сыйғызып жіберу албаты суретшілердің қолынан келе бермейді, Соны біз Ерболдың суреттерінен көріп тұрмыз. Кезінде сурет өнерінің атасы Әбілхан Қастеев салған суреттердегі дала кеңдігін, кеңістікті көріп Жапон ғалымдары таңғалған екен. Дәл сол жетістікті бүгінгі көрмеден де көруге болатындай, – дейді суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Құдаш Нұрсадықов.

Қылқалам шеберінің «Таң», «Мөлдір бұлақ», «Алтай таулары», «Берел. Патшалар жазығы», «Мұзтау» сынды туындыларына қарап, уақыт ағымына бағынбайтын көшпенділер әлемін аңсайтынын аңғарасыз. Туған ел мен мәңгілік әлем – бұл суретшінің шығармашылығын шабыттандыратын негізгі ой қайнары. Суреттегі сырды қанша көркемдеп жазсаң да сөз құдіреті жетпейтін сияқты. Ол құбылыс тіпті суретшінің болмысында да бар екен. Сурет сал десең салайын, сөзге құлқым аздау деді. Сондықтан да суретшінің музасы, асыл жары бізге көркемдікпен кестеленген көрме авторының шығармашылығы туралы баяндап берді.

– Мен өзім буырқанған өзен мен мұзарт шыңдарға ғашық Алтайдың қызымын. Бұл өлкені өзім ғана сүйіп қоймай, жарымды да Алтайға ғашық еттім десем артық болмас. Ерболдың Алтайды сүйгені соншалық топтама салып, бүгін міне, жеке көрмесін ашып отыр. Бұны мен бала күнгі арманымның орындалғаны деп білемін. Табиғат та талантқа бас исе керек. Бірде біз келгенде Мұзтаудың мұнар басқан басы төрт сағат бойы ашық тұрды. Сол аралықта Ербол тамаша бір картина жазып шықты. Сол кезде бізге ондағы адамдар Мұзтау албаты адамдарға шыңдарын көрсете бермейді, қылқалам шеберінің жолы болды деген еді. Осындай-осындай картиналар топтамасын жинастырып, биылғы Оралхан Бөкей ағамыздың 80 жылдық тойы қарсаңында көрерменге ұсынып жатқанымыз да бекерден-бекер сәйкестік емес шығар деп ойлаймын. Өйткені Оралхан Алтайды сөзбен суреттесе, Ербол суретпен сөйлетті, – дейді Мәулен Ажыханова.

Иә, расымен де Алтайдың тамаша табиғатын қылқалам арқылы шеберлікпен өрнектепті. Көрмеге келген жұрт суреттерді қайта-қайта айналып келіп тамашалап жатты. Бұл өнердің өзіне өзгені тарта білгендігінің дәлелі болса керек-ті.

Тауды сүйген талант

Талантты суретші тауды сүйіп, өнерге биіктен қарайтыны байқалып тұр. Бәзбіреулердей көсіліп сөйлеп, көптің алдына шыға беруді де ұнатпайтынын болмысынан байқадық. Суретшінің ішкі әлемін өнер туындысынан көріп білсек, білімі мен білігі жайлы ақпаратты ұйымдастырушылардан сұрап білдік. Көрме авторының «Пейзаж лирикасы» атты жеке көрмесі Алматы «Ою» галереясынан орын алыпты. Сондай-ақ оның өнер туындылары Нью-Йорктегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің сайлауалды науқаны аясында «Ұлы Дала дауысы» экспозициясында қойылған. Ал 2020 жылдың қазан айында Ербол Хамиров «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігінің жергілікті суретшілеріне арналған Шығыс Қазақстан Өнер мұражайы ұйымдастырған «Алтайдың алтын күзі» бір күндік пленэрінің қатысушысы болып қайтыпты. Алайда бұл жолы ауқымды көрмесін көрерменге алғаш рет ұсынып отыр.

– Өскемен қаласында тұңғыш өткелі отырған «Мұзтау» көрмесіне автордың Шығыс Қазақстанның сұлу табиғаты мен Мұзтаудың алып шыңдарын және еліміздің өзге де өңірлері мен Түркияның демалыс орындарын бейнелейтін қырықтан астам туындысы қойылды. Алтай туралы О.Бөкей сөзбен өріп қайталанбас проза жазса, Ербол Хамиров аңызға толы алтын мекенді, екінің біріне толық бейнесін көрсетпейтін Мұзтаудың тәкаппар шыңдарын қылқалам мен сырлы бояу арқылы кенеп бетіне түсіріп, туы биік туындыға айналдыруда. Оның пейзаждарынан біз Табиғат-ананың бет-бейнесін, оның өзінің айналасындағыларға деген таза да адал сүйіспеншілігін көреміз. Хамиров шеберліктің барлық құпияларын біледі және жалғыз жұмыс істегенді ұнатады, ал Алтайдың таулы пейзаждары мен Үш шыңды Мұзтаудың керемет шыңдары оның өнерге деген шексіз берілгендігінің тағы бір дәлелі, – дейді Шығыс Қазақстан Өнер музейінің экспозициялық көрме бөлімінің меңгерушісі Есенбол Нахтыбайұлы.

Тауды сүйген таланттың таңдай қақтырар туындыларын тамашалаған жұрттың қатары көп болды. Өңір жұртшылығына өнерін тамашалатқан Ербол Хамиров 1959 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол Гоголь атындағы өнер училищесі мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кәсіби білім алған суретші. Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев салған пейзаждық кескіндеме дәстүрін жалғаушы талант иесі. Ал Алтайдың сұлулығын Алатаудан биік қойған қылқалам шеберінің көрмесі маусымның 21-нен 31 шілдеге дейін көпшілік назарына ұсынылмақ. Өнер әлеміндегі Мұзтаудың биігіне шығып, Алтайдың атырабын аралайын десеңіз, көрмені тамашалап қайтыңыз.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button