Мектептеріміз қауіпсіз бе?

Өңірдегі орта мектептер қылмыстық әрекеттерден қажетті деңгейде қорғалмаған. Осы себепті орта мектеп оқушылары мен ондағы қызметкерлерді кәсіби деңгейде қорғайтын күзет қызметі керек. Ал ол үшін арнайы қаражат қарастырылуы қажет. Бұл жөнінде өңірдегі ішкі істер органдары мен білім қызметкерлерінің басын қосқан шара барысында айтылды.
Мектептердегі қауіпсіздік мәселесін талқылаған отырыс облыстық полиция департаментінің бастамасымен ұйымдастырылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Жанарбек Бақтыбаевтың өзі келді.
Білім қызметкерлері алдында баяндама жасаған полиция департаментінің бастығы мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне қатысты жүргізілген инспекторлық жұмыстар туралы айтып берді.
– Бүгінгі таңда кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыстық жағдай, олардың денсаулығы, әлеуметтік жағынан қорғалуы балаларымыздың өмір сүру жағдайын жақсарту бағытындағы бірлескен жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін көрсетіп отыр, – деді Жанарбек Бақтыбаев.
Ол өз сөзінде қордаланған проблемаларды көтерумен қатар, білім мекемелерінің оңды жұмыстарына да тоқталды. Атап айтсақ, бүгінгі таңда облыстағы бірқатар білім мекемесі мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мамандандырылған күзет қызметінің көмегіне жүгінген. Осы ретте департамент басшысы білім бөлімдеріне осындай мекемелердің іс-тәжірибесін зерделеп, оны тәжірибеге кеңінен енгізу жөнінде ұсыныс жасады.
Сонымен қатар аталған шарада облыстағы білім беру мекемелерінің бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілу деңгейі де сөз болды. Осы ретте ақпарат берген облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова қазіргі уақытта аталған мәселе бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қолға алынған шаралар нәтижесінде мектептердегі бейнебақылау камераларының саны артып, облыстағы 650 мектепте 8 мыңнан аса камера орнатылған. Бұдан бөлек, орнатылатын бейнебақылау камераларының бірыңғай стандартын бекітіп, қараңғы уақытта да таспаға түсіретін сапалы камералар орнату жайы қозғалды.
Қоса кетсек, кездесу соңында білім қызметкерлері мен полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылданды. Аталмыш жұмыс тобы алдағы уақытта мектептердегі қауіпсіздік шараларын ұлғайту бойынша бірқатар іс-тәжірибені қарастырып, жүзеге асыратын болады.
Азамат Темірбеков