Моңғолдың қасиетті шыңын бағындырған қазақ

Дүйсен қажы туралы аңыз әңгімелерді Үржарда өткен республикалық бүркітшілер сайысында аңшылардың аузынан естідім. Кейіпкеріміздің аты шығып еді, сол өңірдің бүркітшілері әртүрлі әңгімелерді өрбіте жөнелді. «Жаралы тау текені қуып, жан баласы баспаған құз жартасқа шығып кетіп, басына екі күн түнеген» десе, келесісі «Дүйсен ата жұртқа қоныс аударған соң, туған ауылында қасқыр қаптап кетіпті» дейді. Енді біреуі «әй, ондай аңшы сирек, қансонарға шыққанда, тіпті тіс шұқығышқа дейін жанында алып жүретін пысық аңшы ғой» деп жатты. Бір жолдасы «Дүйсеннің ізі қарға түспейді» деп жатыр. Өзін сұрап едік, өткен жылы Өскеменге қоныс аударып кетіпті.
Келісті келіге киіз терек керек
Біз ақсақалды Өскемендегі «Халифа Алтай» мешітінің жанынан құрылған шағын шеберханадан таптық. Жұмыс бастағанына көп уақыт болмаған секілді. Мешіттің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы қолынан іс келетін бірнеше ақсақалдың басын қосып, жас ұрпаққа білгендерін үйретсін деген мақсатта арнайы бір бөлмені босатып беріпті.

Шағын бөлмеден көзіміз шалғаны – қайыңнан шабылған қазақ ері болды. Бөкеннің мүйізімен сапталған бірнеше сарыала қамшы тұр. Мүйізді қаптаған жезде жасалған уақыттары көрсетілген. Он екі таспалы өзекті өрімнен өрімшінің шеберлігін аңғару қиын емес. Әсіресе он бір таспамен шыққан тарпа айылдың өрнегі бұл кісінің шын шеберлігін паш еткен. Екі жағына құс таңдайлы өрнек салып, ортасын кереге көздете өріпті. Анау аттарына ақайыл түсіріп, кендірден жырымсыз айыл жасап жүрген ағайындарға бұйырса ғой деген ой тұрды бізде. Бір өгіздің терісін илеп әкеп берсе, қазақ ер-тұрманының қандай болатынын көрсетер еді бұл кісі. Қайысқа деген қарымын аңғарған соң, ағашшылық өнеріне бет бұрдық.
– Осы жаққа келгелі, киіз терек таппай жүрмін. Шіркін, аязға қақталған киіз терек балталасаң, жарылмайтын берік ағаш қой. Әсіресе келі-келсапқа таптырмайтын дүние. Осы ағаштың қуынан шапқан астау ешқашан жарылмайды, – дейді ақсақал.
Жасыл желек жамылған Алтай тауларынан ағашының да жоғы табылар. Бізді тау текенің мүйізінен жасаған садақ қызықтырды. 250 метр жерге дейін жебесі жетеді екен, ісмердің айтуынша. Қанша жерге ұшатыны, қаншалықты тура тиетіні ойландырған жоқ бізді. Асқан парасат пен пайымды, барлық құлшынысты салып жасаған садақтың сыртқы сұлулығы көз қарықтырады.
Көшпенді өмірді көрген екі қазақтың бірі өз атын тағалап алады. Ал таға-шегесін соғу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дүйсен ақсақал ат әбзелдеріне қатысты сағалдырық, шығырық сияқты темір-терсектер үшін ешкімге мүдуәрсіп бармайды екен. Ана жүген-ноқта, өмілдірік, құйысқандардың түйілген жерлеріне таққан жылтырауықтар зергерлік өнерден де алыс емес екенін аңғартады. Біз жетпіске таяп қалған кейіпкеріміздің бойындағы өнерін санамалап тауыса алмайтын сыңайлымыз. Кім екенін, ел аузындағы аңшылық туралы аңыздардың ақиқатын анықтайық.
Барқытбелдің шығысындағы Майлы-Жайырда туған Дүйсен Шөкенұлы 2005 жылы атажұртқа оралыпты. Өзімен бірге он баласы да осы жаққа өткен. 1992 жылы мұсылманның бес қарызының бірі – қажылық сапармен Меккеге барып қайтқан.
Ақ текенің үйірін аңсайды
Жастық ғұмырының алғашқы жылдарын мұғалімдікпен бастаса да, жаман мылтығын шошаңдатып, ара-тұра аң ату жергілікті үкіметке жақпайды. Ал қанмен жалғасып, атадан енші болып қалған аңшылық кәсіптен Дүйсен де жери қоймайды. Сонымен екі жолдың бірін таңдау сәті келгенде, қоңыр аңы қойдай өрген тарлан Тарбағатайдың құшағына қарай аяңдай басып кете барған. Содан кейін елдер айтатын әлгі бір аңыз-әңгімелер басталған.

Жаралы текені қуып, жан баласы баспаған жалама жартасқа шыққан әңгімесін сұрадық.
– 27 жасым болатын, – деп бастады әңгімесін аңшы қарт. – Орқашар тауының ең биігінде үш жартас бар еді. Біз көрген тастардың бәрі қатпар-қатпар. Ал Әлгі тастардың ерекшелігі – жерден өсіп шыққан тіс тәрзді болды. Сондықтан ол жердегі моңғолдар сыйынып жүретін тас еді. Біз қуып барған аңдардың бәрі қызыл Қайрахан аталатын сол жартастың төбесіне шығып жоқ болып кетеді. Бір күні жаралы теке тағы да соның басына қарай тартқан соң, ізімен өрлеп менде кеттім. Жолдастарым «қайт», «қайт» деп шуласып қалды. Текеден аққан қанның сорабымен өрлей бердім. Қорықпауға тырыстым. Ептілігіме сенуші едім. Ақыры, басына жеттім. Шықсам, төбесі бір қора қой сыятындай жасаң жазық екен. Қуып келген текем бір жартастың астында тұр екен.
Белімде шай-шайнегім дайын жүрген. Ауқаттанып алдым да, басына оба жиып, олжамды алып қайта түсіп кеттім, – дейді «альпинист» ақсақал.
Бұл шыңға артынан да бірнеше рет шығыпты. Киелі тастарының басына оба жиып кеткен аңшыны бұдан кейін жергілікті моңғолдар киелі адам деп қадірлеп жүретін болыпты. Қысты күндері тау басынан таяқпен сырғанап түсе беретін көрінеді. Тіпті таяққа кейде жолдастарын да мінгестіріп алатын көрінеді.
Таудан құлдай зулағанда сай тағанына кез келген аңнан бұрын жететінін айтады аңшы. Қатты қардың бетімнен сағымша зулайтын бұл өнерді аңшының әріптес – інілерінің біреуі ғана меңгеріпті. Қалғандары тәуекелге барудан жүрексінсе керек.
– Ептіліктің пайдасын қажыға барғанда көрдім, – дейді қажы. – Қалың ел қасиетті тасқа қолы жетпей жатқан кезде, мен оп-оңай маңдайымды тигіздім.
Сұр мергеннің айтуынша, кездескен аңның бәрін ата бермейтін көрінеді. Аңның киесі жайында да көп әңгіме өрбітті. Ол енді келесі мақаланың еншісінде.
– Мен атажұртқа қоныс аударған соң, бірнеше жылда өзім тұрған Қырғызкүре өңірінде қасқыр қаптап кетті деген әңгімелер жетіп жатты. Бір өкініштісі, өзім лағынан бері көзімдей көріп жүрген аппақ тау текенің үйірі бар еді. Ешкімге тиіскізбеуші едім. Мен көшкен соң, олар да көрінбей кетті дейді сол жақтағы үзеңгілестерім. Бәлкім, қасқырлар үркіткен болар, – деп күрсінді қарт.
Тауда өскен тағыларын сағынған болар. Бәлкім, қырық жыл жортқан, әр түйір тасын жатқа білетін қиырда қалған құйқалы мекенін сағынған шығар. Сұрауға жүрегіміз дауаламады.
«Осы өнерлерді үйренем деген жастар болса, қуана келісер едім» деп толғана сөйлеген ақсақалдың соңынан еріп бесінші қабаттағы шеберханадан түсіп келеміз. Баспалдақты басқан ақсақалдың жүрісі бізден ширақ. Аяқ дыбысы шықпайды. Осының өзі аңшылықтың ерекше белгісіндей елестеді бізге.
Мұратхан Кенжеханұлы