Мәдениет

«Үміттің» бишілері биіктен көрінді

Облыс орталығындағы «Үміт» балалар үйінің бишілері Түркиядан олжалы оралды. Фэтхие қаласында өткен «5-ші алтын күн» атты балалар шығармашылығына арналған халықаралық халық билерінің фестивалінде өнерлерімен көзге түсіп, топ жарған ұландар «Халық таңдаулысы» номинациясына ие болыпты.

«Үміттің» бишілері биіктен көрінді«Үлгілі Аққу-Үміт» хореографиялық би ансамблінің жетекшісі Нұргүл Марубекованың айтуынша, аталған би фестиваліне жиырмадан астам мемлекеттен үміткерлер қатысыпты. Іріктеу турынан тек он елдің бишілері ғана өткен. Солардың бірі – «Үлгілі Аққу- Үміт» хореографиялық би ансамблі. Көрермен қауым шығысқазақстандық өнерпаздардың «Қыз қуу» және «Шернияз» күйлеріне қойылған билерін өте жылы қабылдаған көрінеді.

– Біздің бишілер сахнаға шыққан кезде залдағы көрермендер дүр сілкініп, «Қазақстан, Қазақстан» деп айқайлап, үлкен қолдау көрсетті. Түрік ағайындардың жылы ықыласы бишілерімізге қанат бітіргендай болып, мерейімізді тасытты, – дейді Нұргүл Омарханқызы. – Ал гала-концертте «Қара жорғаны» биледік. «Қара жорға» Түркияда өте танымал билердің бірі көрінеді. Жұрттың бәрі бізбен бірге «Қара жорғаны» билеп кетті.

Бір атап айтарлығы, «Үлгілі Аққу-Үміт» хореографиялық би ансамблі бұл фестивальға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тікелей қамқорлығы арқасында осымен екінші жыл қатарынан қатысып отырған көрінеді. Биыл жалпы балл бойынша төртінші орынға ие болса, өткен жылы екінші орын алыпты.

– Бишілердің балалар үйінің тәрбиеленушілері екенін естігенде алғашында ұйымдастырушылар сенбеді. Тек құжаттарымызды көргенде ғана сөзімізге иланғандай болды. Қазақстанның балалар үйінің тәрбиеленушілеріне өнермен айналысуға осындай керемет жағдай жасап отырғанына қатты ризашылығын білдірді, – дейді «Үлгілі Аққу-Үміт» хореографиялық би ансамблінің жетекшісі Нұргүл Марубекова.

Бишілеріміздің костюмдері де талай жанның көзін тойдырып, көңіліне көрік сыйлапты. «Үлгілі Аққу-Үміт» хореографиялық би ансамблінің жас бишілерінің облыс басшысына айтар алғысы шексіз. Өткен жылы облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ ұйтқы болуының арқасында өңір бизнесмендері «Үміттің» бишілеріне су жаңа киімдер тіктіріп берген көрінеді.

Өнерлі ұландар Түркияның жетпіс мыңға таяу ғана тұрғыны бар Фетхие қаласының өздеріне қатты ұнағанын айтады. Өлі теңізге суға түсіп, шомылып, қаланың мәдени ошақтарын аралап та үлгеріпті. Грузия, Индонезия, Қырғызстан, Қытай секілді тағы басқа елдерден келген жас бишілермен де танысып, достасыпты.

Балғын бишілердің қуаныштан бал-бұл жанған жүздеріне қарап тұрып, біздің есімізге «Өнерліге – өріс кең» деген халықтың дана сөзі оралды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button