Мэлс Наримановты еске алды

Мэлс Наримановтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Еркін күреспен шұғылданып, КСРО спорт шебері атанған, республикалық, облыстық жарыстарда сан мәрте топ жарған, Ұлан ауданының жастарын тек күрес емес, волейбол, футболға, әсіресе, ұлттық спорт түрлері-қазақша күрес, ат спорты, бәйге, аударыспаққа баулыған Мэлсті достары, әріптестері ұмытпаған екен.
Өңірде тұңғыш рет ат спорты федерациясын құрған, арамыздан кеткеніне 16 жыл, бүгіндері 70 жасқа толған азаматтың рухына арнап, жерлестері ас берді. Ат бәйгесі қызықты өтті. Екі күнге созылған Мэлс Наримановты еске алуға арналған еркін күрестен өткен 6-шы облыстық біріншілікке екі жүзге тарта жас түлектер қатысты.
Мектеп оқушылары арасында еркін күрестен өткен облыстық жарыста жеңімпаздар атанғандарға Мэлстің жұбайы Валентина Нариманова сыйлықтарды өз қолымен табыс етті. Облыстық турнирде Ұлан, Глубокое, Зайсан аудандары мен Семей және Өскемен қалаларының балуандары жеке салмақтарда алғашқы үш орынды бөлісті. Сонымен бірге, жеті жарым және екі жарым шақырым қашықтықтағы бәйгеде жүлделі орындарды бөліскен Қайрат Сәдібаев, Ғалат Машинов, Кенжебек Манарбек, Дәурен Нұрғазин, Елнұр Қалданов, Елнұр Валуевке бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жеңімпаздарға кезінде еліміздің Спорт министрі болған, қайраткер ағамыз Анатөлі Құлназаров, аудан әкімі Дәулет Батырбаев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, қол күресінен Әлемнің үш, Азияның он дүркін чемпионы, елімізде гір спорты мен армрестлинг федерациясын бірінші болып құрған, Әлем және Азия федерацияларын басқарған Мұқан Ағзамов, аударыспақтан еліміздің он, облыстың 22 дүркін чемпионы, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, жоғары дәрежелі төреші Жұмабек Жәпішев, ауданның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ауған соғысының ардагері, қайырымдылығымен ел құрметіне бөленген іскер азамат Қайрат Мусин, құқық қорғау саласының ардагері, дипломат Совет Иманғалиев, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Мұзапаров, Мэлстің шәкірттері-Тұрсынбек Ахметжанов, Елнар Сексебаев, Қонысбек Бексолтанов, белгілі жазушы, Шығыс Қазақстан облысының, Ұлан ауданының Құрметті азаматы Сәдібек Түгел, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, Мэлстің достары Жаңабай Әшімов, Болат Садықов, тағы басқалар, ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, сыйлықтарды табыс етті.
Ертеңінде Мэлстің достары мен туыстары Шымқора ауылында ардақты азаматқа арнап ас берді, Құран-хатым түсірді.
Оңдасын Елубай
Ұлан ауданы.