Мәңгілік махаббаттың мазары

Екі иығынан дем алған пойыз ыңыранып Таңсық стансасынан өтіп бара жатты. Қасымдағы үлкендеу кісі терезеден сыртқа үңілді. «Жарықтық, баяғыда осы жерден қос ғашықтың мазары көрінуші еді… ». Айтып тұрған қос ғашығы – Қозы мен Баян ғой… Қасымдағы қызыммен бірге сканворд шешіп отырған мен де елең ете қалып, ермегімді былай ысырып қойып, терезеге жабыстым. Қасымдағы қартаңдау кісі екеуіміз терезеден сыртқа ұзақ қарадық. Анау көз ұшында көрінген мазардың күмбезіне ұқсайтын сияқты біртүрлі… Десе де терезеге үңілген екеуміз де «Қос ғашықтың мазары әне анау тұр» деп айта алмадық. Мүмкін көзіміз жетпеген шығар, бірақ екеуміздің де көңіліміз жүйрік еді. Қос ғашықтың мәңгілік мекені жаққа қарап отырып, бейтаныс жолаушы екеуіміздің іштей тәу еткеніміз анық.
Иә, бұл жермен шойын жолды дүрсілдетіп күніне әрлі-берлі қаншама пойыздар өтеді… Қаншама жолаушылар сонау-у алыста мұнартып көрінген махаббат күмбезіне іштей тәу етеді…. Бәлкім, ол жолаушылардың ішінде Таңсық стансасынан небәрі 10 шақырым жерде орналасқан Қозы Көрпеш пен Баян сұлу кесенесіне аяғы жете алмағанына іші удай ашып, өкінетіндері де бар шығар… Бүгінде қос ғашықтың кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің» тізіміне енген. Киелі жер… Әрине, 1500 жылдан астам тарихы бар «Қозы Көрпеш- Баян сұлудай» жырдың басты кейіпкерлері тыныс тапқан бұл жердің қасиет-қадірін ешкім де жоққа шығармайды. Ақиық ақын Мұқағалидың өзі:
Жол түсіп, ұрпақ,
Таңсыққа барсаң тегінде,
Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген
Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде
Бабаларыңның махаббаттары көмілген, – деп жырлады емес пе? Қалай десек те, күмбезін күн сүйген бұл мазардың қазақтың осынау сайын даласына ерекше бір көрік беріп тұрғаны анық. Сиқырына арбаласың, тылсымына таңданасың. Қаншама ғасыр, қаншама жылдар өтсе де, мөлдір махаббатты, пәк сезімді мадақтап тұрған қос мұңлықтың кесенесі жалғыз қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін өте киелі екенін жан-тәніңмен сезінесің.
Тарихы терең кесене
Жалпы, осы біз «Қазақтың киелі жерлерінің» тізіміне енген Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесі жайлы не білеміз? Биіктігі 12 метрге таяу, табаны төрт бұрышты таған түрінде болып келетін мазар осынау өңірде қашан бой көтерді екен? Әрине, зерттеушілердің ешқайсысы да кесененің бой көтерген кезін тап басып, нақты айта алмайды. Олардың бірі қос мұңлықтың кесенесі Ү-Х ғасырда тұрғызылған десе, тағы біреулері Х-ХІ ғасырда бой көтерген деген пікірде. Тіпті ғалымдардың бір тобы мазар қазақ жеріне ислам діні тарамай тұрған кезде салынуы мүмкін деген де жорамал жасайды. Мысалы, академик Әлкей Марғұлан «Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының қай кезде шыққанын жақсылап айыратын белгiнiң бiрi — оның күмбезi. Бұл күмбез өте ерте уақытта исламнан бұрын, ғұн заманында, не Түркi қағанаты кезiнде тұрғызылған белгi. Себебi, тастан дөңгелек үй, мұнара жасау Түрiк қағанаты кезiнде ерекше орын алған. Қыпшақ пен оғыздар ондай дөңгелек, төбесiнде күмбезi бар тас үйлердi, “дың”, “дiңгек”, “тас үй” деп атаған. Сол сөздер, сол тарихи дәстүрдi жалғастырып, олардың ұрпақтары сақтаған. Дөңгелете салған тас үйлер, бүтiндей жазда отыратын киiз үйге ұқсайды, асты дөңгелек, төбесiнде биiк еңсесi бар, сырты күмбезденiп, сәулет берiп тұрады. Қазақтың көп жырында айтылатын “Еңсесi биiк ақ ордам” — осының сәулеттiк құрылымын жарқын түрде суреттейтiн ұғым» деп жазады.
Бұл кесенені кім салды? Қалай салды? Жанақ ақынның жеткізуінше күмбезді Айбас 50 мың адаммен салған көрінеді. Күмбезді көтеруге қажетті тас үш көш жерден тасылған екен. Ал ел ішіндегі аңыз әңгімелер мазар мен оның жанындағы тас мүсіндерді Сарыбайдың інісі Тайлақ би жасатқан дейді.
Жалпы, көптеген деректерде Қозы көрпеш – Баян сұлу мазарының жанында төрт тас мүсіннің болғаны жайлы айтылады. Тіпті сол тас мүсіндердің нобайын қағазға түсіргендер де бар. Оның бірі – Григорий Волошин. 1769-1770 жылдары Қытай асқан торғауыттар мен қалмақтардың ол жақты қалай жерсініп, сіңіп жатқанын жасырын түрде білу мақсатымен ел кезген сапарының бірінде ол күмбезді өзінің ресми есебіне кіргізіп, зират басындағы мүсіндердің бір-екеуінің суретін салып, картасына түсіріпті. Білетіндер аталған карта Ресей Сыртқы істер министрлігінің мұрағатында әлі сақтаулы тұрғанын айтады. Сондай-ақ бұл тас мүсіндер туралы деректер генерал В.Броневскийдің, Сібір генерал-губернаторлығының чиновнигі Н.Абрамовтың жазбаларында да кездеседі. Ал 1856 жылы мазар басындағы тас мүсіндер қазақ халқының алғашқы ағартушы-ғалымы Шоқан Уәлихановтың қаламына да іліккені белгілі. Халық арасындағы аңыз бойынша, олардың бірі – Баян сұлу, екіншісі – сіңілісі Айғыз, үшіншісі – апасы Айтаңсақ, ер адам – Қозы болса керек. Бірақ халық кейін ол мүсіндерден көз жазып қалған. Әйгілі жаһангер-саяхатшы Г.Потаниннің кеңесімен еліміздің шығыс өлкесін зертетп, ертегі-аңыз жинаумен айналысқан А.Белослюдов Г.Потанинге жазған хатында екі тас мүсіннің Германияға әкетілгені туралы жазады. Хатта «Қозы Көрпеш ескерткішінің қасында екі рет болдым. Бірақ мен ешқандай тас мүсіндерді көре алмадым, олардың екеуін Германияға алып кетіпті» деген жолдар бар.
Мазарға назар аударған жөн
Жалпы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мазары ғасырлар тереңінен бізге сол қалпы жетті ме? Әрине, жоқ. Мәңгілік махаббат мұнарасын жауын-шашын ғана мүжіп, бүлдірген жоқ, оған сәулет өнерінен мүлдем хабарсыз сауатсыз басшылардың да салқыны тиді. Қайбір жылы мыңдаған жылдық тарихы бар мазарды реставрациялау ісін өз ісінің нағыз мамандарына емес, Семей педагогикалық институтының студенттеріне тапсыруын жауапсыздық демей не деуге болады. Ол пақырларыңыз өнер туындысын цементпен сылап, одан сайын сынын бұзған көрінеді.
2002 жылдың тамыз айында аягөздіктер жырдың 1500 жылдығын атап өтеді. Десе де ақын Несiпбек Айтұлының «Көршiлес қырғыздар «Манас», өзбектер «Алпамыс» жырларының 1000 жылдықтарын кезiнде қалай дүркiретiп өткiзгенiн ойласаң iшiң қыз-қыз қайнайды» деген пікірімен келіспеске амал жоқ.
Құдай оңдап «Қазақстанның киелі жерлерінің» тізіміне енген «Қозы Көрпеш Баян сұлу» мазарына енді салмақты назар аударғанымыз жөн шығар. Жергілікті биліктің сөзіне сенсек, біраз жұмыстар да атқарылып жатқан сияқты. Республикалық бюджеттен бөлінген 475 миллион теңгеге Таңсық стансасынан кесенеге дейін тасжол мен көпір салыныпты. Биыл кесене басына шырақшы үйін салу жоспарланып отырған көрінеді. Билік басындағылардың кесене маңайындағы Қодар қазған құдыққа да құлпытас қою ниетін әбден құптауға болады. Қалай десек те, мәңгілік махаббат мазарының жарнамасын жасап, бағын ашу өз қолымызда екені шындық. Ел болып, жұрт болып Ұлы қазақ даласының «Ромеосы мен Джульеттасын» дәріптей алсақ, туризмнің орталығына айналдыра алып жатсақ, нұр үстіне нұр екені сөзсіз.
Мейрамтай Иманғали