Мәдениет

Мен бақытты баламын!

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, Тарбағатай аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Ақсуат мәдениет үйінде «Мен бақытты баламын!» атты аудандық фестиваль өтті.

Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров құттықтау сөз алып, «Болам деген баланың бетін қақпай, белін бу» қағидасын ұстанатын ауданымызда әр балаға тәлімді тәрбие, бәсекелі білім беру ісіне баса мән берілгендігін атап өтті. Фестиваль аясында аудан әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров, аудандық мәслихат хатшысы Асқар Боғырбаев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Дауытбаева өнер, білім, спорт саласында айтулы жетістіктерді бағындырып, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлде алған оқушыларды арнайы дипломдармен марапаттады.

Мәселен, Көкжыра ауылындағы М.Әуезов мектебінің 10-сынып оқушысы Еркебұлан Оразанбаев республикалық ақындар айтысының және М.Мақатаев оқуларының жеңімпазы. Ал Ақжар ауылындағы Қ.Бильялов атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Айғаным Макижанова «Алтын белгіге» үміткерлер арасында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өткен «Ақылды AWARDS-2022» атты жоба байқауында бас жүлде алды. Сондай-ақ «Біз болашақтың қаласын саламыз» аталымы негізінде ШҚТУ-дың 4 жылдық оқу грантын иеленді. Құйған орта мектебінің 6-сынып оқушысы Нұрәли Мұхаметкаримов республикалық «Мың бала» олимпиадасында топ жарды.

Өнер саласында Ақсуаттың А.Байқыдыров атындағы саз мектебінің «Томирис үлгілі өнерпаз» би ұжымы республикалық «Таңғы шұғыла» байқауының бас жүлдесін, Ақжар саз мектебінің оқушысы Таңбибі Айкенова балалар-жасөспірімдер арасындағы халықаралық «Samgau» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Спортта да айтулы жетістіктер бар. Қабанбай ауылының К.Төгісов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Әлішер Садықов волейболдан «Ұлттық мектеп лигасының» республикалық жеңімпазы, Тұғыл ауылының Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Гүлжан Маратова бес асықтан «XI жазғы гимназия» бойынша республика чемпионы. Ал Екпін ауылының Ы.Кәбеков атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Сабыржан Мақсұтов қазақ күресінен Шымкент қаласында өткен Республика чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде жүлделі III орынды иеленіп, мерейімізді тасытты. Жалпы, аудан көлемінде осы білім, өнер, спорт саласында жиыны 75 оқушы түрлі дәрежедегі жарыстарда топ жарып отыр.

Осының барлығы «Мен бақытты баламын!» атты аудандық фестиваль аясында көрерменге паш етіліп, жерлестерді бір қуантып тастады. Фестиваль концерттік бағдарламамен әдемі өріліп, аудандағы мектеп жасындағы балалардан құрылған би топтары, қазақтың қара домбырасының құдіретін әспеттеген күйшілер ансамбльдері, жеке дауысты вокалды орындаушылар сахна төрінен тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп айтып кеткеніндей, іргелі мемлекет құру жолында жас ұрпақтың дені сау, өнерлі, білімді болып өсуіне ұдайы қолдау жасау – ең игі іс болып қалмақ.

 Ерлан Бапанов, ТАРБАҒАТАЙ.

Осы айдарда

Back to top button