Мәдениет

Мұражай түнінде суретшілер «айтысқа» шықты

Мұражай түнінде суретшілер «айтысқа» шықтыХалықаралық мұражайлар күні қарсаңында Шығыс Қазақстан өнер мұражайы «Мұражайдағы жұпаргүлді түн» атты көңілді демалыс кешін өткізді. Мұражай қызметкерлері жылдағыдан ерекшелеу өткізген биылғы кешке мамыр айындағы тамаша оқиғалардың бірі – жұпаргүлдің гүлдеуін таңдап, суретшілер «айтысын» ұйымдастырды.

Бұл кеште суретші Виктор Ляпуновтың тек жұпаргүл тақырыбына арналған көркемсуреттік жұмыстарының жаңа көрмесі ашылды. Мұражайда өткізілген шағын көрме-сатылымға қойылған Ирина Шальневаның өз қолымен жасаған бижутериялық әдемі әшекейлері мен Ольга Полторанинаның көздің жауын алардай тоқыма бұйымдары көрермендердің қызығушылығын туғызып, келушілердің біразы оларды сатып алып жатты. Мұражай залдарының бірінде келушілер кәсіби суретшілер Виктор Сачков пен Светлана Лыковаға өздерінің портреттерін, әзіл суреттерін сол жерде қолма-қол салдырып жатты.

Әрине, кеш бағдарламасының ең қызықты сәті «Жұпаргүл сағаты» деп аталған АРТ-айтыс, яғни, суретшілердің «айтысы» болды. Бір сағат аралығында Н.Аштема, В.Ляпунов сынды танымал суретшілер мен олардың шәкірттері көрермендердің көз алдында жұпаргүл шоғына қарап отырып, оның суретін салды. Акварель, пастель, қарындаш сияқты сурет салу техникасын суретшілердің өздері таңдады. Мұражай маманы Л.Мартынованың жұмыстардың колористикасы мен басқа да нәзік жақтары туралы білікті түсініктемесі көрермендерге көп мәлімет беріп, айтысқа қатысушылардың жұмыстарын бағалауға елеулі көмек болды.

АРТ-айтыстың финалы аукционға ұласты. Сонымен, аукцион арқылы саудаға түскен тоғыз жұмыстың ішіндегі ең қымбатқа – 10 мың теңгеге өткен «Жұпаргүлді әйел» деген әдемі еңбектің авторы – суретші Виктор Ляпунов айтыстың жеңімпазы болып танылып, арнайы дипломмен марапатталды. Өңірімізде алғаш рет өткізіліп отырған бұл қызғылықты шараға қатысушылардың барлығы да өнер мұражайы әкімшілігінің грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.

Айтмұхамбет Қасымов

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button