Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фестиваль ұйымдастырылды

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған фестиваль ұйымдастырылды

Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханасында «Кедергісіз кітапхана» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Біз әртүрліміз, бірақ біргеміз» аттыты фестиваль ұйымдастырылды.
Фестиваль барысында көрермен назарына Берік Қалиев, Сергей Елисеев, Оксана Короленко, Фаика Насибова сынды суретшілердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары мен суреттер ұсынылды.
Аталмыш кітапхана директорының орынбасары Бибігүл Шағиеваның айтуынша, 2011 жылдан бастап аталмыш кітапхана Біріккен Ұлттар Ұйымының облысымыздағы филиалымен ортақ келісімшартқа отырыпты. Сол кезден бастап «Ауылдық онлайн орталығы» атты тұңғыш жобасы қолға алынып, өңіріміздегі 32 ауылдық кітапханаға интернет жүйесі қосылған екен. Сонымен қатар, шалғайда жатқан елді мекендерде тұрып жатқан тұрғындар үшін тегін компьютерлік курстар ашылған.
– «Кедергісіз кітапхана» жобасы аталмыш ұйыммен бірлесіп жатқан екінші жұмысымыз. Осы жобаның аясында кітапханамыз ерекше күтімді қажет ететін жандарға арналған арнайы құралдармен жабдықталды. Жуырда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттығу залы ашылатын болады, – дейді Бибігүл Шағиева.
Фестивальға қатысқан облысымыздағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бағдарламасын дамыту саласының менеджері Рауан Қалиевтың айтуынша, өңірімізде мүмкіндігі шектеулі 58 мың адам бар екен.
– Сондықтан олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін бәріміз бірлесіп, жұмыс істеуіміз қажет. Мұндай шаралар, менің ойымша, ерекше күтімді қажет ететін адамдарға өздерін пайдалы, қоғамымыздың тең құқылы азаматтары ретінде сезінуде мүмкіндік береді, – дейді Рауан Қалиев.
Фестиваль соңында қатысушылардың барлығына сертификаттар табысталды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button