Мұсылманбектің әні әуезді, күйі керімсал

Әнші, сазгер Мұсылманбек Ысқақов – өңірге кеңінен танымал ғажайып дарын иесі. Халық әндері мен композиторлардың сазды әндерін тамылжыта айтқанда, сүйсінбейтін тыңдарман кемде-кем. Орындаушылық шеберлігі, қоңыр әуезді үні адамды еріксіз баурап алады.
Аудандық Мәдениет үйінде Мұсылманбек Ысқақовтың алпыс жасқа толуына орай «Өнерім – өмірім» атты шығармашылық кеші өтті. Сонымен қатар зайыбы, әнші Ділнұр Тоқтарқанның қырық жасқа толу мерейтойы бірге тойланды.
Мұсылманбек Әліпұлы Ақсуат өңіріндегі Ерназар ауылында дүниеге келіп, Семейдің Абай атындағы мәдени-ағарту училищесін бітірген.
Ақсуат ауданында мәдени іс-шара ұйымдастырушысы бола жүріп, Үржар аудандық Мәдениет үйіне ауысады. Алғашында автоклуб меңгерушісі ретінде жұмысқа қабылданса, артынан Науалы ауылдық клубының меңгерушісі болады. Содан бері осы елді мекеннің мәдениетін өрге сүйреп келеді. 1985 жылы Науалы мәдениет үйіне келгеннен бері өз өнерімен, ұйымдастыру қабілетімен назарға ілінді.
Мұсылманбек «Тарбағатай толқындары» фольклорлық ансамблін, «Ақ гүлім» вокалды-аспаптық ансамблін және «Ардагерлер» ансамблін ұйымдастырды. Драмалық театр құрып, ол 1991 жылы «Халық театры» атағына ие болды. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай халықаралық деңгейде өткізілген іс-шарада өнер көрсетіп, халық қошеметіне ие болды. Ауданда және облыста өткізілген Әсет Найманбайұлы атындағы байқаулардың қаншама рет лауреаты атанды.
Ол – еліміздің мәдениет қайраткері. Екі рет Елбасының Семейге келген сапарына байланысты арнайы шақырылып, өнер көрсетті. Қытай елінде бірнеше рет гастрольдік сапармен болды.
Жыл сайын облыстық «Туған ел – алтын бесігім» акциясы аясында өтетін концертте өнер көрсетіп, аудан әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының грамотасымен бірнеше мәрте марапатталды.
Осы жылдар ішінде өнерімен танылып жүрген көптеген шәкірт тәрбиеледі, олардың қатарында Х. Чапиев, Қ. Ықыласов, Қ. Сатмұхамбетов, А. Балғабаева, Қ. Жақыпова, А. Тұрсымбаева, Г. Абылханова, Е. Омарахунов, Д. Шаяхметов, И. Азизов, Ш. Мұхаметқалиева, Н. Солтабаева, Қ. Алшынов, Ғ. Ахметов, Қ. Сейфуллина, П. Андриянов, Б. Ожаев, тағы басқалар бар.
Мұсылманбек Әліпұлы сазгерлік өнерімен де ел-жұртқа белгілі. Ол – «Науалым», «Әке туралы ой», «Үкілі Үржарайым», «Ұлы жеңіске арнау», «Саржайлауым, сары қымыз», «Мәңгілік ел», «Ақсуатым», тағы басқа ән-күйлердің авторы. Дәстүрлі «Асыл мұра» өнер байқауының жеңімпазы. Еңбегі үшін 2011 жылы Мәдениет қайраткері атанды.
Зал толы көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болған шығармашылық кеш тартымды өтті.Кешке ауданның зиялы қауымы, ақын-жазушылары, Науалы мектептерінің ұжымдары, алыстан келген қонақтар қатысты. Кеш аудандық «Көңіл толқыны» халық аспаптар оркестрінің орындауындағы әнші-композитор Гүлнар Дәукенованың «Жаса, Қазақстан!» күйімен басталды. Аудан әкімі аппаратының жетекшісі Найманғазы Қараталов шығармашылық иесін құттықтап, иығына шапан жапты. Одан әрі Мұсекеңнің ән-күйлері жалғасып кете барды. Кеште «Наз» би тобы, «Ақберлі» ардагерлер ансамблі өнер көрсетті.
Бейсенғазы Ұлықбек