Білім

Мектепте «Ата мұра» мәдени орталығы бар

«Көпқабатты ғимаратты бетке алып асыға басқан бір топ қазақ балаларын көргенде, таңырқай қарағаныммен «Біздің Зырянда қазақ мектебі қайдан болсын?» деп мән бермеген едім. Әлден соң әлдебір әңгіменің қызығына түскен олардың ана тілінде жарыса сөйлеп келе жатқандарын байқап, іле-шала «Әй, балалар, қай мектептенсіңдер?» дедім». «№9 қазақ мектебінен!» деп тақылдаған олардың жамыраған дауысын естігенде, жүрегім лүпілдеп, жаным толқып қоя берді…»

Мектепте «Ата мұра» мәдени орталығы барЗырян қаласында 40 жылдан астам уақыттан бері тұрып келе жатқан зейнеткер Бақтина Сүлейменова үшін бұл қаладан қазақ орта мектебі ашылып, іші қаракөздерге толғанын көру түс көргенмен тең болыпты. Осыдан үш жыл бұрын қалада тұңғыш рет ашылған қазақ мектебінде қазір 415 бала оқып жатыр. Ана тілінде оқитын мектеп таба алмай тауы шағылған талай ата-ана енді бұл мектептің білім ордасы ғана болып қоймай, ұлттық тәрбие беріп, халқымыздың салт-дәстүрін балалардың бойына сіңіртіп отырған нағыз қазақтың қарашаңырағы екенін көзбен көріп, көңілге түюде. Жаңа оқу жылы қарсаңында өткен облыс мұғалімдерінің тамыз кеңесінде Зыряндағы қазақ мектебінің «Жылдың үздік мектебі» облыстық байқауының «Мектеп – әлеуметтік мәдени орталық» аталымы бойынша жеңімпазы болып танылуы осының дәлеліндей.

Зырян ауданына барған іссапарымызды біз кеншілер қаласындағы аталған білім ордасының ұстаздарымен кездесуден бастадық. Осы мектептегі балаларға білім беріп жатқан 35 ұстаз түгелдей қарбалас іс үстінде екен.

Өзге сынып бөлмелерінен ерекшеленіп тұрған «Атамұра» мәдени орталығы бұл мектептің мерейін асқақтата түскен бірден-бір бөлме екені көрініп тұр. Бесік те, сандық та осында. Алаша тоқуды үйренем деуші оқушыға арнайы тоқу жабдықтары да құрылып, даяр тұр.

– Мектебіміздің «Ата мұра» мәдени орталығы оқушыларға ұлтымыздың салт-дәстүрін үйрету мақсатында құрылған болатын. Бастапқыда екі-үш ұршық, мақта-мата ғана болған кең бөлменің іші енді оқушылардың өз қолдарымен тоқылып, тігілген сырмақ, алаша, қоржын, ұлттық киімдеріміздің түр-түріне толды. Осы орталықтың ішінде «Әжелер шеберханасы» үйірмесі жұмыс істейді. Балаларға қаладағы «Ата дәстүр» қазақ мәдени орталығының мүшелері Бақтима Сүлейменова, Бақты Әбішева, Фарида Тауданбекова сынды зейнеткер апаларымыз келіп, ұлттық қолөнер түрлерін үйретіп отырады. Қыздарымыз кесте тігіп, ою оюды, тоқыма тоқуды осы апаларымыздан үйреніп жатыр, – дейді мектеп директоры Әлия Тоғызова.

Мұндай ұлттық тәлім-тәрбиеге үйретіп, ата-салтымызды дәріптететін орталық үйде де, түзде де ана тілінде сөйлейтін қазақ ауылдарындағы мектептерге керек болмауы да мүмкін. Ал өз ұлтымыздың үлес салмағы 15 пайыз көлемінде болып отырған зыряндық қазақтардың балалары үшін ауадай қажет. Ана тілінде білім алу сыныпта оқылған сабақпен шектелмеуі шарт. Сондықтан мектеп басшылығы балаларға сапалы біліммен бірге қазақы тәрбие беруді де басты мақсат етіп қойыпты. Өз оқушыларына туған тілінің, туған жерінің, бабаларымыз бен даналарымыздың тарихын, өсиеті мен өнегесін ұқтырып, үлгі етіп келе жатқан мектеп ұжымы биылғы жазғы демалыста балалардың бір тобын Жидебай жеріне – Абай еліне саяхат жасатып қайтыпты.

Ұлттық рух халықтың тұрмыс-салтымен ғана емес, төл туындысымен – әнімен, әуенімен де беріледі. Бұл мектепте 60 баладан тұратын домбырашылар оркестрі бары, қала, аудан көлеміндегі айтулы мерекелік шаралар осы домбырашылар оркестрінің қатысуынсыз өтпейтіні білім ордасының ұлттық тәрбиенің қайнар көзіне айналып отырғанының тағы бір мысалы.

Жанаргүл Мұқатай

Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button