Жаңалықтар

Митрополит Александр: – Қиын-қыстау кезеңде халықпен біргеміз

Қазақстан православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр Шығыс Қазақстан облысына келді. Ол Өскеменге сапарында Андреев Кафедралдық шіркеуінде құлшылық рәсімін өткізіп, облыс әкімі Ермек Көшербаевпен кездесті.

Өңір басшысы құрметті қонаққа алғыс айта отырып, Қазақстан руханиятында исламмен қатар православ діні де маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Бүгінде адам жүрегінде бейбітшілік пен рухани келісімнің болуы өте маңызды, – деді Ермек Көшербаев.

Кездесуде тараптар этносаралық және конфессияаралық келісім жөнінде әңгіме өрбітіп, өзге де өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар еліміздегі су тасқынына байланысты жағдай туралы сөз қозғалды. Митрополит Александр атап өткендей, рухани көшбасшылар мұндай қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болуға тиіс.

– Бүгін құдай маған Өскемен сынды керемет қалада болу, осы қаланың адамдарымен кездесіп, құлшылық жасау және өңір басшысымен тілдесу бақытын бұйыртыпты. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында аймақ тұрғындарына бейбіт өмір, қуаныш пен шаттық тілеймін. Біз, дін қызметкерлері, халқымыздың осы бір қиын кезеңнен, табиғи апаттан аман-есен өтуін тілеп, дұға етудеміз, – деді митрополит Александр.

Айта кетейік, Астана және Қазақстан митрополиті Александр Геннадьевич Могилев — Орыс Православие шіркеуінің Қасиетті Синодының тұрақты мүшесі. Ол – Астана қаласындағы Қазақстан митрополиттік округінің басшысы. Көптеген марапаттары бар. Рухани қызметінің 35 жылында 100-ден астам ғылыми мақала жазған.

 Дидар ақпарат

Осы айдарда

Back to top button