Сайлау-2023

Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталды

Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясы.

– 2023 жылғы 8 ақпандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына келесі саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну туралы құжаттар келіп түсті – Қазақстан халық партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ» жасылдар партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Amanat» партиясы, «Respublica» партиясы, – делінген ОСК-ның ақпараттық хабарламасында.

Еске салсақ, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған Парламент Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сайлау 19 наурызға белгіленді.

Сондай-ақ Президент барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа да қол қойды.

Айта кетсек, Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекіткен болатын.

– Кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталады және 20 күнге созылады, 8 ақпанда әр аймақта жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18.00-де басталып, 18 наурыз сағат 00.00-ге дейін жүргізіледі. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау күні, – деген еді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button