Мәдениет

Мұражайдағы жәдігерлерге орын жетпей жатыр

Мұражайдағы жәдігерлерге орын жетпей жатыр

Катонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылындағы тарихи-өлкетану мұражайының ашылғанына бір жылдай уақыт болып қалыпты. Бастапқыда бар-жоғы 35 экспонат қана болған мұражайдың осы уақыт ішінде айтарлықтай байи түскені байқалады. Қазір ауданның тарихынан сыр шертетін мұндағы жәдігерлердің саны мыңнан асып жығылады.
Жалпы, ауданда мұндай мәдени маңызға ие орталықтың жоқтығы сезіліп-ақ тұратын, дейді мамандар. Осыны ескере келе, былтыр «Жол картасы» бағдарламасы аясында 14 млн. теңгеден астам қаражат бөлініп, бұл ақша аудан орталығындағы ғимараттың бірін мұражай етіп өзгертуге бағытталыпты.
Мұражайдың директоры Оралғазы Қажаевтың айтуынша, алғашында мұнда айтарлықтай тарихи құндылығы жоқ үтік, шәугім, ыдыс-аяқ сияқты үй тұрмысында қолданылған заттар ғана болыпты.
– Аудандық газетке құнды жәдігерлерді мұражайға тапсыру туралы хабарландыру беріп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде тұрғындар біздің өтінішімізге құлақ асып, қолда бар тарихи жәдігерлерді мұражайға әкеліп тапсыра бастады, – дейді О.Қажаев.
Мұражай қызметкерлері жұртшылықтан мұндай белсенділікті күтпесе керек, небәрі бір-ақ жылдың ішінде ғимараттың іші жәдігерлерге лық толыпты.
– Қазір біздегі басты мәселе де осы мұражайдағы орынның тарлығы болып тұр. Жәдігерлер арнаулы сөрелерде емес, қоймаларда шаң басып жатыр, – дейді мұражайдың қараушысы Надежда Авдиковская. – Жалпы, мұражайымызда құнды жәдігерлер жетерлік. Біз үшін әсіресе, бұрынғы Чернова (қазіргі Аққайнар) округіндегі Шабанбай жайлауының және де бұрынғы Беловский (қазіргі Ақсу) ауылдық округінің аумақтары кескінделген карталардың орны ерекше. Бұл екі карта да 1915 жылы Ресейдің Томск губерниясында басылып шыққан. Олардың топографиялық орындалуы өте сапалы, – дейді ол.
Мұражай сөрелерінде сонымен қатар, тарихшыларды қызықтыратын ескі газет басылымдары, Көне келісім (Ветхий Завет), Інжіл мен Құранның бұрыннан сақталған даналары, тіпті, Владимир Лениннің атына берілген, өзінің қолы қойылған шекарадан өту рұқсаттамасы да бар екен.

Мұражайға келген адамның назарын өзіне аударатын ерекше жәдігер деп көрме залының төрінде хан тағында жайғасқан Берел қорғандарынан табылған сақ патшасының мүсінін айтуға болады.

– Біздің өтінішіміз бойынша профессор Зейнолла Самашев сақ мемлекеті билеушісінің бірнеше жобасын ұсынды. Солардың ішінде Алматы облысындағы Алтын адамды қалпына келтірген Қырым Алтынбековтың нұсқасына тоқталдық. Оның эскиздері бойынша сақ патшасының мүсіні жасалып, мұражайымыздың төрінен орын тапты. Патша мүсінінің маңайында әбзелдері ерекше көркемделген жылқы мүсіндері, әскери қару-жарақтары, байрағы мен үй жиһаздары да бар, – дейді мұражай директоры О.Қажаев.

Расымен де, көлемі шағын болғанымен, мұражайда біраз дүниеге орын табылыпты. Мұнда Катонқарағай өңірінен екінші дүниежүзілік соғыс майдандарына аттанған жауынгерлердің тізімдері, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Әлібек Асқаров сияқты жергілікті ақын-жазушылардың еңбектері, бұрынғы заманның тұрмыстық бұйымдары мен қару-жарақтары, тіптен, ауданда мекен ететін жан-жануарлар мен құстардың тұлыптары сияқты көптеген құнды дүниелер бар.
Ал мұражайдың сыртындағы алаңқайда болашақ этноауылдың орны белгіленіп қойылыпты. Қазір мұнда бірнеше ұлттың үйлері менмұндалап тұр. Келешекте бұл жерде ауданда тұратын әр ұлыстың дәстүріне сай өз үйі пайда болмақ.
– Жаз айларында ауданымызға Ресейдің Санкт-Петербор, Барнаул және басқа да қалаларынан көне заттарды сатып алушылар арнайы келіп, тарихи жәдігерлерімізді әкетіп жатады. Осыған жол бермеу үшін ауылдарға барып, жұртшылықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз, – дейді мұражай директоры.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button