Білім

Мектептердің бюджеті ашық болады

Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – ата-аналардың  мектепте ақша жинауға наразылығы.  Осы мәселені шешу мақсатында Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен «Шығыс – Адалдық алаңы»  жобасының аясында облыс мектептерінде «Ашық бюджет-ашық мектеп» жобасы қолға алынғаны белгілі.

Жуықта департамент басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин мен арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Станислав Каримов Өскемен қаласындағы №26 орта мектепте болып, жобаның орындалу барысымен танысты.

Мектеп ғимаратына  кірген бойда қабырғаға бюджет туралы ақпарат ілініпті. Стендтегі мәліметтен көргеніміз, биыл аталмыш мектеп қажеттілігіне 320 миллион теңге бөлінген. Оның 81 пайызы еңбекақы қорына жұмсалады, 12 пайызы коммуналдық және  басқа да шығындар.

– Біз арнайы мониторингтік топпен бірлесіп, оқу мекемелерінде ақша жинаудың алдын алу шараларын жүргізіп келеміз. Бұл тұрмыстық жемқорлықтың бір түрі болып табылады.  Ата-аналардан шағым түспес үшін мектеп бюджеті ашық, жариялылы болуы керек, – деп мәлім етті департамент басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин. – Бюджет білім ордасының сайттары мен ғимаратта көрнекі жерде стендтерде жариялануы тиіс. Мектеп алатын тауардың атаулары мен бағасы, мектептің 2019 жылға жоспарлаған  мемлекеттік сатып алу туралы толық мәлімет, мектеп асханасын жалға беру туралы конкурс пен жалға алушылар туралы ақпарат, бюджеттің қаражатына қатысты басқа да мәліметтер ашық көрсетіледі.

Мектептің бюджеті дегеніміз не?  Бұл миллиондаған сандар.  Оны қарапайым адамдар түсінбейді. Сол себепті ең алдымен  бухгалтер, қалалық білім бөлімі, мектептің көмегімен бәріне түсінікті азаматтық бюджет жазылған. Ол екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – жоспар,  яғни, қандай іс-шараға қанша қаражат жұмсалуы тиіс екені көрсетіледі. Екінші бөлімде нақты жүзеге асқан, аспағаны белгіленеді.

– Ата-аналарға түсінікті болу үшін бірден ескерте кетейік, жоспардағы көрсеткіш пен нақты жұмсалған қаражаттың көлемі сәйкес келмеуі мүмкін. Мысалы, мектептің қоршауына деп 50 млн. теңге бөлінді. Оны мемлекеттік сатып алу кезінде бір кәсіпкер ұтып алды делік. Бірақ мектеп әкімшілігіне оның жасаған қоршауы ұнамады немесе жөндейтін жерлері бар. Міне, осы тұста ақша бөлінгенімен, бірақ нәтижесі бірден көрінбейді, – деп түсіндірді арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Станислав Каримов.

Биыл мектеп ғимаратын ерекше балаларға бейімдеу үшін жеті миллион теңге бөлінген екен. Оның нәтижесін ата-аналар көріп жүр. Жүріп-тұруы қиын балалар үшін көтергіш құрылғы орнатылған, бөлек әжетхана жабдықталған. Аталмыш мектепте бала кезінен сал ауруына шалдыққан бір қыз оқиды,  аутист балаларды бейімдеу кабинеті жұмыс істейді.

Станислав Каримов  бұл жобаның тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да қолға алынатынын айтады.

– Біз департамент өкілдерімен өңірдің көптеген аудандарын аралап шықтық. «Ашық бюджет» жобасы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бюджет туралы ақпарат мектептердің сайттарында, әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында тұрақты түрде жарияланып тұруы тиіс. Сонымен қатар ата-аналардың жиналысында да талқыланады, –  деп жалғастырды қоғамдық белсенді.

Облыс орталығындағы барлық мектептерде «ашық бюджет» жобасы қыркүйек айынан қолға алыныпты.

Мектептеата-аналардан қаражат жинауға мүлде болмайды. Сол себепті балалардың тамақ үшін төлейтін ақшасын ата-аналар комитетінен сайланған қазынашы жинап, төлейді. №26 мектептің басшылығы алдағы уақытта электронды асхана жобасын енгізуді көздеп отыр.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button