Әдебиет

Мен топтан қалай шықтым?

Аяқ астынан «Туыстар» деп аталатын топқа топ ете түскені. Қайнысы топтап-топтап, барлығының басын бір жерге қосып қойыпты. Қараса, абысындары, қайын сіңлілері, күйеубалалары – барлығы осында екен. Жаңа топқа келген соң, бірдеңе деу керек екен деп, бірдеңесін жазды. Мұның «Қайырлы күн, туыстар! Топтарыңыз құтты болсын!» деген жазбасын ешкім де елемеді. Бәлкім, оқымаған шығар. Барлығы да жұмыста. Топқа бірдеңе деп жазуға да уақыттары болмаса керек.

Сөйтіп, Жаңа жыл келді. Аңқылдаған басы тағы да бірінші болып «Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!» деп көл-көсір тілегін тағы да жазды. Тағы да жым-жырт. Ерінбей-жалықпай жазған еңбегіне біреуі бүйтіп саусағын шошайта салса, риза болар еді ғой. Елп еткен ешқайсысы жоқ. Өзінің туыстарының да «Әулет» атты тобы бар. Жазған тілегін ол жаққа да жіберген. Ондағылар «бетінен сүйіп», «саусақтарын шошайтып», «Рахмет», «Әумин» деп өліп қала жаздады.
Құдай-ау, «Туыстар» деген топ ашқаннан кейін, жағдай сұрасу, бірін-бірі құттықтау деген болу керек қой деп ойлап қояды ішінен. Бұлар саусақтарын жыбырлатып, бірдеңе деп жазуға ерінеді ғой тәйірі… Үлкен абысыны анда-санда желіні шарлап, «шаршаған» бір суреттер мен видеоларды жіберіп қояды. Онысына бұдан өзге саусағын шошайтып жатқан ешкім жоқ.
Күніне бір рет «Туыстардың» тобына кіріп қояды… Сол сұп-суық… Мал-жанның амандығын сұрап хал сұрасу, сәлемдесу деген мүлдем жоқ. Абысынының жіберген жансыз суреттері мен видеолары ғана. Оның өзі орысша. Орыс тілді абысындары мен қайын сіңлілері, күйеубалалары соған қарағанда мұның қазақша жазған тілегін оқымайтын да болса керек. «Сендерге қор болған, қайран тілім-ай десеңші» деп қояды ішінен.
… Кеше ғой телефоны дұрыс істемей, қатты да қалды. Ана жерін шұқылады, мына жерін шұқылады. Міз бақпайды. Қазіргі кезде телефонсыз еш жұмысың бітпейді емес пе? Ақыры, жөндетуге апарған. Ондағы жігіт:
– Апай, телефоныңыздың жады толып кетіпті. Қазір жөндеген кезде біраз қосымшалар мен жазбалар өшіп қалуы мүмкін, – деп ескертті.
Шынында да жөндеуден өткен телефонында вацап желісіндегі «Туыстар» атты топ атымен жоқ. Неге екенін кім білсін, бұған қуанбаса, еш ренжімеді. Қазақша қауқылдасып, әңгіме айтпаған соң, қазақша амандасып, жарқылдай алмаған соң, ондай топ несіне керек деп ойлады? Мылқау топтың барынан жоғы жақсы. Енді мұны ешкім ол топқа қоспаса екен…
Ол бір сәт осылай ойлады…

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button