Мәдениет

Мұражай қоры көне жәдігермен толықты

Кез келген музейдің іргетасын сақтау қоры құрайды. Қор негізінде ғылыми-зерттеушілік, көрме-экспозициялық және ағартушылық жұмыстар жүргізіледі. Музейге келіп түскен әрбір затты сақтау, қалпына келтіру, зерттеу, құндылығын ашу және насихаттау – музей қызметкерлерінің негізгі міндеті.

Бүгінде музейіміздің қорында 73137 жәдігер бар. Жыл сайын бұл қор жаңа бұйымдармен толығып отырады. Әрбір жәдігердің өзіне тән ерекшелігі, аңызы және құндылығы бар. Мысалы, биылғы мамыр айында музей қорына ерекше бір жәдігер қабылданды.

Өскемен қаласының тұрғыны Алтайхан Бұхатов өзінің ата-әжесінен қалған 83 жылдық тарихы бар ағаштан жасалған төсекті өткізді. Бұл ағаш төсек Марқакөл өңірі Ертіс жағалауын мекендеген, аты ел аузында қалған Тайлақ руынан шыққан Сегізбай бидің немересі Қожықанұлы Бұхат төре мен бәйбішесі Мағзиқызы Кәлмашқа тиесілі екен. Алтайхан Малдағанұлы – Бұхат төре мен Мағзиқызы Кәлмаштың немересі.

Ағаш төсек атасы мен әжесінен қалған мұра болғандықтан, оны осы уақытқа дейін көненің көзіндей сақтап келген. Әжесінің айтуынша, ағаш төсек 1940 жылдары жасалған. Шебердің қолынан шыққан дүние екені анық байқалып тұр.

Төсек қақ ағаштың түзу тақтайларынан құрастырылған. Ағаштың беткі жағы ғана ою-өрнектермен көркемделген. Бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі бастың арасын төсек беті біріктірген. Екі жақ беттері өзара білеу шабақтар арқылы қосылып, аяқтары жеке жасалып тік орналастырылған (төрт аяқты). Ешбір темір шеге қағылмай қиюластырылып, жиып алуға, жайып қоюға ыңғайлы етіп жасалған. Ағаш төсектің биіктігі – 98 см, ені – 85 см, ал ұзындығы – 188 см. Қара бояумен боялған. Ағаштың кейбір бөліктерінде бояудың сырлары өшкен. Төсек ағаштың беткі жағы күрең сарғылт бояумен боялып, үстінен ұзынынан жиектеп созылған гүлді оюлар бейнеленген. Гүлдің жапырақтарын қара түспен, ал гүлдерін ақ және сарғылт түспен бояған. Төсектің алдыңғы қасбетіндегі тақтайдың айналасын қоршай орналасқан жіңішке тақтайлар да қара бояумен боялып, ішіне сары және ақ өсімдік тектес оюларды кезекпен бейнелеп шыққан. Бейнеленген оюлар – ұлттық өнерімізге ертеден сіңіп, кең тараған өрнектің бір түрі. Өрнектің негізін гүл, жапырақ, сабақ құрайды. Гүл-жапырақ оюлары түрлі заттарға сәнімен қалыптасып, ұйқасымын табады және қолданылатын затқа сәндік, көркемдік қасиет береді. Ағаш төсек өз түпнұсқасында сақталған. Бояуларының біраз жерінде сырлары кеткен. Төсектің бас бөлігінде ағаштың сынығы да кездеседі. Өкінішке қарай, қандай шебер жасағаны белгісіз.

Алтайхан Малдағанұлы Зайсан ауданы, Көгедай ауылында туып, сол ауылда үйленіп, өсіп-өнген. Жолдасы екеуі де Көгедай ауылында мұғалім болған. Қазіргі уақытта зейнеткер. 2009 жылдан Өскеменде тұрады.

Қазақ қолөнерінің даму жолы, өзіне тән тарихы бар. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының дәстүрлі қолөнері өз дамуында айтарлықтай жоғары деңгейге көтерілді. Бабаларымыздың табиғатпен үндесе оты­­рып, шеберлікпен жасаған баға жетпес асыл дүниелері музей қорында сақтаулы. Осындай құнды мұраларымызды келер ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.

Перизат Шораева,

облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының этнологы

Осы айдарда

Back to top button