Білім

Минутына 200 сөз оқитын Милана облыстық сайыста топ жарды

Минутына 200 сөз оқитын Милана облыстық сайыста топ жардыӨскемен қаласында мемлекеттік тілдің кішкентай білгірлері арасында облыстық сайыс өткен-ді.

Бұл сайыста Көкпекті ауданының намысын Көкпекті орта мектебінің бірінші сынып оқушысы Милана Вишнякова қорғады. Оның әжесі Раиса Вишнякованың айтуынша, Милана тілді ешкімнің қадағалауынсыз, өзі үйренуде. Оның тілге деген қызығушылығын туыстарының барлығы, әсіресе, әкесі Олег ерекше қолдайды екен.

Төрт бөлімнен тұратын сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырса, екінші кезеңде бүлдіршіндерге арналған тақпақтарды жатқа айтты. Минутына 200 сөз оқитын Милана бұл сайыста алдына жан салмаған екен. Оның орындауындағы «Туған күніңмен» әні көрермендер мен қазылар алқасын тәнті етсе керек. Соңғы кезеңдегі сурет бойынша әңгіме құрастыру мемлекеттік тілді еркін меңгерген жеткіншекке ешқандай қиындық тудырмаған көрінеді.

Сонымен тартысты өткен сайыстың қорытындысында төрешілер Милананы бір ауыздан «Өнерлі бала» аталымының жүлдегері деп таныды. Міне, бүлдіршіндерге мемлекеттік тілді балабақшадан бастап үйретудің тиімділігі осыдан-ақ байқалса керек.

Қайрат Мәлғаждаров

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button