Білім

Мультстудия балаға көп мүмкіндік береді

Мейрамтай Иманғали

Әрине, кітап оқыған өте пайдалы. Әсіресе ертегі әлемі балаларды ерекше елітіп әкететіні сөзсіз. Бірақ сол өзің оқыған ертегінің желісі бойынша мультфильм түсірсең, тіпті ғажап емес пе? Мультфильм түсірудің кереметін Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық орталық кітапхананың балалар бөлімі жанынан ашылған мультстудия үйірмесіне баратын бүлдіршіндер жақсы біледі.

– Мультстудия үйірмесінің ашылғанына екінші жыл болды. Бірақ балалардың қызығушылығы, ынтасы керемет! Бәрін білгісі, бәрін өздері жасағысы келеді. Жалпы, мультстудияның балаға берері көп. Бұл үйірменің баланың шығармашылық қабілетін шыңдаудағы орны ерекше. Ең алдымен, мультипликациялық студия үйірмесіне қатысатын бала әдебиетке жақын болады. Содан кейін актерлік, режиссерлік қабілеті де ашыла түседі. Компьютерлік графика, роботты техника негіздерін үйренеді, – дейді кітапхана қызметкері Гүлмира Белібаева.

Айтуынша, балалар қандай да бір мультфильм түсіру үшін алдымен кітап таңдап, соны оқып, талқылайтын көрінеді. Әр кейіпкердің образы, жақсы және жаман қасиеттері  туралы ойларын балалар ортаға салады. Одан кейін сол кейіпкерлердің суретін қағазға салып, оны қиып алады. Осыдан кейін-ақ заманауи компьютердің көмегімен мульфильм жасаудың қызығы мен шыжығы басталады да кетеді. Мультфильмді дыбыстаудың  өзі де үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ол үшін балаға актерлік қабілет өте қажет.

– Өткен жылы біз осы мультистудия үйірмесінде облыстық мамандандырылған IT – мектеп-лицейінің 2-сынып оқушысы Ерке Еркінованың «Терек мамығы» атты ертегісінің желісі бойынша мультфильм түсірдік. Кейін осы атпен Еркенің тұңғыш кітабының да тұсауы кесілді.

 «Терек мамығы» баланың өзінің өмірде көрген, куә болған оқиғасы бойынша жазылған. Мамыр айы болса керек. Есіктің алдына шыққан Ерке балалардың ақ мамықты өртеп жүргенін көреді. Осы бір көрініс балаға үлкен ой салады. Ойыннан от та шығуы мүмкін ғой.  Кейін  осы оқиға желісі бойынша ол  ертегі жазады. Тек ол ертегісінде балаларды емес, жануарларды кейіпкер ретінде алды. Жалпы, Еркенің қадамы жаман емес. Болашақта ол үлкен дүниелер жазып, оны фильмге айналдырғысы келеді, – дейді Гүлмира Белібаева.

Айтуынша, мультстудия үйірмесіне балалар аптасына небары бір-ақ рет жиналса да, өте қызықты өтеді екен. Мұнда келген бүлдіршіндер өздерін кәнігі режиссерлер секілді сезінеді. Бұл үйірме балалардың шығармашылығын шыңдап, таным көкжиегін кеңейтеді.

Кітапхананың балалар бөлімінде сондай-ақ «Изюминка» атты шебер қолдар үйірмесі де жұмыс істейді. Мұнда балалар қағаз, моншақ секілді материалдардан түрлі бұйым жасауды үйренеді.

– Бір байқағаным, қазіргі заманның балалары кітап оқығаннан көрі технологиямен жұмыс істегенді жақсы көреді. Мультстудия баланы кітапқа қызықтырудың тек бір құралы ғана.  Жалпы, балалармен жұмыс істеген өзіме  қатты  ұнайды. Олар ойларын ірікпей, ашық айтады. Кейде баламен жұмыс істеймін деп өзім де бала болып кетемін, – дейді Гүлмира Белібаева.

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button