Спорт

Мемлекеттік қызметшілер үстел теннисінен сынға түсті – Өскемен

Өскеменде мемлекеттік қызметшілер және Астана күндеріне орайластырылған үстел теннисінен ерекше жарыс өтті.

Мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған турнирге түрлі ведомстволардан 20-дан астам адам, яғни үш ерлер және бір әйелдер командасы қатысты, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Айтулы іс-шараның өтуіне Өскемен қаласының денешынықтыру, спорт және туризм бөлімі мен Қазақстан Халық партиясы мұрындық болыпты.

– Мемлекеттік қызметшілер арасында үнемі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады, біз де оларға белсенді түрде қатысуға тырысамыз. Өзім бала кезімнен үстел теннисімен шұғылданамын. Бүгінгі іс-шарадан да ерекше эмоциялар алып, әріптестерімізбен жақынырақ танысып, көңілді уақыт өткізіп қайттық, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсымбаев.

Турнирге қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлініп өнер көрсетті. Атап айтсақ, бірінші топта 18 жастан 29 жасқа дейінгілер шеберлік байқасса, келесі топта 30 бен 45 жас аралығындағылар өзара мықтыны анықтады. Ал үшінші топта жасы 45-тен асқандар сынға түсті.

– Халық партиясы салауатты өмір салтын қолдайды. Жалпы, мұндай іс-шаралар денсаулықты нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталып, арамыздан мықты спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аса тартысты өтті, – дейді Қазақстан Халық партиясы Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, мемлекеттік қызметшілер кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Анжела Горностаева.

Турнир соңынан барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтарға, кубоктар, медальдар мен грамоталарға ие болды.

 

Осы айдарда

Back to top button