Мәдениет

Мұражай өлмес жәдігерлермен толықты

Облыстық өнер мұражайында қазақтың ұлттық саз аспаптарын жасаушы шебер, Қазақстан Республикасы сәндік-қолданбалы өнерінің алғашқы профессоры Жолаушы Тұрдығұловтың жасаған музыка аспаптары мен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан мен КСРО-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Үкі Әжиевтің «Байқоңыр даласында» атты картинасының тұсаукесері өтті.

Мұражай өлмес жәдігерлермен толықтыТұсаукесерге жиналған қауымға Ү.Әжиевтің «Байқоңыр даласында» картинасы мен Ж.Тұрдығұлов жасаған ұлттық саз аспаптары слайд арқылы көрсетіліп, картина мен саз аспаптарының ерекшелігі таныстырылды.

Әсіресе, халқымыздың ұлттық болмысын, кешегі маң басқан түйелер мекені – Байқоңыр даласының бүгінгі өркениет дәуіріндегі келбетін салыстыра өрнектеген «Байқоңыр даласының» бояу қанықтылығы мен идеялық танымы көрерменге көп ой салғаны байқалды.

Сондай-ақ, Ж.Тұрдығұловтың қолынан шыққан қобыздан дауылпазға дейінгі ондаған музыка аспабының жасалу ерекшелігі әр аспап бойынша таныстырылып, Өскемендегі өнер колледжінің оқушылары олардың дыбыс тұнықтығы мен сапасына түрлі саз бен ән орындау арқылы көрермендердің көздерін жеткізді.

Жерлесіміз, ұлттық саз аспаптарын жа-саудың хас шебері Жолаушы Тұрдығұловтың жасаған домбыраларын Қайрат Байбосынов, Мақпал Жүнісова, Секен Тұрысбеков, Бекболат Тілеуханов, Қарақат Әбілдина сынды әйгілі әнші-күйшілер, басқа да аспаптарын «МузАрт», «Ұлытау» сияқты ансамбльдер қолданып жүргендігі ерекше мақтаныш-құрметпен аталды.

Облысымыздың мәдени өміріндегі елеулі сәтке жиналғандар аталған мәдени ортаны небір құнды жәдігерлермен толықтыру үшін тыным таппай еңбектеніп жүрген мұражай директоры Нұржәзи Қалиеваға ерекше ризалықтарын білдірісті.

Бодаухан Тоқанұлы

Осы айдарда

Back to top button