Әлеумет

Мемлекеттік гранттар кімдерге беріеді?

Баспасөз конференциясында  облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазинов 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде ағымдағы жылы гранттар беру жайына кеңірек тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бизнес-идеяны іске асыруға арналған мемлекеттік грант мөлшері 2 есе – 200 АЕК-тен (612 600 теңге) 400 АЕК-ке дейін немесе 1 225 200 теңгеге дейін ұлғайтылған болатын. Алайда, енді тек жастар немесе аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері (жұбайы немесе зайыбы) – көпбалалы жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар және мүгедек балаға жәрдемақы алатын адамдар қатарынан белгілі бір санаттар ғана грантқа үміткер бола алады. Грант алу үшін үміткер Busines.enbek кәсіпкерлік бастамаларды қолдау порталына тіркеу арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып өтініш береді. Сол жерде үміткер белгіленген нысан бойынша жобаға қатысу шарттарына келісім береді және өтінімге әзірленген бизнес-жоспарды қоса береді. Аудандар, облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде үміткерлердің тізімдері мен олардың бизнес-жоспарларын қарайтын комиссияны қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту органдары «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-білім беру мекемелерінің өкілдерінің, бизнес, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылардың қатысуымен қалыптастырады. Комиссия отырысында үміткер бастапқы бизнестің құрылымдық таныстырылымын өткізуі қажет. Ал ұлттық жобаға қатысушы грант алған күннен бастап үш ай ішінде оның ұсынылған бизнес-жоспарға сәйкес гранттың нысаналы пайдаланылуын өз қызметін салық органдарында тіркеу немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. «Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге жол берілмейді. Грант алушы грант алған күннен бастап он екі ай ішінде бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға құқылы емес, яғни кредит немесе басқа да бағдарламалар бойынша грант ала алады. Халықты жұмыспен қамту орталығы шарт жасалған күннен бастап он екі ай ішінде портал арқылы қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді», деп атап өтті облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазинов. Демек, қаржы мақсатсыз жұмсалса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталған жағдайда, шарт бұзылады, грант алушы өз еркімен немесе сот шешімі арқылы алынған қаражатты бюджетке қайтаруы тиіс.

Биыл облыс бойынша бүгінге дейін 28,2 млн. теңге сомасына 23 грант, оның ішінде 6 грант мүгедектігі бар жастарға, 1 грант АӘК алушыларға, 15 грант көпбалалы отбасыларға берілді. Сонымен қатар 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба негізінде «Кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту» бағыты бойынша биыл еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар мен біліктіліктер бойынша кемінде 1415 адамды кәсіптік оқытумен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде облыста биыл 680 қоныс аударушы мен қандастарды қабылдау көзделіп отыр.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Осы айдарда

Back to top button