Министр марапаттады
Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ерекше еңбегі үшін бір топ ұстазға «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін тапсырды. Мемлекеттік награда алғандардың қатарында жерлесіміз, Жамбыл атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытгүл Ауғанбаева да бар.
Жамбыл мектеп-интернаты облыстың түкпір-түкпірінен жиналған ауыл балаларын үлкен өмірге баптап ұшыратын білімнің қара шаңырағы екені баршаға мәлім. Оның түлектері еліміздің игілігі үшін әр салада жемісті қызмет етуде. Заман талабына сай дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия-интернат мәртебесін алған білім шаңырағының оқушыларына берер білімі де қатардағы мектептен әлдеқайда терең де жан-жақты болуы шарт. Осыған орай білім шаңырағында оқушылардың ғылыми жобалар мен жұмыстар жазуына, зерттеулер жүргізуіне бағыт-бағдар беретін оқушылардың кіші ғылыми академиялық орталығы бар. Мектептегі барлық ғылыми жұмыстарды, жобаларды үйлестіру, мұғалімдердің көштен қалмай, жаңартылған білім мазмұнына көшуіне әдістемелік көмек көрсету– директордың инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасарының міндеті.Білім саласында жиырма жылға жуық еңбектеніп келе жатқан Бақытгүл Ауғанбаева төменгі сынып балаларын ғылымға бейімдеуге негізделген «Ғылым әліппесі» әдістемелік оқулығының авторы. Жалпы алғанда жеті әдістемелік оқу құралын жазып шыққан.
– Оқушыларды ғылыми зерттеу жұмыстарына жастайынан баулуды қолға алып отырмыз. Бұрын ғылыми жобаны 8-10 сыныптарда жазса, біз қазір 6-7 сыныптан жазғыза бастаймыз. Мақсатымыз- барлығын ғалым қылып тастау емес. Ғылыми жұмыспен айналысқандардың ой-өрісі дамиды, пайым көкжиегі кеңейеді, бір нәрсені іздейді, зерттейді. Бір тақырыпты шығарып алып, соның айналасында жұмыс істейді. 14 сәуір – Халықаралық ғылым күнін мектебімізде онкүндік ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырғанбыз. «Ғылым әліппесі» оқушыларды жобаға қызықтыруда, тақырыпты таңдауда мұғалімдерге көмекші құрал, – дейді Бақытгүл Омарғалиқызы.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жамбылдық оқушылар жыл сайын халықаралық ғылыми байқауларда жүлделі болып, түлектері грант иегерлері атанып жүр. Биылдың өзінде халықаралық байқаулардан 12 оқушы үздік шығып, алтауы грантқа ие болды.
Аталмыш мектеп-гимназия-интернат білім беруде гуманитарлық-қоғамдық және физика-математикалық екі бағытты қатар жүргізіп келеді. Бұл – оңай емес. Білім ордасы «Дарын» орталығымен, «Өрлеу» орталығымен, жоғары білім орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осы білім шаңырағында белгілі ұстаз Қанипа Бітібаеваның авторлық зертханасы ашылған. Соның аясында мультимедиалық журналистика үйірмесі жұмыс істейді. Әртүрлі үйірмелерге мұғалімдер жетекшілік етеді. Бұл қызметтерді олар қоғамдық жұмыс ретінде тегін атқарады. Мұғалімдердің өздері де әртүрлі басылымдарға ғылыми мақалалар жазады. Биыл биология, физика, информатика кабинеттері жаңадан жабдықталған. Жаңа оқу жылынан бастапоқушыларға информатика, биология, физика пәндері ағылшынша жүргізіле бастайды. Әзірге балалар пәндерге қатысты терминдерді ағылшынша меңгереді.
– Рим ойшылы Сенеканың «Өзгелерді үйрете жүріп, өзіміз де үйренеміз» деген сөзі бар. Өзіміздің данышпан Абай да«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп бекер айтпаған. Бүгінгі алған мемлекеттік марапатым мен үшін үлкен мәртебе. Бұл белгі – оқушыларға Әйтеке бидің әділеттілігін, Төле бидің төрелігін танытып жүрген ұстаздардың кеудесіне тағылған төсбелгі. Біздің мектеп-гимназия-интернаттың ұстаздар қауымының еңбегінің жемісі, соларға тағылған төсбелгі деп түсінемін. Бұл төсбелгінің артында үлкен жауапкершілік тұр. Істеген жұмысымды одан сайын түрлендіріп, оқушыларымды, әріптестерімдіқызықтыратын, одан сайын елітетін дәрежеде жұмыс істеуім керек, – деп ағынан жарылды Бақытгүл Омарғалиқызы.
Айна Ескенқызы