Мүсіндері полигон зардабының зарын құлаққа жеткізеді

Елімізге танымал семейлік қолөнер иесі Құрман Абайұлы Аймұханбетов Қытай елінде, Шәуешек қаласында дүниеге келген, кейінірек атамекенге оралған қандастарымыздың бірі. Сондықтан болар, оның атамекенге деген ыстық сезімі, махаббаты әрбір туындыларынан байқалып тұрады. Ұзақ жылдардан бері Семей полигонына қатысты тақырыптарға мүсін жасап келе жатқандықтан, халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов Парижден арнайы Құрмет грамотасын жіберіпті. Ол осы ұйымның Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына арналған медалімен де марапатталған. Бүгінде Құрман Абайұлы қаладағы ең үздік оқу орнының бірі – Бизнес және сервис колледжінде табысты еңбек етіп жүр.
-Менің қолөнермен де айналысатынымды білетін директорымыз Альмира Балтабекқызы Хожанова үнемі қолдау, көмек көрсетіп отырады,-дейді Құрман аға ағынан жарылып,- колледжде менің авторлық көрмем тұрақты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, еңбегі сәтті шәкірттерімнің туындылары да менің көрмеме қойылған. Өзімді үнемі Абай атындағы кітапхана, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу мұражайы сияқты үлкен өнер ордалары шақырып, жасаған мүсіндерімді шетелден келген көрермендердің де назарына ұсынып жатады.
Он саусағынан өнер тамған, ағаштан түйін түйетін шебер жайында қарындасы Манат Советханқызы да жылы пікір білдірді. Ол кісінің айтуынша, ағасының шығармашылық жұмысқа ден қоюы сонау бала кезінен басталған. Отбасында да, туған-туыстары да Құрманның өнерін жоғары бағалайды екен.
Бұл күндері өзінің бірегей талант иесі ретінде даңқымен республика көлеміне танылып отырған Құрман Абайұлын білмейтін жан кемде-кем. Жақында Астанада Қазақстан Республиксы Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасында Семей ядролық сынақ полигонының құнды құжаттарына орай көрме ұйымдастырылған еді. Көрмеге мүсінші бас-аяғы он бес дүние апарыпты. Оның жасаған дүниелерін тамашалаған қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, Ұлттық мұражай директоры Дархан Мыңбай жоғары баға берген. Құрман Абайұлы жасаған дүниелер көрмеде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Семей полигонын жабу, Курчатовтағы Ұлттық Ядролық Орталығын ашу сияқты көптеген құнды құжаттарымен қатар тұрыпты. Көрмеде бас шайқаған, тамсанған жан көп болды, дейді Манат Советханқызы.
Сол туындыларының біразынан мысалдар келтіре кетелік. 2011 жылы жасалған «Өлім себуші саңырауқұлақтың жануарға әсері», «Жарылыс азабы», «Отқа оранған үшеу», «Қара да, шошы» сияқты көптеген ғажайып мүсіндер. Бірақ та, бір мақалада Құрман аға жасаған дүниелерді толық айтып жеткізу мүмкін емес.
-Менің көрмеге қойған жұмыстарымнан шарасыздықты ғана көрмеңіздер. Бұл болашақта адамдар осындай сұмдықты енді қайталамасын деген тұспал. Әрбір экспонат жан түршіктіреді. Ойға батырады. Бұл арамызда өмір сүріп жатқан жандардың прототипі. Шындығында олар өмір сүріп емес, тауқымет шегіп жатыр. Біреулердің қателігінің азабын тартып жатыр,-дейді Құрман аға,–мына бір мүсінімде полигонның зардабы тимесе, сұлу қыздардың арманына айналған жігіт болар ма едім, деген бозбаланың ойын жеткізуге тырыстым.
Әрбір мүсіннің өзіндік мәні мен мағынасы бар. Бейнелер ойдан шығарылмайды. Бірін кітап беттерінен тапсам, екіншісі – менің көзімнің куәсі. Әуелі жазушылар секілді кез келген туындының нобайы жасалады. Оған сәйкес ағашты жонуға кірісемін. Бүгінде Семей полигонының зардабына байланысты 30 мүсін жасалды. Әлі де екі көлік ағаш бұтақтары мен шөркелер кезегін күтіп жатыр. Өз басым жаяу жүріп, көшелерді аралағанды жақсы көремін. Тұрғын үй салуға кіріскендер, кейбір шөркелерді керексіз деп ауланың сыртына шығарып тастайды. Оларды қарап, бір бейнеге ұқсатсам, үйіме әкелемін. Қадала қарасаң, бірінің құлағы, не көзі, немесе кеудесі шығып тұрады. Оның негізінде жаңа мүсін пайда болады. Немесе, табиғат аясында қаншама мүсінге материал болуға жарайтын ағаштар жатады. Оны дәл танып, өзі сұранып тұрған бейнеге түсіре алсаң, нағыз өнер туындысына айналады.
Раушан Нұғманбекова
Семей.