Мәдениет

Мұсылманбек шырқаған әнге мұқым жұрт сүйсінеді

Мұсылманбек шырқаған әнге мұқым жұрт сүйсінеді


Мұсаның (Мұсылманбек) қоңырлау келген жанға жағымды дауысымен салған әні, домбырадан күмбірлетіп төгілткен күйі тыңдағанның жүрек қылын тербетіп, айызын қандыратыны ақиқат. Өнерін тамашалай отырып, шынайы дарын иесі екенін аңғарасың. Халқымыздың рухының мықты болуы осындай дарынды, атпал азаматтарға да байланысты-ау деген ойға келесің.

Мұсылманбек Әліпұлы Үржар өңіріндегі қызметін 1985 жылы аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып бастаған еді. Оған дейін Ақсуат ауданында жұмыс істепті. Ленин атындағы колхозда (қазіргі Науалы ауылы) клуб меңгерушісі қызметіне тағайындалған ол енді ғана ашылған мәдениет үйіне небір саз аспаптарын алғызып, ұлттық костюмдер тіккізуге көп күш жұмсайды. Сол жылдары ауылда фольклорлық және эстрадалық ансамбльдер ұйымдастырылып, ол ұжымдар аудандық көркемөнерпаздар байқауында үнемі алдыңғы орындарды иеленіп жүретін.

Мұсылманбек мұнымен шектелмей «Ақ гүлім» эстрадалық ансамблін ұйымдастырып, оны жоғары деңгейге көтеріп, талай жыл елдің құрметіне ие болды. Осы жылдары оның жетекшілік етуімен театр көркемөнерпаздары М.Әуезовтің «Қарагөз», С.Балғабаевтың «Қысылғаннан қыз болдық», «Қыз жиырмаға толғанда» спектакльдерін қойды. Олардың бұл еңбектері ұжымның «Халық театры» атағын жеңіп алуына даңғыл жол ашқан. Мұсылманбектің арада көп уақыт өтпей ауданда алғашқылардың бірі болып, жанұялық ансамбль ұйымдастырғанын да ел ұмытқан жоқ. Отбасылық өнер ұжымы облыстық байқауға қатысып, екінші орынды жеңіп алған да болатын.

Семей қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің түлегі М.Ысқақов талай байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды. Мәселен, 1995 жылдың тамызында Қарауылда өткен ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас хатшысы Ф.Майордың алдында өнер көрсетіп, оған қазақ елінен тәбәрік ретінде өзінің сыршыл домбырасын сыйға тартқаны бар. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ әр жылдары Семейге, Шүлбіге және Алакөлге келгенінде Елбасы алдында қазақтың қасиетті қара домбырасымен өнер көрсету құрметіне талай мәрте ие болған айтулы өнерпаз да осы Мұсылманбек еді.

Өнер дегенде ішкен асын жерге қоятын азамат 2000-2007 жылдары Әсет Найманбайұлы әндерін орындаушылардың «Ән салсаң, Әсеттей сал» атты облыстық байқауларының тұрақты қатысушысы, қатысушысы ғана емес, бірнеше мәрте жүлдегері де. Сондай-ақ, ол «Тарбағатай толқындары» атты фольклорлық ансамбльдің жетекшісі бола жүріп, талай талапты шәкірттерді сахна сырына баулыды. Бұдан бұрын көршілес ҚХР-на өнер сапарымен барғанда да ол жақтың ел-жұртын халық әндерін орындау шеберлігімен таңғалдырып, үлкен қошеметке ие болып қайтқан болатын.

Мұсылманбек қазір де Науалы ауылдық клубының меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Еселеп атқарған еңбегі ескерусіз емес. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағына ие. Үржарлықтар М.Ысқақов қатысатын концерттерді іздеп барып, тамашалап жүреді.

Бейсаенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button