Білім

Мектепке М.Шаяхметовтің есімі берілді

Мектепке М.Шаяхметовтің есімі берілді

Кеше Өскеменнің Жаңа Согра кентіндегі №23 орта мектебіне Ұлы Отан соғысының ардагері, білім ордасының тұңғыш директоры, саналы ғұмырын халық ағарту ісіне арнаған үлкен жүректі ұстаз, білім саласының еңбек сіңірген қайраткері Мұхамет Шаяхметовтің есімін беруге орай салтанатты жиын өтті.

Мектеп ұстаздары мен оқушылары, ардагер ұстаздар жиналған салтанатқа «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ның Президенті Әсем Мамутова, облыстық Қазақстан халықтары Ассамблеясы хатшылығының басшысы Асқар Нұрғазиев, марқұм Мұхамет Шаяхметов басшылық еткен жылдары оқу ісінің меңгерушісі болған Н.Гирда қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

-Сталинград түбінде шайқасып, соғыстан кейін де ерен еңбегімен көзге түсіп, «Еңбек ардагері» атанған Мұхамет Шаяхметов жас ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше мән берген. Қайырымдылығы, адалдығы мен еңбекқорлығы арқасында ұстаздар мен шәкірттеріне үлгі-өнеге бола білді,-деген Асқар Нұрғазиев ұстаздар ұжымы мен оқушыларға табыс тіледі.

Салтанатты шара барысында білім саласындағы 40 жылдан астам еңбегі үшін түрлі марапатқа ие болған Мұхамет Шаяхметовке арналған мемориалдық тақта мен бюст ашылды.

Салтанатты шарада Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің осынау қуанышты күнге орай жіберген құттықтаулары оқылды. «Өскемен ТМК» АҚ Президенті Әсем Мамутова мектепке Үкімет қаулысымен Мұхамет Шаяхметовтің есімін беруге бірлесе атсалысқаны үшін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ алғысын білдіріп, жаңа оқу жылында мектептің орыс тілі мен информатика сыныптарын заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен жабдықтауға сөз берді. Аталмыш комбинат оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту және оқытудың заманауи ақпараттық технологияларын енгізу арқылы білім беру саласына зор үлесін қосып келеді. Айталық, 2012 жылдан бергі уақытта мектептің тарих, химия, қазақ тілі сыныптары интерактивті тақталармен, мультимедиялық құрал-жабдықтармен және есептеу техникаларымен жабдықталып, мектептің кіреберіс залы мен асханасын, жылыту және сумен қамту жүйелерін жөндеп, мектеп ғимаратының құрылысын күшейтуге жалпы сомасы 160 млн. теңгенің көмегін көрсеткен. Әлеуметтік серіктестіктің жарқын үлгісі осындай-ақ болар.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button