Аймақтар аухалы

Мектептер офлайн жұмыс режиміне көшті

«Риддер жылу электр орталығындағы» жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта Риддерге станса агрегаттарын реттеу мақсатында Өскемен және Согра ЖЭО-ның энергетиктері мен өзге де мамандары келді. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов хабарлады.

Дәлірек айтсақ, төтенше жағдай жөніндегі штабтың таратқан ақпаратына сәйкес, жылу орталығына «Терезе» және «ВК Инвест Инжиниринг» кәсіпорындарынан қосымша 30 маман келіпті.

– Бүгінде жылу орталығының бірінші және үшінші орташа қысымды қазандықтары, сондай-ақ алтыншы жоғары қысымды қазандығы жұмыс істеп тұр. Жоғары қысымды төртінші қазандықты автоматтандыруға бағытталған жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуық арада аталмыш агрегатты қалпына келтіру іс-шаралары да аяқталуы тиіс. Қазір стансада 260 тонна мазут бар. Риддерге жанармай толтырылған тағы бес вагон жеткізіледі, – деп мәлім етті аймақ басшысы.

Белгілі болғандай, қазір жылу желісіндегі температура 55/42 градус болса, сыртқы ауа температурасы +7 градус шамасында екен.

Бұдан бөлек, кеншілер шаһарындағы мектептер мен балабақшалар қайтадан офлайн режимде жұмыс істей бастады. Бұл ретте, оқу орындарындағы сабақтардың ұзақтығы 30 минутқа, ал үзіліс уақыты бес минутқа дейін қысқартылғанын айтқан жөн.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан шамамен он шақты күн бұрын Риддердегі жылу электр орталығында техногендік апат болып, салдарынан шаһардағы тұрғын үйлер мен өзге де нысандар жылусыз қалған. Тез арада облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша арнайы штаб құрылып, апат салдарын жою жұмыстары басталып кеткен. Бүгінде аймақ басшысының өзі басқарып отырған штаб тәулік бойы жұмыс жүргізуде. Әзірге қаладағы жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатқанына қарамастан, төтенше жағдай режимі әлі де сақталуда.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button