Мүгедек жандар мұражайға бара алады
Семей қалалық әкімдігі мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының, Абай атындағы музыкалық драма театрының қолдауымен «Кедергісіз театр», «Кедергісіз мұражай», «Кедергісіз ақпарат» жобалары іске асырыла бастады.
Енді мүгедек жандар қаланың қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласады деуге негіз бар. Жалпы, Семей қаласында 12 мың мүгедек болса, оның екі мыңнан астамы театрға өздігінен келе алатын есту қабілеті нашар жандар екен. БҰҰ жобасының еліміздегі менеджері Рауан Қалиевтің хабарлауынша, бұл жобада мүгедек жандардың дені сау тұрғындармен бірдей мәдени орындарға барып, тынығуы үшін қолайлы жағдай туғызудың барлық мүмкіндігі жан-жақты қарастырылыпты.
– Жобаны жүзеге асыру барысында тифлокоментатор үшін арнайы жұмыс орны да ашылды. Сонымен қатар, театрда мүгедек жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы болуы үшін заманауи ролл-пандус – конструктор да орнатылып, мүгедектер арбасы да сатып алынды, – дейді Р. Қалиев.
Жоба БҰҰ-ның Даму бағдарламасы арқасында жүзеге асып отыр. «Кедергісіз мұражай» жобасы аясында да құлағы керең жандар қаладағы Невзоровтар отбасы атындағы өнер мұражайын тамашалап, жәдігерлер туралы ақпараттарды ала алады. Семей қалалық ішкі саясат бөліміндегілердің айтуынша, жоба шеңберінде арнайы құрал-жабдықтар сатып алынып, құлағында мүкісі бар адамдар үшін арнайы бағдарлама да жасалыпты. Сондай-ақ, мүгедек жандар үшін жоба бойынша сатып алынған сенсорлы экрандарда көрсетілетін арнайы 3D- мұражай фильм де жасалған.
Шығыс-Ақпарат