Білім

Мектептер өз мәртебесіне сай болуы тиіс

  Мектептер өз мәртебесіне сай болуы тиіс

Болашақ ұрпақтың тағдыры мен тәрбиесі мәселесін кеңінен қозғайтын білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі облыстық педагогикалық тамыз кеңесі биыл «Жаңа білім беру бағдарламалары, инновациялар және құзыреттілік тәсілдер – табысты мектеп кепілі» деген тақырыппен өтті. Кеше Өскемендегі С.Аманжолов атындағы университетте өткен, облыстың білім саласын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары контексінде дамытудың басты бағыттары талқыланған кеңеске облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, Білім және Ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов қатысты.

Сондай-ақ, алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің жетекшілері, аудандық, қалалық білім бөлімінің басшылары мен облысымыздағы іргелі жоғары оқу орындарының ректорлары мен ардагер ұстаздар, жас мұғалімдер мен ата-аналар кеңесінің өкілдері, жиыны 400-ден астам адам қатысты. Жиынға қатысушылар ең алдымен облыстық білім басқармасы ұйымдастырған облыстағы білім беру ұйымдары педагогтарының жаңашыл тәжірибелеріне арналған көрмені тамашалады. Сонымен қатар, қатысушылар назарына аймақтың білім жүйесі туралы арнайы бейнеролик те ұсынылды.
– Құрметті ұстаздар қауымы! Сіздермен жыл сайынғы дәстүрлі тамыз кеңесінде кездескеніме аса қуаныштымын. Білім саласындағы жағдай өздеріңізге жақсы таныс. Ұстаздар қауымына, ұрпақ тәрбиесіне деген Мемлекет басшысының ерекше қамқорлығы мен ықыласын сіздер көріп те, сезіп те жүрсіздер. Өз тараптарыңыздан бұл сенімді адал еңбекпен ақтап келесіздер, – деп сөзін бастаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында білім сапасын көтеруге үлкен мән беріліп отырғанын, бұл біздің болашағымыздың мәселесі екенін тілге тиек етті. Жалпы «2011-2020 жылдарға арналған білім беру бағдарламасын» жүзеге асыру аясында елімізде он екі жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Өңірдің білім беру саласына бөлінетін қаржы да жыл сайын артып келеді. Биыл бұл салаға 80 млрд. теңге қаржы бөлінген. Оның 9 млрд. теңгеден астамы тек жаңа білім нысандарын салуға жұмсалып отыр. Облыс әкімі өз сөзінде үстіміздегі жылы өңірде 13 мектеп құрылысының аяқталатынын айтты. Оның алтауы апатты жағдайдағы мектептердің орнына салынған білім ошақтары. Аймақ басшысы өз сөзінде мектепке дейінгі білім беру мекемелері жайына да тоқталды. Өңірдегі балалардың 86,1 пайызы мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылған. Оның ішінде 1 мен 6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 99 пайызды құрайды. Біздің өңір бұл жағынан алғанда республика бойынша алдыңғы орындардың қатарында. Тек биылдың өзінде салынып жатқан 6 балабақшаның екеуі пайдалануға берілген екен. Оның бірі Риддер қаласындағы 140 балаға арналған балабақша болса, екіншісі Шемонайхадағы 280 балаға арналған балабақша. Жыл соңына дейін тағы да 3 балабақша ел игілігіне берілмек. Осы орайда облыс әкімі балабақша мәселесін тек мемлекеттің қаржысы есебінен ғана емес, инвесторлар мен жекеменшік балабақшаларды көптеп ашу арқылы да шешуге болатынын алға тартты. Тек биылдың өзінде 875 балаға арналған 8 жекеменшік балабақша ашылса, жыл соңына дейін 990 балаға арналған тағы да осындай 13 жекеменшік балабақшаны ашу жоспарланып отырған көрінеді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға мектеп-интернат салынады

  Мектептер өз мәртебесіне сай болуы тиіс

Бүгінгі таңда өңірдегі 674 мектептің барлығы жаңа оқу жылына 100 пайыз әзір. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттайтын барлық бүлдіршіндерге Елбасының атынан «Менің Отаным-Қазақстан» атты сыйлық кітап тарту етілетін болады.
Аймақ басшысы сондай-ақ өңірдегі мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу мәселесін де қозғады. Облыста 12 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Осы орайда өңірде инкюзивті білім беру жүйесін дамытудың маңызы өте зор. Даниал АХМЕТОВ биыл Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернат құрылысының басталатынын жеткізді.
– Тәуелсіз еліміздің педагогикасының 20 жылдан астам тарихы болғанымен, біз қазақ және ағылшын тілдерін оқып үйренуде керемет бір жетістікке жеткен жоқпыз. Біздің балаларымыз қазақ тілі мен ағылшын тілінде нашар сөйлейді. Мұны ашық мойындауымыз керек, – деген облыс әкімі өзінің тапсырмасымен құрамында білікті мұғалімдер мен жоғары оқу орындарының ғалымдары бар арнайы жұмыс тобы құрылып, «Көптілділікті дамытудың арнайы бағдарламасының» жасалғанын жеткізді. Аймақта көптілділікті дамытудың үш жылдық бағдарламасы білім саласындағы олқылықтың орнын толтыруы тиіс.
– Біз тиісті қаржымен қамтамасыз етеміз, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, қазақ, ағылшын, орыс тілдері мұғалімдерін материалдық жағынан ынталандырудың жүйесі де тәжірибеге енгізілмек.
Білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде аймақ басшысы өңіріміздегі 45 лицей мен гимназияның көпшілігінің өзінің мәртебесіне сай емес екенін атап өтті. Облыс әкімінің айтуынша, енді өз атына лайық емес мектептер лицей, гимназия мәртебесінен айырылуы әбден мүмкін.
Сөзінің соңында облыс басшысы тамыз кеңесіне қатысушы барлық ұстаздар қауымын алда келе жатқан Конституция күнімен, сондай-ақ, 1-қыркүйек – Білім күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Жиырма екі білім ордасы пайдалануға беріледі

Бұдан кейін тамыз кеңесіне қатысушылар облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Сұлтанованың «Жаңа білім бағдарламалары, инновациялар және құзыреттілік тәсілдер – табысты мектеп кепілі» атты баяндамасын тыңдады.
Биыл ҰБТ бойынша орташа көрсеткіш 80,4 балды құрап отыр. Бұл өткен жылғы нәтижемен салыстырғанда 2,4 балға жоғары. Облыс бойынша 197 түлек «Алтын белгіге» ие болған. «Алтын белгі» иелерінің саны бойынша Өскемен қаласы (48) мен Аягөз (31), Зайсан (19), Жарма (14), Үржар аудандары (13) көш бастап тұр.
Жаңа оқу жылында облыс бойынша бірінші сыныпқа 21 230 бала бармақ. Олардың барлығы да мектепалды даярлықтан өткен бүлдіршіндер екен. Жалпы ағымдағы жылы өңір бойынша бой көтеріп жатқан 33 білім нысанының 22-сі пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 179 білім мекемесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1, 7 млрд. теңге бөлінсе, білім беру ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 390 млн. теңге қарастырылыпты.
Қазіргі таңда облыстың білім беру мекемелерінде 31 130 мұғалім еңбек етуде. Олардың 69,3 пайызы жоғары білімді және бірінші санатты ұстаздар. Биыл «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өңір мектептері 268 жас маманмен толығыпты. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 140 маманға көп. Десе де мұғалім мамандарының тапшылығы мәселесі әлі де түбегейлі шешілген жоқ. Әсіресе, бұл мәселе Аягөз, Бородулиха, Глубокое, Зырян, Ұлан және Шемонайха аудандарындағы шағын комплектілі мектептер үшін өте өзекті болып отыр.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Оралқызы оқушыларды қосымша біліммен қамтамасыз ету мәселесі жайын да қаузады. Оның айтуынша, бұл бағытта біздің облыс республика бойынша үшінші орыннан бірінші орынға көтерілген екен. Қазіргі таңда өңірдегі 121 қосымша білім беру ұйымдарында 86 580 бала шығармашылықпен шұғылданады.
Сонымен қатар, балаларды жазғы демалыспен қамтамасыз ету мәселесіне де үлкен көңіл бөлініп отыр. Биылғы жазда облыс бойынша 157 500 бала лагерьлерде демалу мүмкіндігіне ие болған.

Үздік ұстаздар марапатталды

Облыстық білім басқармасы басшысы міндетін атқарушы Айнұр Сұлтанованың баяндамасынан соң, Өскемен қаласындағы №29 орта мектебінің директоры Марина Кикина, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі оқу орны директорлары кеңесінің төрағасы Оралхан Сартаев, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Инрина Ровнякова, ҚАУ-нің ректоры Е.Мәмбетқазиев және Білім саласындағы халықаралық мұғалімдер қауымдастығының тәжірибе алмасу бойынша директорының орынбасары Рональд Родригез сөз алып, білім саласындағы өзекті мәселелерді көпшілік талқысына салды.
«Көптілділік – заманауи білім берудегі басымдықтардың бірі» деп санайды Марина Кикина. Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына именбей ену үшін кейінгі ұрпақтың көп тіл білуі маңызды екенін айтқан ол бүгінгі білім беру саласында тілдерді оқытуда жіберіліп отырған олқылықтарды да санамалап шықты. Атап айтқанда, оқу-методикалық құралдардың жеткіліксіздігі мен сағаттардың аздығы да белгілі бір жетістікке жетуге кедергі болуда. Осы орайда облыс әкімі басшылығымен қолға алынған аймақта көптілділікті дамытудың арнайы бағдарламасы бұл бағыттағы жұмыстарға серпін береді деген үміт бар.
Тамыз кеңесін қорытындылаған министрлік өкілі Саят Нүсіпов болашақта мектеп түлектерінің ҰБТ-ні компьютер арқылы тапсыратынын, одан әрі тіпті он-лайн тестілеуге көшу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Кеңес соңы үздік мұғалімдерді марапаттау рәсіміне ұласты. 6 педагог «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», тағы 6 мұғалім «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін кеуделеріне қадаса, 10 ұстаз облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттарына ие болды.
Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің №544 бұйрығына сәйкес Глубокое ауданындағы Уваров орта мектебі облыстың үздік білім беру ұйымы атанып, 800 мәрте минималдық жалақы көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал Семей қаласындағы Шәкерім атындағы дарынды балаларға арналған облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Назым Текеева «Үздік педагог» атағына ие болып, арнайы сыйлыққа ие болды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button