Білім

Үмітті ақтаған үздік түлектер марапатталды

Үмітті ақтаған үздік түлектер марапатталды

Өмірден өз еншілерін алуға құштар тағы бір лек үлкен өмірге қадам басты. Тағы бір буын алтын ұясымен қимай қоштасып, қоғамнан өз орнын іздеуге аттанды. Кеше «Белес-2016» түлектер салтанатына жиналған қауымды аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ құттықтап, сәт сапар тіледі.

Үмітті ақтаған үздік түлектер марапатталды

Өскемендегі Республика алаңы күн ұясына қисайған шақта жастық салтанатына малынып тұрды. Өйткені, «Белес-2016» деген атпен мектеп бітіруші түлектердің салтанатты кеші шымылдығын түрді бұл кеште. Құдды бір ақсүйектер балына келген ханзадалар мен ханшайымдардай жасанған түлектерге қарап ата-аналары мен ұстаздарының көзі тойды.

Үмітті ақтаған үздік түлектер марапатталды

Осынау айтулы сәтпен алаңға жиналған жұртты құттықтаған облыс басшысы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында түлек атанып отырған жас буынға үлкен сенім артылатынын атады.

– Сіздер Тәуелсіз Қазақстан деген дербес мемлекетте дүниеге келіп, ел дамуымен бірге білім алу бақыты бұйырған ұрпақсыздар. Бұл сіздерге зор міндеттер жүктейді. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мемлекет бәсекеге қабілетті болуы үшін, бүкіл ұлт бәсекеге қабілетті болу керектігін үнемі айтып келеді. Сондықтан сапалы білім алып, оның еліміздің өркендеу жолына арнау қажет. Дәл сіздердің буынға еліміздің жетістіктерін бекемдеп, байлығын еселеу міндеті табысталмақ. Осындағы түлектің әрқайсысы өз Отанына қай салада жүріп пайда әкелетінін шешіп қойды деп үміттенемін. Биыл сіздер ҰБТ қорытындысы бойынша орта есеппен 82 балдық нәтиже көрсеттіңіздер. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда жоғары екені қуантады. Ардақты ұстаздардан алған сапалы білім мен саналы тәрбие арқасында ел сенімін ақтап, қасиетті Отанымыздың нағыз патриоттары болатындарыңызға сенемін, – деді аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.

Үмітті ақтаған үздік түлектер марапатталды

Биылғы оқу жылында облыс бойынша сегіз мыңнан астам түлек орта мектепті тәмамдады. Соның 1729-ын облыс орталығының білім ошақтары аяқтандырған. Сегіз мың түлектің арасынан 221 оқушы терең білімімен қара үзіп, «Алтын белгі» иегері атанса, 102 оқушы үздік аттестатқа лайық екенін дәлелдеп берді. ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 1379-ы 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен.

«Алтын белгі» иегері атанған және халықаралық олимпиадалардан жүлделі орын алған 46 үздік түлек облыс әкімінің қолынан тиесілі аттестаттары мен алғыс хаттар алу құрметіне ие болды. Қалған 54 үздік оқушы облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюк пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұқтархановтың қолынан білім куәліктері мен марапаттарын алды.

Сондай бақытты түлектің бірі – Аружан Алтынбекова бүгін иығынан үлкен жүк түскенін, енді Астанадағы Назарбаев университетінде жоғары білім алуды көздейтінін айтады.

«Біздің сапалы білім алуымызға ден қойған Ұлт Көшбасшысына алғысымыз шексіз. Шығыстың мақтанышына айналған тарихи тұлғалар мен белгілі жерлестеріміздің абыройлы жолын біз жалғастырамыз. Өндірісі өркендеген өңірімізді әрқашан мақтан тұтамыз. Бізге сапалы біліммен қоса өмірлік достар сыйлағаны үшін мектебімізге рахмет. Ұстаздар біз үшін жол нұсқаушы жұлдыздай биік тұлға болып қала бермек. Аяулы сыныптастар, бірге өткізген жарқын сәттерге толы жылдар үшін сендерге де рахмет!..» Бұл – сахнаға шығып сөз алған үздік те үлгілі түлектердің жүрекжарды лебіздері. Шара соңында марапатқа ие болған түлектер облыс басшысымен естелік суретке түсіп, мектеп киімімен соңғы рет вальс биледі. Ал мерекелік шара облыс өнерпаздарының концертіне ұласты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button