Қоғам

Риддерде көпір салынып, жаңа мешіт ашылды

Риддерде көпір салынып, жаңа мешіт ашылды

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Риддерде болып, кеншілер шаһарының қысқа дайындығын тексерді. Үлбі өзенінің үстінен салынған жаңа көпірді іске қосып, кәсіпкерлер қаржысына бой көтерген мешітті ашты, сондай-ақ, атқарылып жатқан өзге де жұмыстармен танысты.
Риддер қаласына кіреберістегі қырық жылдан астам уақыт қызмет көрсеткен ағаш өткелдің орнына темір мен бетоннан бүгінгі заманға сай жаңа көпір салынды. Қолданыс мерзімі баяғыда таусылған апаттық жағдайда тұрған бұл нысан кейінгі жылдары қатары көбейген көліктердің арлы-берлі ағылған қозғалысына шыдамаған-ды. Былтыр басталып, бір жылға жетпей аяқталған құрылыс жұмыстарына шамамен 500 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Жоспар бойынша ағымдағы желтоқсан айында іске қосылуы тиіс нысанды мердігер мекеме – «Жол-құрылыс басқармасы-14» ЖШС мерзімінен бұрын тәмамдап, көліктердің қатынауына жол ашты. Жаңа көпірдің тұсауын кескен аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ құрылысшы компания басшылығына қалған ұсақ-түйек шаруаларды аяғына дейін жеткізіп, жарық тартуды тапсырды. Қала әкімі Жомарт Мұратовтың және мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жаңа көпір арқылы Өскеменге төте тасжол тартуға болады. Егер бұл трасса салынса, қос қаланың ара қашықтығы 40 шақырымға дейін қысқармақ. Өз кезегінде облыс әкімі бұл жобаны әлі де пысықтап, техникалық-экономикалық негіздемесін жасауды тапсырды.
Кеншілер шаһарының 2-ші, 4-ші ықшамаудандарын және Тишин кенішін жылумен қамтамасыз ететін «Л-ТВК» ЖШС жылыту маусымына сақадай-сай. Қазанның 1-інен шаһардағы әлеуметтік мекемелерге жылу беріле бастаған, келесі кезекте жылу желілері қабылдауға дайын тұрғын үйлер тұр. Облыс әкіміне бу қазандықтарының дайындығын көрсеткен мекеме басшысы Александр Поповтың сөзіне қарағанда, қоймада желтоқсанға дейін жететін көмір қоры бар. Ондағы көмірдің жартысы Қарағандыдан жеткізілсе, тең жартысы Қаражыра кенішінен әкелінген. Қарағандылық қатты отынды сақылдаған сары аязда пайдаланса, басқа күндері Қаражыраның көмірін жағады екен.
Бүгінде жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында тұтынушылардың жылуға берешегі де азайыпты. Келешекте олардың бәрі жылу есептегіш аспаптар орнататын болса, қарыз көлемі қазіргіден де кеми түспек. Осы орайда өңір басшысы Риддер қаласының әкіміне есептегіш аспаптарды орнату бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуге тапсырма берді.
Сонымен қатар облыс әкімі «Риддер ЖЭО» АҚ кәсіпорнын аралап, жылу маусымына дайындығын пысықтады. Аталған коммуналдық мекеме қаладағы 500-дің үстіндегі көпқабатты үй мен орталық жылу жүйесіне қосылған 1899 жеке тұрғын үйді, өзге де мекемелерді жүз пайыз қамтиды. Орталықта орташа қысымды 3 және жоғары қысымды 3 қазандық, сондай-ақ, 4 турбоагрегат жұмыс істейді. Бүгінде барлық агрегаттар жылу беруге әзір.

Реанимобиль көлігін сыйға тартты

Риддерде көпір салынып, жаңа мешіт ашылды

«Ноль боль», яғни, қазақшаға аударсақ, «Ауру жоқ» деген атауға ие медицина орталығы бұл күнде кешенді дәрігерлік қызмет көрсетеді. Орталықта процедуралық кабинет орналасқан, жалпы профильді және тапшы мамандар сырқаттарды қабылдайды. Мұның сыртында офтальмолог, педиатр, гинеколог, отоларинголог сияқты бірқатар дәрігерлермен шарт жасалыпты. Ең бастысы, дәл іргесінде зейнеткерлер мен жинақтаушы карталары бар тұрғындарға дәрілерді сатып алу жеңілдіктері қарастырылған заманауи дәріханасы бар. Жақын болашақта 2014 жылы шыққан көпқызметті УДЗ (УЗИ) аппараты сатып алынбақ. Дәріхананың жұмысымен танысып, медицина орталығын аралап көрген аймақ басшысы зейнеткерлерге жеңілдік жасағанда ең әуелі жоғары сұранысқа ие көп тұтынатын дәрі-дәрмектерді ескеру қажеттігін айтты.
– Мемлекетіміз халықтың денсаулығын нығайтуға үлкен күш жұмсап, түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып отыр. Біздің облыста биыл 24 медицина нысаны салынуда, оның 23-і осы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Ағымдағы жылы өңірдегі медицина мекемелеріне 117 жеңіл көлік берілді. Оған қоса «Қазцинк» кәсіпорны маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Осындай ауқымды істердің арқасында денсаулық сақтау саласында бірқатар өзекті проблемалар шешімін табуда. Ал енді медицина орталығы мен дәріханаға келсек, бұл екеуі де – жұртшылық үшін ерекше маңызға ие нысандар, – деп атап өткен облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ дәріханаға мемлекеттік тапсырыс болатынын және орталықты қажетті медициналық кадрлармен қамтуға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген «Қазцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі вице-президенті Андрей Лазарев компания атынан орталыққа құны 20 млн. теңге тұратын реанимобиль көлігін сыйға тартты.
– Біз «Қазцинктің» өнеркәсіп орындары орналасқан елді мекендерде әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлесімізді қосып келеміз. Жақында ғана балалар ауруханасын қайта жөндеуден өткізіп бердік. Енді қазір барлық қажетті медицналық құрал-жабдықтармен қамтылған заманауи реанимобильді сыйға тартып отырмыз. Бұл – Риддердегі алғашқы реанимобиль. Енді осы көліктің арқасында адамдардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі арта түсетін болады, – деді Андрей Лазарев.

Риддерде тұңғыш мешіт ашылды

Риддерде көпір салынып, жаңа мешіт ашылды

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Қазцинк» компаниясының «Парыз» қоры арқылы бөлінген қаржысына 2012 жылдан бері салынып жатқан хоккей модулінің құрылысын көрді. Мердігер мекеменің басшысына құрылыс жұмыстарын жоспарда көрсетілгендей ағымдағы желтоқсан айында толықтай бітіріп, қолданысқа өткізу керектігін ескертті. Егер тапсырма дер кезінде орындалмаса, барлық жауапты адамдарға қатаң шара қолданылатынын да ашық айтты.
Осы күні аймақ басшысының және өзге де бірқатар құрметті қонақтардың қатысуымен қаланың қақ ортасына орныққан жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Екі ғасырдан астам тарихы бар шаһарда тұңғыш ашылып отырған мінәжат үйінің құрылысы бүгінде бақилық болған Кентай Абимановтың бастамасымен 2010 жылы қолға алынған-ды. Көк күмбездері көкке ұмсынған сәулетті мешітті салуға шамамен 76,2 млн. теңгеден астам кәсіпкерлер қаражаты жұмсалған. Ғибадат үйінің жалпы аумағы 1100 шаршы метрді құрайды, сыйымдылығы – 500 адам. Ерлерге және әйелдерге арналған намаз оқитын бөлмелері, 300 орындық асханасы бар. Одан бөлек келушілерге діни ілім беретін шағын медресе қызмет көрсетеді. Медреседе жазғы уақытта 70-80 адамға дейін діни сауат ашуға мүмкіндік қарастырылған. Құрылысы заманауи талаптарға сай жүргізіліп, әдемі әрленген бұл нысанның бой көтеруіне басты демеушілік еткен – жеке кәсіпкер Елтай Арбиев.
– Бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасы ғана дамып қойған жоқ, сонымен бірге халқымыз рухани жағынан байып, кемелдене түсуде. Соның айғағы – Риддер қаласында екі жүз жылдан астам уақытта алғаш ашылған жаңа мешіт. Оны салуға демеушілік көрсеткен, қаржылай қолдаған Елтай Арбиев бастаған кәсіпкер азаматтарға алғыс айтамыз.
Осыдан жиырма жыл бұрын облыста саусақпен санарлық мешіттер ғана болған. Қазір олардың қатары 196-ға жетті. Мешіт тек мұсылмандар үшін ғана салынған жоқ. Мұнда басқа да дәстүрлі діндердің өкілдеріне есік ашық. Бұл құттыхана Жаратқанға құлшылық-ғибадат жасаумен қатар түрлі дін өкілдері арасында татулықты нығайтып, ауызбіршілікті арттыратын, тұрақтылықты бекіте түсетін орынға айналғанда ғана басты міндетін орындайды. Және солай болсын деп тілейміз, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қала тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан қасиетті Құрбан айт мерекесімен, жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.
ҚМДБ-ның Өскемен аймағындағы өкіл имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы, Риддер қалалық Әулие-Никольск шіркеуінің басшысы Игорь әкей, Алматыдағы «Әбу Ханифа» медресесінің директоры Құлмұхаммед Махамбетұлы, бас демеуші Елтай Арбиевтер өздерінің ақжарма тілектерін жеткізіп, жиналған көпшілікті қуаныштарымен құттықтады.
Мешіт құрылысына қаржылай көмек қолын созған демеушілер де назардан тыс қалған жоқ. Оларға ҚМДБ-ның Өскемен аймағындағы өкіл имамы Нұрлан қажы Байжігітұлының алғысхаттары табыс етілді.

Тұрғындар ауызсудан тарықпайтын болады

Бұдан соң облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ тұрақтандыру қорының нысандарын аралап, «Дудкин» шаруа қожалығының қоймасында сақтауға жиналған ауылшаруашылық өнімдерінің жағдайына көз жеткізді. Алтай ботаникалық бағы туралы ақпараттарды тыңдады.
Тау-тау болып үйіліп, қалай болса солай шашылып жатқан орамжапырақ, қызылша, сәбіз, картоп сияқты көкөністерді сынға алған аймақ басшысы, ең алдымен, оларды шірітіп алмай, дұрыс сақтауды тапсырды. Сосын шаруа қожалықтарына жиып-терген байлықтарын қазір арзанға саудалағанша, көктемге қарай баға көтерілгенде сыртқа экспорттаудың артықшылығын айтты.
Мамандардың айтуынша, Риддер қаласының тұрғындары жылына 4 мың тонна картоп, 1100 тонна орамжапырақ, 1 мың тонна сәбіз, 122 тонна қызылша және басқа да көкөністерді тұтынады. Жергілікті шаруашылық құрылымдарының мұнша көлемдегі ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге мүмкіндіктері бар. Тек бір мәселе – сақтайтын қойма аз. Осыған байланысты қала басшылығы бұрынғы көкөніс сақтау қоймаларын қайта жөндеуден өткізуге ден қойып отыр.
Азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты Риддер қаласы әкімінің аптасына бір рет жақын аудандардың ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу жөніндегі ұсынысын қолдаған өңір басшысы жергілікті шаруаларға мал өсірумен айналысып, тұрғындарды сүтпен, етпен және басқа өнімдермен қамтамасыз етуге тапсырма жүктеді.
Ұзақ жылдар бойы кеншілер қаласындағы басты проблемалардың біріне айналған ауызсумен қамтудың күрмеуі шешілді. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жерасты көлінен су жинайтын және тарататын нысанды іске қосты. Сол сияқты Риддер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша орындалған жауын суы жиналатын кәріз желісінің құрылысымен танысты.
Естеріңізге салайық, Риддер қаласы үшін ауызсудың негізгі резервуары тау басында орналасқан Кіші Үлбі жасанды су қоймасы болып табылады, ол жерден су Громотуха өзенінің арнасымен беріледі. Ондаған жылдар бойы жыл сайын қысқы қатты аяздарда және көктемгі қар көшкіні кезінде су бірнеше тәулікке дейін берілмей тоқтап қалады. Бұл түйткілді шешу мақсатында сумен қамтудың балама көзі ретінде жерасты көлінен су жинау және су тарту жобасы әзірленген-ді. 2003 жылдан бері бірде тоқтап, бірде жүргізіліп келген құны 703,2 млн. теңге тұратын аталмыш жоба биыл аяқталып, жер астынан су тартатын құрылғыларды облыс әкімі өзі іске қосты. Енді қала халқы ауызсудан еш тарықпайды.
Жұмыс сапарының соңына қарай Мәдениет үйінде қала активімен кездесу өтті. Кездесуден бұрын жергілікті кәсіпкерлердің бірқатар болашағы зор жобаларымен танысты. Олардың ішінде көліктерді көгілдір отынға көшіру, адамдарды шипалы батпақпен емдеу, жаңа піскен жидектерді тоңазытып сақтау, емдік шөптерден дәрі-дәрмек өндіру сияқты бірегей жобалар бар.
Жиында Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері туралы баяндама жасап, атқарылған және атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың басым көпшілігі жергілікті жерде қазақ тілінде мерзімді басылымдардың шықпауы, Островский көшесінде орналасқан қаңырап тұрған көпқабатты ескі үйдің балалардың өміріне қауіп туғызатындығы, көше жолдарының жөнделмеуі, азық-түлік және дәрілік заттардың қымбаттап кетуі, адамдар демалатын, серуендейтін, спортпен шұғылданатын арнайы орындардың болмауына қатысты болды.
– Бүгінгі жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, көрдім, жылумен қамту кәсіпорындарының қысқа дайындығын тексердім. Қаланы ауызсумен, электр қуатымен, жылумен қамтуда ешқандай мәселе жоқ. Дегенмен, әлі де болса іске асырылатын шаруалар көп. Мамандардың болжамына сүйенсек, биылғы қыс ұзақ және қатты болады. Олай болса, қысқа қорды молынан жинап алуымыз керек. Қоймада сақталған ауыл шаруашылық өнімдерінің қоры келесі жылдың мамыр айына дейін жетуі тиіс. Сонда ғана азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермейміз, – деп түсіндірген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ басқа да алда тұрған міндеттерді айқындап берді.
Атап айтқанда, олар: жерасты қазба байлықтарын зерттеу және игеру, өнеркәсіп өнімдері көлемін ұлғайту, барлық мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану, болашағынан үміт күттіретін жобаларды игеру, шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін арттыру, туризмді дамыту және тағы да басқалар.
Сонымен қатар аймақ басшысы 1 қазаннан өңірімізде «Ешбір қария ескерусіз қалмайды» деген ұранмен қарттарға қамқорлық айлығы басталғанын, бұл игі шараға риддерліктердің де белсенді қатысуын еске салды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button