Монте-Карло байқауында бас жүлде алған жалғыз қазақ

Мен үшін Балтабек Жұмағұлов жыл санап, көкжиек асып бара жатқан балдәурен кезді еске түсіріп, көңіл қандырар көз көрген. Алғаш Семейдегі мектеп-интернатқа оқуға келген ауыл баласы мен елді сағынып, ұзақ уақыт Ертіс жағасында тұнжырап отырғанымда, жымиып күліп, қасыма жайғасатын ақсары өңді қағілез, үрпек бас сары бала әлі есімде.
Әу бастағы арманы суретші болу еді
Біз – бір ауылдың тумасы, бір мектептің түлегіміз. Балтабек менен бір сынып жоғары оқыды. Тұратын бөлмелеріміз де бір қабатта. Демалыс күндері интернат оқушыларына қаладағы туыстарына барып тұруға рұқсат берілетін. Менің қалада туыстарым болмаған соң, Балтабек сол жағалауда тұратын егделеу апасының үйіне жиі ертіп баратын. Әр келген сайын апамыздың Балташқа кітап оқытатын әдеті бар еді.
Оның бала қиялы сондай ұшқыр, арманшыл еді. Әдеби кітаптарды көп оқитын. Балтабек 6-7 сыныптан бастап, көзге ілініп, көріктеніп шыға келді. Сиқырлы музыка әлемін де тез-ақ меңгеріп, облыстан жүлде алды. Мектеп іші мен қаладағы мәдениет сарайларында ол қатыспаған үйірмесі болмайтын. Не нәрсенің қыры мен сырын қалтарыс қалдырмай, дөп басатын ол асқақ арманын арқалап, Алматыға барды. Жолы болмады.
Балтабекті ғұмыр бойына төбесіне көтеріп өткен ең қадірлісі де – осы өзі шыр етіп, дүниеге келген, ұшар басын ақ қар, көк мұз көмкерген Тарбағатай таулары. Содан болса керек, ол туған ауылының өнеріне атсалысты, бір жылдан соң ұлы өнерден өзекті арнасын тапты. Ақыры Алматының эстрада-цирк студиясына түсті. Бала күнінен ұлттық құндылықтардың кәусарынан қанып ішкен Балташтың болмысындағы өзгешеліктің өз дегеніне жеткізетініне өз басым шүбәсіз сенетін едім.
Әу бастағы арманы суретші, болмаса музыкант болу еді ғой. Ол кімді болмасын таңғалдыратын тылсым сиқырдың сырын ашуға кірісті. Қазақ өнерінің осы саласына алғашқы болып тер төгіп, әлемдік аренада цирк өнерін мойындатқан Сұлтанғали Шүкіров пен Сара Қабиғожинаның қатарына қосылды. Жетпісінші жылдардың соңына қарай, студент кезінің өзінде-ақ Алматының үлкен сахналарында өнер көрсете бастады. Сол уақытта қазақ телевидениесінде таланттарды таныстыратын тамаша айдар болатын. Бірде қазақ әдебиетінің сол жылдардағы жас легі, қарасөздің хас шеберлері – Оралхан Бөкей мен Роллан Сейсенбаев ағалары оны орталарына алып: «Одақтан жүлде алып келген Балтабек Жұмағұлов!» – деп таныстырды. Бұл өнерде жүрген адам үшін шүкіршілік ететін жағдай еді. Сірә, таланттың тұлпарлығы тай кезінен аңғарылса керек. Тай кезінен демекші, өткен ғасырдың 80-ші жылдары жаңа оқуын бітірген жас дарын қазақ циркі мен республиканың маңдайына біткен эстрада ұжымы – «Гүлдердің» қатарында жүрді. Осы жылдар ішінде әлемнің талай сахнасында небір шашасына шаң жұқпас тарландармен бірге өнер көрсетті.
Балтабек пен Раиса бес дүркін жеңімпаз атанған екен
Шыны сол, өз басым Балтабектің асып-тасығанын да, жасқанып-жасығанын да, сүрініп-шалынғанын да, тіпті, әлде біреулердей «балаққа жабысқан бит» болғанын да көрмеппін. Тек биіктен көрдім. Қырғыздың Ниязалы ақыны айтқандай: «Жақсы кісінің күлішүндей, сұлу аттың жүрүшүндей», оны әр- кез жез мұртынан жымиып тұратын бекзат қалпында көретінмін.
80-ші жылдардың бел ортасы болса керек, Павлодарда қызмет істеп жүрген кезім. Оның гастрольдік сапармен келгенін естіп, сәлем бере бардым. Қасында орта бойлы, алтындай толқынданған шашы төгіліп, мойнына түскен, үлбірей жымиып бір әйел тұр екен. Баяғы ақжарқын қалпы, иіле сәлем беретін әдетіне басып: «Таныс болыңыз, Мұрын елінің келіні» деді маржандай тістерін ақситып. Өзге ұлттың өкілі. Мейлі, кім болса да, хас таланттың қасында болып, сахнада қос аққудай қалқығанын көрдім. Сыңарын тауыпты, қатты қуандым. Олар аңызға айналған қос жұп болып, сан алуан сырлы дүниені сахнаға шығарды. Өнер адамының ой-қиялынан туындайтын аса күрделі, бір рет көрген жанның көз алдынан кетпей қоятын, әсер-аясынан алысқа жібермейтін тылсым өнерімен әлемнің талай мықтысын мойындатты.
– Менің маңдайыма әу баста жазылған өнер осы болған соң, одан алшақтап кетуім мүмкін емес, – дейтін ол. Осылай жүріп білімін шыңдады, ұрпағын өсірді. Мәскеудің театр өнері академиясының режиссерлік бөліміне түсті. Дүниедегі талай мықтылармен бірге болып, тәлім алды, тартысты. Ленинградттағы Штокланд шеберханасы мен мәскеулік Леонид Масляковтың орталығынан дәріс алды. Әлемдік цирк өнерінің майталмандары Юрий Никулин, Олег Попов ол қатысқан халықаралық байқауларда қазылық етті. Қазақ циркінің қос жұбына талайлар таңғалды, таңдай қақты. Олардың Париж, Варшава, Карловы Варыдағы халықаралық байқаулары бір бастарына жетерлік.
Қос жұлдыз бес дүркін жеңімпаз болған екен. Өнер адамы осындайда арқасы қозып, ұрынарға қара таппай, кең дүниеге сыймай кетеді ғой. Ол аспады, саспады. Баяғы жымиып тұратын бекзат қалпында қалды. Ол – қазақ циркін әлемдік деңгейге шығарған еліміздегі тұңғыш кәсіби сиқыршылар санатында, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, халықаралық иллюзионистер қауымдастығының толық мүшесі. Алған атақтарын осылай тізбелей беруге болатын тұңғыш қазақ Балтабек Жұмағұлов қана болса керек. Киногер біткеннің арманы – Оскар сыйлығы, ғалым-жазушының арманы – Нобель сыйлығы, спортшылардың шығар шыңы – Олимп алтыны десек, цирк майталмандарының арманы – Монте-Карло байқауында топ жару. Балтабек Жұмағұлов осы Монте-Карло байқауының бас жүлдегері атанды. Бұл биікті бағындырған жалғыз қазақ. Ол өнер көрсетпеген сахна әлемде жоқ шығар.
Оның халықаралық деңгейдегі иллюзионистер өнерін дамытудағы еңбегін зор бағалаған АҚШ-тың Алабама штаты «Құрметті азамат» атағын беріпті.

Еліміз еңсесін енді көтеріп, азаттығын алған тұста Жұмағұловтар жұбы тағы бір белесті бағындырды. 1992 жылы Парижде өнер көрсеткен Балтабек, Раиса Жұмағұловтардың өнеріне тәнті болған Франция президенті, Париж қаласының сол кездегі мэрі Жак Ширактың ол уақытта қолға түсе бермейтін қос камералы тоңазытқыш пен түрлі-түсті теледидарды сыйлап тұрып Балтабекке: «Парижді таңғалдыру әсте мүмкін емес. Әлемнің талай жұлдыздарын көріп жүріп, мұндай ғажайып көріністерді қазақтың қос жұбы орындайтынын білмеппін. Сіздер ғажайып жұпсыздар» – деген терең толғанысын Еуропаның беделді ақпараттары жарыса жазды.
Сарыарқаның төсінде теңдессіз цирк салдырды
Бір күні кешкісін үйге біреу телефон шалды. Орысша сәлем берді. «Тамашаның» бас продюсері Лұқпан Есенов ағамыз екен. Дауысынан әлдененің болғанын сездім. Балтабектің жұбайы кенеттен дүние салыпты. Дарынын халқына сарқып беріп үлгермеген қос аққудың сыңарынан айырылыппыз…
Бірақ, ол еңсесін түсірмеді. Жасымады да, жасқанбады. Саясатта көбіне мемлекеттік мүдде алға шығуы тиіс болса, ол өнерде ұлттық мүдде менмұндалап тұруын қалайтын. Ол ұлы – дәстүрді цирк өнеріндегі дегдарлықтан іздеді.
Онымен 2003 жылы қоңыр күзде Ақмолада кездестік. Үлкен істі қолға алыпты. Оның өзгеден ерекшелігі де сол болатын. Бала күнінен айтқан ойын жүйелі іске асыратын. Солай жасамаққа бел буыпты. Сарыарқаның төсінде әлемде теңдесі жоқ цирктің жобасын жасатып, қадасын қағыпты. Елбасының өзі қолдапты. «Міне, орны» деп менен байғазы сұрады. Мен болсам «Байыған күні» деп, сәттілік тіледім.
Есілдің сол жағалауындағы бұл ғимараттың жалпы аумағы 6,5 гектар болатынын, ондағы үш павильонда екі зал, алып манеж, өз алаңында болатын жануарлардың барлық түрі және үшінші қабаты «Қысқы сарай» болатынын қуана жеткізіп, қысқасы, ол Астананың ғажайып өнер ордасы болады деген-ді.
Балтабек азғана уақыттың ішінде цирк құрылысын бастап, жаңа өнер ұжымын жасақтап, сан алуан жан-жануар мен аң-құсты жинақтап, қыруар жұмысты жүзеге асырып үлгерді. Қытай мен Ресейге, Өзбекстанға табан тоздырып, цирктің қазіргі мақтанышы – азуы алты қарыс жыртқыш аңдарды күшік кезінен өзі таңдап әкелген. Ол Қазақстанның барлық өңірінен талантты жастарды іздеді. Қырғыздан ат өнерінің білгірлерін, Қытайдан жыртқыш аңдардың шеберлерін шақырды. Мәскеудің белгілі педагогтарын алдырып, дәріс ұйымдастырды. Қазақ циркінің ұлттық колориті болған, осыдан 35 жыл бұрын әлемді таңғалдырған «Байқоңыр» шабандоздар көрінісін жаңа мазмұнда қайта жандандырды. Әлемнің үздік цирк шеберлерін Астанаға топтастырды. Цирк шаңырағы астынан әртістерге арнап қонақүй салу, пәтер бөлдіру сияқты қыруар қиындықты бастан кешірді.
Өкінішке қарай, Астана циркінің алғаш қазығын қаққан, шаңырағын көтерген, көсегесін кеңейткен азаматқа сол еңбегінің жемісін көруді жазбапты. Цирк ашылған соң, Балтабек Жұмағұлов жұмбақ өліммен дүние салды…
Амал не, өз биігін межелеген бауырымның әлі де талай асуларға көтерілетінін іштей сезетін едім. Тағдырға не дерсің. Пешенеге жазғанға не дауа. Маңдайымызға сыймады. Осындайда адамның жасаған жылдары емес, оның артына қалдырған істері мәндірек, маңыздырақ екеніне көзіміз жете түседі. Тегі, тіршілігін цирксіз елестете алмайтын Балташ өз ұрпағының да осы жолды жалғастыруын қалайтын.
Ерлі-зайыпты Жұмағұловтардың қасында құлдыраңдап жүретін құйтақандай бүлдіршінді көзі қарақты көрермен ұмыта қоймаған шығар. Ол – атақты қытай сиқыршысы Дан Вучидің шәкірті Жұмағұлов Олжас Балтабекұлы. Бүгінгі қазақ циркінің ең жас жарық жұлдызы.
Өткен жылы астаналық бір әріптесіміз цирк өнері жайындағы жазған мақаласында «Астана циркін өз қолымен құрған циркке Балтабек Жұмағұловтың есімі берілсе» деген ұсыныс айтыпты. Несі бар, өте тамаша ұсыныс.
Ал Балтабектің туған, өскен ортасы – Семейдегі ол білім алған мектептің қабырғасына қара тастың бұйырмағаны өкінішті. Әттең…
Қадырбек Кәкімұлы