Қоғам

Мердігерлердің жауапсыздығынан құрылыс ұзаққа созылып отыр

Мердігерлердің жауапсыздығынан құрылыс ұзаққа созылып отыр

Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Өскемен қаласында және Глубокое ауданында орналасқан екі проблемалық құрылыс нысанына, атап айтсақ, облыс орталығының 19-шы шағын ауданында салынып жатқан бір мың орындық қазақ мектебі мен Зимовье психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің интернатына барып, олардың жай-күйімен танысты.
Өскемендегі оқу ордасының құрылысын бас мердігер – «Ақмола Құрылыс Материалдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ нысанды қаланың, құрылыс және білім басқармаларының басшылығымен, өзге де жауапты тұлғалармен бірге аралап көріп шықты. Істің барысы облыс әкімі тарапынан қатты сынға алынды. Себебі, нысан құрылысы 2012 жылдың маусым айында басталған. Содан, міне, үш жыл өтті. Аймақ басшысының айтуынша, аталмыш «сақалды» құрылыс Шығыстың абырой-беделіне нұқсан келтіріп тұр.
Облыс әкімі мердігер компанияның басшылығын тез арада шақыртуды, істің қазіргі жағдайына мұқият талдау жасап, шұғыл шаралар қолдануды жүктеді. Жауапты тұлғалар мен құрылысшылар алдына мектепті осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін салып бітіруді тапсырды. Аймақ басшысының пайымынша, бұл, әлбетте, оңай шаруа емес, дей тұрғанмен, бұдан әрі құрылысты созуға еш болмайды. Сондай-ақ, 14 сәуірге дейін жауапсыз құрылыс ұйымдарымен кеңес өткізіп, қала мен облыс құрылысшыларының әлеуеті мен мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану мәселесін пысықтау қажет.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТЫҢ айтуынша, нысан құрылысын жүргізуге арналған тендерді өзге өңірлік компаниялардың жеңіп, артынша өз міндеттемелерін орындамай жатуы жиі кездеседі. Ал жергілікті құрылысшылар болса, жұмыстан қағылып, шеттетіле береді.
Бұдан соң облыс әкімі Зимовье ауылында салынып жатқан медициналық-әлеуметтік мекеме интернат-үйінің жағдайын да ерекше зерделеді. Құрылысы 2011 жылы басталған нысанды биыл аяқтау жоспарлануда. Бас мердігер – «Оптима Строй УК» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 956 миллион теңге, оның басым бөлігі игерілген.
Бұл нысанның да мәселесі бастан асады. Олар – құрылыс жұмысының сапасыздығы, ауызсумен қамтудағы кідірістер, кәріз жүйесінің жоқтығы, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі шараларының қабылданбауы.
Аймақ басшысы нысан басында құрылыс басқармасы, еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, интернат-үй мен мердігер компания басшыларымен жүздесіп, мұндағы заңсыздықтар жөнінде кешенді тексеру жүргізілетінін айтты. Атап айтар болсақ, бұл ғимарат әлі пайдалануға берілмеген, десек те интернатқа науқас адамдар көшіріліп қойыпты. Әлі салынып бітпеген нысанда тұрудың өзі олардың өмірі мен денсаулықтарына қатер төндіруі ықтимал. Бұл ретте аймақ басшысы құрылыстың барысын бақылауға және олқылықтарды дер кезінде аңғарып, түзеткізуге тиісті авторлық және техникалық қадағалау органдары өкілдеріне сын-ескертпелер айтты.
Сапар соңында аймақ басшысы өзінің орынбасары Димитрий Гариковке аталмыш құрылыс нысандары бойынша жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. Үш күннен соң аталмыш сараптаманың қорытындысы облыс әкіміне баяндалуы тиіс. Даниал АХМЕТОВ осы құрылыс нысандарына қатысы бар өзге де мәселелер бойынша тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Аймақ басшысы мердігерлердің кінәсінен және бақылаушы органдардың салғырттығынан мектеп, интернат сияқты әлеуметтік мекемелер құрылысының ұзаққа созылуын бассыздық деп атады.
Естеріңізге сала кетсек, мұның алдында облыс әкімі аяқталмаған құрылыс нысандары бойынша арнайы кеңес өткізген-ді. Қазіргі кезде аймақта 118 салыну кестесінен кешіккен ғимарат бар. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ атқарылып жатқан жұмыстар барысын сын тезіне алып, осы жылдың 15 сәуіріне дейін нысандарды іске қосудың нақты кестесін құруды және оны бұлжытпай орындауды тапсырды. Бұл іске тікелей қалалар мен аудандар әкімдері жауап беретін болады.
Атап айтсақ, 13 нысанда жұмыстар мердігерлердің өз келісімшарттық міндеттемелерін орындамауынан созылып отыр. Облыс әкімі барлық деректер бойынша мемлекеттік іс-қимыл шараларын жедел қабылдауды, мердігер ұйымдар басшыларымен жиындар өткізіп, әрбір нысан бойынша түбегейлі сараптама жүргізуді міндеттеді. Қажет жағдайда жұмысқа құқық қорғау органдарының өкілдерін де тартқан жөн екенін айтты.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button