Мәдениет

«Мұрагердің» авторын мұрагерлері ұлықтады

«Мұрагердің» авторын мұрагерлері ұлықтады


Серік Шөкенов есімі айтыскерлік һәм сазгерлікпен Шығысқа кеңінен таныс. Оның «Шығысым-ай», «Ұрпақ дауысы», «Мұрагер» сынды патриоттық әндері кез келген мерекелік кештің шырайын кіргізіп жүр. Жуырда тарбағатайлық таланттың әндерінен аудандық жарыс ұйымдастырылды. Жарыс туған ауылы Қарасуда өтті.

Ең әуелі, сазгердің жары Жанар мен балалары «Жұмық баба» мешітінде аяулы жар, асыл әке рухына құран бағыштап, ас берді. Жарыстың шымылдығын Серік ағамыздың өнер бәйгесіне қосқан шәкірттерінің бірі – айтыскер Ержан Әділбеков арнауымен ашып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Он бес қатысушы ішінен оза шыққан тұғылдық Диана Нұртасова бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Ұлан Майқанов, екінші орынды Асхат Советханов пен Бектас Қабиев, үшінші орынды Серік Асқабылов, Бақытбек Әрінбеков және Нұрбол Садуақасов еншіледі.

Сазгердің көптеген әніне сөз жазған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ә.Мәселұлы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шәкен Көпшікбаева кеш барысында өз естеліктерімен бөлісті. «Әттең, өмір-ай, Серік аға тірі болса, мына сахнада өзі де тұрар еді ғой», деген сағынышты ойдың жалыны кеуде кере тыныстағанымызда өзек шарпыды. Көзімізге жас келді. Біз «Ат тұяғын тай басар» демекші, халқы еркелетіп Апош деп атап кеткен артында Нұржан сынды ұлының, Думан сынды өнерге талпынып жүрген немересінің барына қуандық та, «шүкір» деп жұбандық.

Шарада аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев сазгердің ұлы Нұржанға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Қарасу ауылдық округінің әкімі Шалқар Муслимов пен ауыл тұрғыны Нұргүл Сайлауқызы Жанар анаға ауылдастар атынан сый-сияпат көрсетті.

– Жүрген жерін ән мен жырға бөлеп, серілік ғұмыр кешкен Серік Шөкеновтің әндерінің көркемдік дәрежесі жоғары. Идеялық-тақырыптық мазмұны кең, өзіндік бояуы қанық, бағалы қазына екені даусыз. Оның туындыларының басым бөлігі патриоттық әндер. Ерлік пен өрлікке шақырып, жас ұрпақтың намысын оятады, – деді Е.Сабырбаев.

Сазгердің туыстары шараға демеушілік көрсеткен өнер жанашырлары Сержан Омарбеков, Бақытжан Қажыкенов, Нұргүл Сайлауқызына және Қарасу ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Жанбота Мұхаметолдановқа алғыстарын білдірді.

Жаннұр Ашмуханова,
Ақжар мәдениет үйінің әдіскері.

Осы айдарда

Back to top button