Экономика

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің берері мол

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің берері мол

Премьер-Министр Кәрім МӘСІМОВТІҢ Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің даму барысы да назардан тыс қалмады.
Қаржы дағдарысы мемлекет жоспарларын қайта қарастыруға, маңызды жобаларды бизнес көмегімен шешуге мәжбүрлейді.
Әріптестік жүйесі шет елдерде оң нәтижесін көрсетіп келеді. Қазақстанда да осы механимзге жақсы көңіл бөлініп отыр.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті реттейтін жаңа заңнамаға сәйкес өңірлерде маңызды инфрақұрылымдық жобалармен қатар шағын жобаларды да іске асыру мүмкіндігі кеңейе түсті.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында Өскемен қаласында жаңа заңнаманы түсіндіру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ, өзге де уәкілетті ұйымдар өкілдерінің қатысуымен аймақтық семинар өткен болатын.
Бұл жолы да жоспарланып отырған, сондай-ақ, іске қосылған жобалардың жай-күйіне, заңнамадағы кедергілер мен мәселелерге мән беріліп, нақты іс-қимылдар талқыға салынды.
Әріптестік жобаларын жоспарлау және жекеменшік әріптесті таңдау үдерістерін оңтайландыру мәселелері де қарастырылды.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мүмкіндіктерін сәтті қолданып отырған өңірлердің көш басында келеді.
Облыста балабақшалар кешенін, ауруханаларды салу және пайдалану сияқты маңызды жобаларды іске асыру кезінде әріптестік механизміне басты назар аударылып отыр.
Айта кететін жайт, осы бағыттағы басты кедергілердің бірі – жобаларды қаржыландыру, яғни, қарыз алу құнының қымбаттылығы.
Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізіліп, бұдан әрі кәсіпкерлікті дамыту барысындағы жұмыстар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын да қамтитын болды.
Кездесу кезінде осы жаңа мүмкіншілікті «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесе отырып пайдалану қажеттілігі сөз болды.
Әріптестік шеңберінде бизнес қаржылық ресурстардан басқа, кәсіби тәжірибені, объектілерді тиімді басқаруды, жаңа технологияларды, жаңашылдық қабілетті қамтамасыз етсе, мемлекет өз тарапынан кепілдіктер, сонымен қатар материалдық және өзге де ресурстарды ұсыну мүмкіндігін қамтамасыз ететіні тілге тиек етілді.
Осылайша, кездесу кезінде мемлекет пен бизнес әріптестігінің пайдалы тұстары, осындай жобалардың ел дамуына оң әсер беретіні, қоғамдық игіліктер мен қызметтердің қол жетімділігін және сапасын арттыратыны атап көрсетілді.

Рысбек Нұрпейісов, қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының сарапшысы

Осы айдарда

Back to top button