Қоғам

Мұндағы аң-құстар қытымыр қыста қыңқ етпейді

Мұндағы  аң-құстар қытымыр қыста қыңқ етпейді

Өскемендегі хайуанаттар бағының аң-құстары қытымыр қыстың суығына әзір тоңа қойған жоқ. Мұны жыртқыштардың түр-тұлғасынан, сергек жүрісі мен күңгірт күннің өзінде жылтылдап тұратын терісінің түгінен байқауға болады, дейді мамандар. Хайуанаттар бағында бұлан, сілеусін, қабан, таутеке, америкалық тау арыстаны (пума) сияқты сирек кездесетін тау мен дала тағыларына жақсы жағдай жасалған.

Мұндағы  аң-құстар қытымыр қыста қыңқ етпейді

Биыл хайуанаттар бағында жануарлардың еркін қимылдауы үшін, тұрақтары кеңейтілген болатын. Келушілер қатары да мол. Адамдарға кішкентай көздерімен тесіле қарайтын қос қабанның тұлғасына кәнігі аңшылардың өзі таңғалады. Қабандар торай кезінен осында өсіп келеді. Ал Саша есімді аю күректей алақанымен тордан ұстап, тігінен тұрғанда, бойы 2,5 метрге жетеді. Қоңыр аюлардың жан-жағындағы тіршілікке манаурай көз салғанының өзі қызық. Зипа бойлы пумаға қарағанда мұндағы аюлар вегетариан. Ал өткір көздері жап-жасыл болып жанатын пума қызыл етке құмар-ақ. Өте жыртқыш болғандықтан, бақ қызметкерлері оны қоректендірген кезде сақтықпен қимылдайды. 2,5 жасқа толған тау арыстанына ұрғашы жұп іздестіріліп жатыр екен.

Мұндағы  аң-құстар қытымыр қыста қыңқ етпейді

– Пуманы қаламызға екі жыл бұрын келген цирктердің бірі сыйлап еді. Олар жұбын тауып беруге де уәде еткен. Алайда, кейін ондай мүмкіндіктің болмай тұрғанын айтып, хат жазды, – дейді облыстық сәулеттік-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының фауна бөлімінің бастығы Зайнитдин Шамшиев.

Мұндағы  аң-құстар қытымыр қыста қыңқ етпейді

Зайнитдин Шарифитдинұлы күздің соңғы айларында хайуанаттар бағында арнайы жемшөп асханасы салынғанын, жыртқыштарға арналған тағамды әзірлеуде тазалық қатаң сақталатынын, көкөністер де жеткілікті екендігін айтты. Аңдардың ас мәзіріне арналған тағам түрлерінің барлығы азық-түлікке толы тоңазытқыштарда сақталады. Электр қуаты өшіп қалған жағдайда, асханада пеш жағылады. Сондай-ақ, ыстық және суық сумен де қамтамасыз етілген екен. Музей-қорықтың қысқа мұқият дайындалғанын бақтағы 50-ге жуық мүйізді және аша тұяқты жануарларға құрамында нәрлілігі жоғары жоңышқа мен сұлы қосылған пішен дайындалғанынан көруге болады. Ал аюлардың ас мәзіріне ботқа, көкөніс, алма енсе, қанаттылар жармамен және басқа да қажетті жемшөппен, дәрумендермен қамтамасыз етіледі. Оңтүстік жақтың құстары жылы қыстамаларға кіргізіліп, бағылуда. Ал аққу, қаз және түйеқұстар қардың үстінде қыдырғанды жақсы көретіндіктен, қала тұрғындарының аталған құстарды тамашалауына мүмкіндік бар.

Думан Нұрланұлы

Осы айдарда

Back to top button