Мұнай шыққан өлкеге мұнайшы қажет емес пе?
Біздің облыста жас буын өкілдеріне кәсіптік-техникалық мамандық беруді мақсатты түрде қолға алып жатқан оқу орындары аз емес.
заманға сай мамандар даярлайды
Солардың бірі – Зайсан технологиялық колледжі. Бұл оқу орны ертеректе «СПТУ-19» деп аталатын да, бар болғаны бір бағытта, яғни, ауыл шаруашылығы саласына маман-механизаторларды ғана даярлайтын. Механизатор мамандығына оқығандығын растайтын құжаттарын алған күні-ақ сандық түбіне тығып тастағандарды айтпағанда, заманында ол жерден білім алып, небір темір тұлпардың құлағында ойнаған азамат пен азаматшалардың бұл күнде ерен еңбек иелері атанып отырғандары да өтірік емес.
Заман талабына сай бұл күндері аты да, заты да өзгеріп, көкжиегі кеңейе түскен мамандар даярлау шеберханасының бүгінгі тыныс-тіршілігі, хал-ахуалы қалай? Ауыл жастарында осы бір кәсіптік-техникалық мамандарды даярлайтын оқу орнына деген қызығушылық бар ма? Колледждің болашаққа бағыттаған жоспарлары қандай? – деген сауалдарға жауап іздеген біз Зайсан технология колледжіне ат басын бұрған едік.
Өркениетті бағытты берік ұстанып, 300-ге жуық оқушыны оқытып қана қоймай, өндірістік, өмірлік тәжірибеден өткізіп, болашаққа батыл қадам жасауға жөн сілтеп отырған бұл колледж соңғы жылдары өңіріміздегі айтулы оқу ордасына айналған.
Оқу орны 2010 жылы облыстық кәсіптік лицейлер арасындағы сайыста «Жылдың үздік кәсіптік лицейі» аталымы бойынша облыс Әкімі сыйлығының лауреаты атанса, өткен жылдың желтоқсан айында Зайсан ауданы бойынша «Үздік мекеме» аталымының иегері болды.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ауданға келген кезекті іссапарларының бірінде «Үздік кәсіптік лицей» атағына ие ұжыммен кездесу өткізіп, ғимараттың сыртқы абаттануына, ішкі безендірілулеріне, өндірістік шеберханалар мен оқу кабинеттерінің, жатақхана, асхана, концерт, спорт залдары сынды маңызды нысандардың жабдықталуына, техникалық базаның көңілдегідей сақталуы мен даму бағдарламасына, жалпы білім ордасында атқарылып жатқан нәтижелі істерге оң бағасын беріп, ризашылығын білдірген көрінеді.
– Бүгінде колледжде еңбек етіп жатқан 36 оқытушының барлығы да жоғарғы және бірінші санатты мамандар. Әсіресе, оқу орнындағы «Озық тәжірибе тарату мектебі» инновациялық жаңа технологияларды оқу үрдісіне енгізіп, оны өндірістік оқытуда тиімді қолдануға негіз болып келеді. Әр мұғалім-маман оқып-үйренумен қатар, зерттеу жұмыстарымен де жүйелі шұғылданып, өз тәжірибелерін әріптестеріне таратудан жалыққан емес. Колледжімізде бүгінгі күні ауыл шаруашылық өндірісінің тракторшы-машинистерінен бастап, электр жабдықтарын күтуші, электр-монтер, ауыл шаруашылық өндірісінің шебері, фермер, аспазшы, тігінші, шаштараз, бухгалтер, газэлектрмен дәнекерлеуші, автомобиль жүргізуші мамандықтары оқытылады. Аудан әкімі Серік Зайнулдиннің колледжбен үнемі байланыс жасап, көңіл бөлуінің нәтижесінде «сылақшы-сыршы», «ветеринар-санитар» мамандығына оқыту да қолға алынды, – дейді колледж директоры Әлия Қасымова.
Колледжде білім берудің басты бағыты жұмыс берушіге қажетті еңбек нарығының талабына сай білікті маман дайындау болғандықтан, оқушылар ауданның әртүрлі мекемелері мен шаруа қожалықтарында келісімшарт арқылы іс-тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін шыңдап, келешек жұмыс орнын анықтайтын көрінеді.
Колледж басшысының айтуына қарағанда, аталмыш білім ордасының ғимараты 1986 жылы пайдалануға беріліпті. Іші-сырты мұнтаздай оқу орнының жеке пәндерге арналған кабинеттері де бүгінгі заман талабына сай жабдықталған. Ауылдық жерлерден келіп, мамандық алып жатқан 130 оқушы үш мезгіл тамақпен, сондай-ақ, жатақханамен қамтамасыз етілген болса, өткен жаңа оқу жылынан бастап, бірінші курстың 120, екінші, үшінші курстың 30 оқушысы шәкіртақы алу мүмкіндігіне ие болыпты. Жатақханада тұрып, шәкіртақы алатын оқушылардың басым көпшілігі көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасыларының балалары көрінеді. Сондықтан олардың ата-аналарымен ай сайын, тоқсан сайын жиналыстар өткізіп, колледж өмірінен жан-жақты мағлұмат беру, оқушылардың сабақ үлгерімдері мен тәртіптеріне байланысты мәселелерді талқылап отыру оқу орнының дәстүрлі шаруасына айналған сыңайлы.
Оқу ғимараты мен жатақханасынан, қолда бар техника түрлерінен бөлек, колледж меншігінде 262 гектар егіндік жер бар көрінеді. Тек соңғы жылдары аудан көлеміндегі су тапшылығы қолбайлау болып отырғаны болмаса, болашақта бұл мәселенің де оң шешімін тауып, егіндік жерлерге көкөніс пен жеміс-жидектер егіп, бірқатар мәселенің басын ашып алуға болатын секілді.
– Болашақта омарташы, сондай-ақ, мұнай саласының мамандарын даярлауды да қолға алмақ ойымыз бар. Мұнай саласының мамандарын даярлау жайындағы ұсыныс өткен жылы ауданымызда өткен кәсіптік білім беру саласы мұғалімдерінің облыстық семинарына қатысқанында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тарапынан көтеріліп, бұл мәселе сол семинарға қатысқан 500-ге жуық мұғалім мен шебердің ризашылығы мен қолдауына ие болған-ды. Өкінішке қарай, өңірімізде мұнай өндіріп жатқан компания басшылары біздің бір емес, бірнеше рет берген өтініштеріміз бен іскерлік ұсыныстарымызға құлақ аспай отыр. Қазір облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметова бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіп жатыр. Егер мұнай саласының мамандарын даярлау мүмкіндігіне ие болсақ, болашағымыз бұдан да жарқын бола түсер еді, – дейді білім ордасының бар шаруасын ілгері бастырып отырған білікті басшы. – Біздің оқушыларымыз күз және көктем айларында жергілікті кәсіпкерлерге, «СМУ-Шығыс» секілді ірі мекемелерге бір жарым айлық өндірістік тәжірибеге барады. Өткен жылы сондай тәжірибеден өтуге барған барлық үшінші курс топтары сол жердегі шеберлерден тәлім-тәжірибе алумен қатар, алды 100, арты 40 мың теңгеден жалақы алды. Бұл дегеніңіз, оқушыларымызға жасалған үлкен көмек қой. Сонымен қатар оқу бітіретін түлектеріміздің өздері тәжірибеден өткен жерлерінде болашақта жұмыс істеуге деген қызығушылықтары да арта түсті.
Қызығушылық демекші, өткен жылдарға қарағанда оқушыларды айтпағанда, ата-аналардың өз балаларын біздің колледжде оқытуға деген мүдделілігінің артып келе жатқандығы да ерекше қуантады. Әсіресе, мұнай саласы мамандарын даярлауды жүзеге асырып жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді.