Білім

Мемлекеттік тілдің мерейін көтерді

Мемлекеттік тілдің мерейін көтерді


Жастар жылы аясында Алтай ауданында мемлекеттік тілді меңгеріп, оны қоғамдық өмір мен шығармашылықта белсенді қолданып жүрген өзге ұлт жастарының қатысуымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты облыстық форум өтті. Шараға 18-35 жас аралығындағы 40-тан астам өзге ұлт жастары қатысты.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен Алтай ауданының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған форумның мақсаты – рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы болып табылатын мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қоғамдағы маңызы мен міндеттерін өзге ұлт жастары арасында кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясының одан әрі кеңеюіне ықпал ету. Биыл аталған форум сегізінші рет өткізіліп отыр.
–Біз жыл сайын мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының көбейгенін байқап отырмыз. Егер алғашқы форумдарға өңірдегі аудандар мен қалалардан бір-бірден ғана адам қатысса, қазір екі-үштен келеді. Біздің жастардың қанжығасы республикалық байқаулардан да майланып, жеңіспен қайтып жүр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдын Шаймарданов.

Иә, форумға қатысушылардың ұлты сан түрлі. Олардың арасында орыс, неміс, украин, татар ұлтының өкілдері де бар. Бірі студент болса, бірі – мемлекеттік қызметші, ал тағы бірі – қарапайым жұмысшы. Бірақ олардың басын біріктіріп, бір шаңырақ астында тоғыстырып отырған – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілдің болашақ тағдыры оларды да бейжай қалдырмайды.

– Мен қазақ тілін мектеп қабырғасынан білемін. Катонқарағай ауылында өстім, үйдегілердің ешқайсысы қазақ тілінде сөйлемейтін. Бірақ менің қазақ достарым көп болды. Біз үнемі бірге ойнап, бірге жүретін едік. Алғашында олардың не айтқанын түсінбейтін едім, келе-келе қазақша үйреніп алдым. Түсінбеген жерім болса, қазақ достарым жайлап орысшаға аударып беретін. Қазір Чапаев ауылында механизатор болудың қыр-сырын үйреніп жатырмын. Өз тағдырымды Алтаймен байланыстырғым келеді. Бұл жердің табиғаты біздің Катонқарағайға өте ұқсайды екен. Қазақ тілін еркін білуімнің пайдасы зор. Мен осы тілдің арқасында көп достар, таныстар таптым. Аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі шараларға да жиі қатысамын. Жалпы, қазақ тілін үйрену аса қиын емес. Тек ынтаң, құлшынысың болса жеткілікті, – дейді Алтай ауданындағы ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Денис Рыков.

Екі күнге созылған форумның алғашқы күнінде қатысушылар мемлекеттік тілді дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, өз ойларын ортаға салса, екінші күні олар бағдарлама бойынша жаңа әліпбиге арналған тренингтер мен сайыстарға қатысты.

– Бүгінгі таңда жастарымыздың бірнеше тіл білуі олардың бәсекеге қабілетін арттырып отырғаны шындық. Осынау форум аясында мен облыстағы өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді терең меңгергенін байқап, қатты риза болдым. Олар мемлекеттік тілге байланысты түйткілдерді шешудің жолдарын талқылап, түйінін қалай тарқату керек екенін өздері айтып берді, – дейді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

– Биыл – Жастар жылы. Осы орайда желкілдеп өсіп келе жатқан жастарымыздың мемлекеттік тілді дамыту туралы ойларын тыңдау біз үшін қызық болды. Форумға келгендердің көпшілігі – облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып жүргендер, арасында жүлдегерлер де бар. Мені барлығының өзіндік көзқарастары бар екендігі қуантты. Біз жыл сайын форум өткізетін жерді ауыстырып отырамыз. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілді меңгерген жастар санының артуына көмектеседі, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдын Шаймарданов.

Сондай-ақ форумда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген жастар арнайы грамотамен марапатталды.

– Форумға мен алғаш рет қатысып отырмын. Менен басқа тағы да екі адам бар. Оның бірі Курчатовтағы жастар орталығының директоры Раиф Волков болса, екіншісі – әскери бөлімнің қызметкері Иван Сорокин. Өзімнің ұлтым неміс болса да, мен қазақ тілін бала кезімнен білемін. Бала кезімде атам мен әжемнің қолында тұрдым. Балабақшада орыс тобы болмаған соң, қазақ тобына бардым. Бүгінде сіңлім Анастасия да қазақша жақсы сөйлейді. Қазақ тілін өмірімнің барлық саласында, үйде де, жұмыста да қолданамын, – дейді Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың атом энергиясы институты мамандар бөлімінің аға инспекторы Оксана Гросс.

Форумның қорытындысы бойынша қатысушылар облыс жастарына арнап үндеу қабылдады.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button