Білім

Мемлекеттік қызметкерлер алғашқы болып атқа мінді

Мемлекеттік қызметкерлер алғашқы болып атқа мінді


Жарма ауданында «Жаңа әліпби – рухани жаңғырудың негізі» атты облыстық көшпелі семинар-тренинг өтті. Өңір ғана емес, республика көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл семинарға мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Аягөз, Көкпекті, Зайсан, Тарбағатай, Жарма өңірінен жиылған мемлекеттік қызметкерлерді әуелі аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері концерттік бағдарламамен қарсы алды. Жалпы, бұл өңірдің өнерпаздары аудан емес, бүкіл ел көлеміне танымал екені белгілі. Жиылған жұрт әр жанр бойынша дайындалған жарты сағаттық рухани шарадан шабыттанып шықты. Бірі, бірыңғай тігілген киімдеріне көз мейірін қандырса, енді бірі талантты өнерпаздарға таңдай қағып жатты. Биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған аталмыш шығармашылық ұжым жайында келесі мақаламызда кеңінен тоқталармыз. Біз семинарға оралайық.

Семинарды Жарма ауданы әкімінің орынбасары Айдар Ибраев ашты.

– Жарма жеріне қош келдіңіздер. Латын әліпбиіне көшу мәселесі бірер жылдың еншісінде ғана емес, қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сесиясында бұл туралы нақты айтқан болатын. Өткен жылғы «Рухани жаңғыру» мақаласында да кеңінен тоқталған. Латынға көшу туыстас елдерді жақындату үшін, ұрпақ болашағы үшін өте тиімды жол екені белгілі, – деді шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Айдар Ибраев.

Шараның өтуіне мұрындық болған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма екенін айта кету ләзім. Ашылу салтанатында облыстан арнайы барған аталмыш басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина семинардың мән-маңызы мен жоспарын түсіндірді.

– Қазақстандық қоғамның жаңа рухани жаңғыру кезеңіндегі маңызды мәселелердің бірі – жаңа әліпбиге көшу. Латынға көшу мәселесі талқыға түскеннен бері түрлі пікірлер айтылып жатыр. Өткен жылы қазан айында Елбасы Жарлығымен латын әліпбиінің жаңа нұсқасы бекітілген болатын. Биылғы ақпан айында бұл нұсқаға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Содан бері ұлттық комиссияның жанынан төрт жұмыс тобы құрылып орфографиялық, әдістемелік, сараптамалық-ақпараттық және терминологиялық бағытта қауырт жұмыстар істеліп жатыр.

Осы жылдың 13 наурызында 2025 жылға дейінгі латынға көшу кезеңдерінің жоспары бекітілген. Осыған байланысты біз алғаш рет мемлекеттік қызметкерлердің ортасында семинар-тренингті ұйымдастырып отырмыз, – деді Сәуле Сағидоллақызы.

Облыстағы аудандар мен қалаларды географиялық орналасуына байланысты төрт топқа бөлген тілдерді дамыту жөніндегі басқарма, бұдан кейінгі көшпелі отырыстарды жыл соңына дейін Катонқарағай ауданында, Семей қаласында, Ұлан ауданында ұйымдастырмақ.
Ал Жарма жеріндегі шараны өткізуге семейлік тіл мамандарын шақырыпты.

Мемлекеттік қызметкерлер алғашқы болып атқа мінді

Жалпы, бұрын-соңды өтіп жүрген семинар-тренингтердің әуелі теориялық бөлімі содан кейін барып практикалық бөлімі өтетіні белгілі. Бұл жиында сол дәстүр бұзылып, әр ауданнан келген топтармен бірден практикалық тренингті бастап жіберді.

Жаңа әліпбидің жаңа нұсқасын қағаздан қарап отырып анкетасын толтырған мемлекеттік қызметкерлердің кейбірі басында тосырқай қараса, кейбірі қуана жұмысына кірісті.

ERUDIT білім ғылым орталығының атқарушы директоры, халықаралық деңгейдегі тренер Азамат Азатов қызметкерлермен қызықты жаттығулар жасады. Әуелі бір-бірлеп сыннан өткізіп алған соң, жұптап, одан кейін топтап диктант жаздырды. Жазуларын қайталап өздеріне оқытты. Қызметкерлердің кейбірі жазуы мен оқуы қиындық тудырған әріптерді тілге тиек етсе, енді біреулері жаңа әліпбидің ешқандай қиындығы жоқтығын айтып жатты.
Сөйтіп, бірінші рет практикалық бөлімнен бастаған қатысушылар теориялық бөлімде мамандармен еркін әңгіме өрбітті.

Тренингті ұйымдастырушылардың бірі, Шәкәрім атындағы СМУ-дың философия және саясаттану кафедрасының доценті Арафат Мамырбеков әліпби ауыстырудың тиімді тұстарын түсіндірді.

Оның айтуынша жаңа әліпби жасау кезінде әрбір әріптің ұлттық ерекшелігі мен саяси маңызы болады. Қазақ даласындағы алғашқы Орхон-Енесей жазуы түркі тілдес елдердің түбі бір екенін дәлелдесе, одан кейінгі Әбу Насыр Әл Фарабиден Абайға дейінгі ғұламалар пайдаланған араб әліпбиі жаңағы ғұламаларды әкелген. Ал бүгінгі көшкелі отырған жаңа әліпби техника талабы. – Біз латын әліпбиіне баяғыда өтіп кеткенбіз. Ең қысқасы, қарапайым автокөліктердің нөмірін айтайық. Кейбір ТМД елдерінен басқа кириллицаны пайдаланатын елдер жоқ. Егер жеке көлігіңізбен шетел аса қалсаңыз ол әріптерді кедендегі халықаралық стандарт қабылдамайды. Тұрасың сол жерде апталап. Бұл қарапайым мысал, – деп ой қорытқан Арафат Мәжитұлы жаңа әліпбидің басқа да маңыздылықтарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Мемлекеттік қызметкерлер алғашқы болып атқа мінді

Шәкәрім атындағы СМУ-дың қазақ тілі және әдебиет кафедрасының аға оқытушысы Төлеуғазы Мүрсәлімов толықтырулар мен өзгетулер енгізген жаңа нұсқаның олқы тұстарына тоқталды. Ол кісінің айтуынша кейбір сөздердегі әріптер қатар келгенде оқуға қиындық туғызатын көрінеді.

Қорыта айтқанда, Жарма жерінде өткен шарадағы жаңа әліпбиге деген мемлекеттік қызметкерлердің алғашқы қадамы жаман болған жоқ. Әкімдіктің қызметкерлері бастап алғашқы болып атқа мінсе, қарапайым халық қарап қалмасы анық.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button