Жаңалықтар

Моңғолияда қазақтар арасында кіші құрылтай өтті

«Отандастар қорының» өкілдері Моңғолиядағы қандастар құрылтайына қатысты.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйытқы болуымен Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші құрылтай өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында өткен айтулы шараға «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы бастаған құрамында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бар қазақстандық делегаттар қатысып қайтты.

Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы Ұлан-Батырдан басталды. Қазақстандық делегация Моңғолия астанасы Ұлан-Батырдың Налайх ауданының әкімі Ч.Раднаабазармен және мәслихат депутаттарымен кездесті. Айта кетерлігі, бұл ауданда 5 мыңнан астам қазақ тұрады екен.

Кездесуге «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапак, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.

Сол күні аталған делегация Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында Ұлан-Батырдың қазақтар шоғырлана орналасқан Налайх ауданына арнайы ат басын тіреп, сондағы қандастармен кездесті. Кездесу барысында Абзал Сапарбекұлы қоғамның мақсат, міндеттері, шетелдегі қазақтармен жұмыс жүргізу барысы туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар Қор басшысы шетелден елге көшіп келуді жоспарлаған қандастарымыз үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы да баяндады. Бұған қоса, биылдан бастап іске асырылуы жоспарланған, шетелдегі этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасы туралы ақпарат берді. «Ата жолы» картасы шетелдегі қандастарымыздың 10 жыл бойы визасыз елге келуіне, кәсіппен айналысуына т.б. мүмкіндік береді.

Делегация бұл кездесуден кейін Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының орталығына барып, жұмысымен танысты. Өз кезегінде, ресми делегация мүшесі, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара алдағы уақытта шетелдік тәжірибені зерттеп, қандастар арасында әр салада маман алмасу, екі жақты зерттеулер жасау сияқты мәселені қарастыру қажеттілігі туралы ұсыныс білдірді.  Ал қоғам қайраткері, ақын Ауыт Мұқибек келешек ұрпаққа ана тілінде білім алуға мүмкіндік тудырудың бір жолы ретінде қазақ мектептерінің филиалдарын Моңғолияда ашу туралы ұсыныс айтты.

Сонымен қатар құрылтай аясында Ұлан-Батырда «Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарының даму болашағы» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиын Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай ұйымдастырылған.

 

 

Осы айдарда

Back to top button