Мәдениет

Әмина Өмірзақова атындағы фестиваль басталды

Кеше Семейде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ киносы мен театрында өшпес із қалдырған әйгілі актриса Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық театрлар фестивалінің шымылдығы түрілді.

Қазақстан театрлары қауымдастығының ұйымдастыруымен, Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатқан өнер додасына еліміздің түкпір-түкпірінен, Алматы мен Нұр-Сұлтаннан жиыны 12 ұжым қатысып жатыр. Олардың өнерін тамашалау үшін жиналған көрермен қауымның да қарасы алғашқы күннен-ақ тым көп болды. Қарақұрым жұрттың сүйікті әртістеріне деген ыстық ықыласы мен құрметі анық байқалды. Соған орай Қазақстанның халық әртістері Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова сынды белгілі тұлғалар да қарапайым халықтың ортасынан табыла білді. Бұл әрине Әмина Өмірзақовадай біртуар дарын иесіне көрсетілген зор құрмет, оны өмірге әкелген ұлылар еліне деген ерекше ілтипат деп түсіндік біз.

– Бұл шара қазақтың көрнекті актрисасы Әмина Өмірзақованың есімін ұлықтауға арналып отыр. Халық Әминаны мәңгі есте сақтауы керек, – деді Асанәлі Әшімов.

Фестиваль басталмай тұрып Қазақстан театрлар қауымдастығының вице-президенті Асхат Маемиров пен Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешова брифинг өткізіп, ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берді.

– Фестивальге еліміздің қалаларынан 12 театр ұжымы қатысуда. Ерекшелеп айта кетейін, мұндай ауқымды фестиваль Семейде тұңғыш рет өткізіліп отыр, – деді Асхат Маемиров.

Естеріңізге сала кетейік, аталған фестиваль алты күн бойы жалғасады. Семейліктер мен қала қонақтарына Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық театр, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Абай атындағы музыкалық театр сияқты көптеген ұжымдардың өнерімен сусындауға мүмкіндік туады.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button