Мутация кезінде баланың дауысы қалай өзгереді?
Музыка – адамзаттың рухани азығы, жан серігі және тілмен айтып жеткізе алмайтын ұшқыр қиялы, нәзік сезімі. Музыка сан алуан жанрға бөлінеді. Сол жанрлардың ішінде әннің орны ерекше.
Ән – адам баласының жүрек сезімін үн, дауыс және сөз арқылы жеткізе білетін күшті құрал. «Ән миллиондардың жүрегін біріктіреді» деп Бетховен айтқандай, оның эмоциялық ықпалы өте күшті. Әнді дұрыс айту үшін алдымен оның орындалу әдіс-тәсілін, ережелерін білу қажет. Балалар ән айту үшін алдымен қалай тыныс алу керектігін үйреніп, дыбысты шығару үшін оны қалай пайдалануға болатынын меңгергені жөн. Дыбыстың негізгі қорғаушысы тыныс алу болғандықтан дыбыстың әрі күшті әрі екпінді шығуы да тыныс алуға байланысты. Ән айтып жаттығудың басты шарттарының бірі – тыныс алу ережелерін дұрыс меңгеру. Біз ән айтарда ең алдымен иықты көтермей тынысты ішке аламыз. Мысалы гүл иіскеген кейіпте тыныс аламыз. Ән айтқанда көмейден шыққан дыбыс тыныс жолдары, жұтқыншақ, ауыз қуысы, кеуде, кеңсірік сияқты дыбыс тербелістерін жасаушы (резанаторлық) дене мүшелері арқылы күшейіп естіледі. Дұрыс тыныс алу – әншілік өнердегі басты алғышарттың бірі. Дұрыс тыныс алу мен оның тиісті сөз тізбегіне шақтап пайдалану – дыбыстың да, сөздің де айқын әрі екпінді шығуының кепілі. Ән салғанда дене мүшелерін дұрыс ұстау үшн мынадай нұсқауларды ескергені абзал:
Әнші кең тыныс алатындай денесін сәл алға ұмтылдыра, тік және еркін ұстауы қажет.
Әнші басын табиғи қалыпта, еркін, күш түсірмей ұстауы қажет. Әншінің аяғы да жерді нық басып тұруы керек.
Адамның тыныс алуға қатысатын тіл, жақ, ерін, жұтқыншақ, таңдай сияқты дене мүшелерінің де атқаратын рөлі зор. Оларды реттеп тұратын ауыз ішіндегі бұлшық еттер. Ерін, таңдай арқылы дыбыстардың айқын айтылуы әнді әсерлей түседі. Ән мәтініндегі әуен негізгі дауысты дыбыстарға телеулі болады. Әншінің міндеті – сол тыныс алу үшін ішке тартқан ауаны әннің ұзақтығы мен мәнеріне сәйкес өлшеп шығару.
Енді балалардың дауысының өзгеруіне келетін болсақ, ол балалардың балиғат жасына толуына байланысты. «Мутация» латын тілінің Mutatio (өзгеру, ауысу) деген сөзінен алынған. Мутация балалар организмінің жалпы өсуіне және жыныстық толысуына байланысты олардың дауысының өзгеруі мағынасында қолданылады. Балиғатқа толу кезінде балалардың даусында күрделі өзгерістер пайда болады, яғни ер балалардың даусы ерлер даусына, ал қыз балалар даусы әйел дауысына көшеді. Бала организмі жыныстық жағынан өсіп толысуына байланысты оның даусында болатын өзгерісті, яғни мутациялық құбылысты үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең – балалардың 7-12 немесе 13 жасқа дейінгі өсу кезеңі, бұл мутацияға дейінгі кезең деп аталады. 7-8 жасқа дейінгі ер балалар мен қыз балалардың тыныс алуы мен дауысында бір-бірінен айтарлықтай өзгешелік болмайды. Ал 10 жасқа жеткенде организмдерінің баяу өсетіндігіне қарамастан дауыс бояуының, күшінің әжептәуір өзгеріп айқындала бастағандығы сезіледі. Бұрын сыңғырлаған дауыстың орнына енді қоюлау, күштірек, орнықты дауыста пайда болады. Бұл өзгерістерге байланысты баланың қырағылығы, өз бетімен тыңдау қабілеті де арта бастайды. Сонымен әлі айқын қалыптаса қоймағанымен ер балалар мен қыз балалар даусы бөлектеніп, даралана түседі. Ал 12-13 жасқа келген бала сөйлесе немесе ән салса оның даусы өз икеміне көнбей, өте қолайсыз жағдайға ұшырайды, яғни ән салғанда жоғарғы тондарды ала алмай даусы әлсірейді. Сөйлегенде қырылдап, даусы жарықшақтанып шығады. Баланың тамағы бірде құрғап, бірде сілекейі шұбырып, қайта-қайта жұтынып мазасыздана береді. Айта кететін бір жайт, ғалымдардың зерттеуіне қарағанда мутация кұбылысы қыз балаларға қарағанда ер балаларда күштірек, айқынырақ жүреді. Мутацияның бастауыш кезеңінде баланың жыныстык жағынан өсу қарқыны жеделдей түскендіктен олардын организмінде жыныстық ерекшеліктерге тән белгілер пайда бола бастайды. Міне осы организмнің қарқынды өсуі табиғи шеңберіне жеткенде тоқтап, баяулайды. Бұл екінші өтпелі кезең, яғни мутация кезеңі болып есептеледі. Бұл кезде, ән педагогикасының тілімен айтканда, баланың даусы сынып, кәдімгі ер адамның даусына ауысады.
Мутация кезеңінде бала организміндегі өзгерістерге байланысты жасөспірімдерде ұмытшақтық пайда болады. Сабақ жаттау өте қиынға түседі. Осының салдарынан кей балалар сабақты тастап кетуге дейін барады. Кейде бұл өтпелі кезенде көпшілік баланың ақыл-ой қабілетінің дами түсетіндігін, дұрыс тәрбие көрген балалардың көпшілігі үлкен бетбұрыс жасайтындығын көреміз.
Ол үшін музыка пәні мұғалімі өзінің әрбір оқушысының мінез-құлқын, қандай іске бейімі бар екенін жетік біліп, тәрбиелік мәні бар музыкалык әдістерді тиімді қолданғаны жөн. Мутация кезінде баларға ән айтқызғанда дауты қатты шығармауын қатаң қадағалау қажет. Ең бастысы мұғалім әр оқушының психологиясын жақсы білуге тиіс.
Айтұрған Сарбасова,
Күршім балалар музыка мектебінің оқытушысы