Білім

Мектепке барар күн жақын

Мектепке  барар күн жақын
Жайма-шуақ жаздың да санаулы күндері қалды. Мектеппен үш айға қоштасып, жаздың, балалық шақтың қызығына еніп кеткен балалар жуықта білім кенін игеруге қайта кіріспек. Әр жаңа оқу жылының басында еліміздің білім беру жүйесінің тосынсыйына бір қуанып, бір жұбанатын ата-аналар мен оқушыларды биыл қандай өзгерістер күтіп тұр?
Партаға алты жасқа толмай отырады
1 маусымнан бастап 1 сыныпқа балаларды қабылдау басталып кетті. Биылғы жылдың ең басты жаңалығы – бірінші сыныпқа балаларды қабылдауға қажетті құжаттар тізімінен мекенжай анықтамасы алынып тасталды. Мұны естіген ата-аналар қуанып жатыр. Себебі баласын өздеріне ыңғайлы мектепке бере алатын болды. Сондай-ақ енді қыркүйек пен желтоқсан аралығында алты жасқа толатын бала мектепке бара береді. Бұл жөнінде Үкімет қаулысы шықты.Алайда алтыға толмаған баланы бірінші сыныпқа беру-бермеу жөніндегі шешім – ата-ананың құзырында.
Сонымен қатар Үкіметтің 2018 жылдың 10 мамырындағы қаулысына сәйкес, жасы жеткен бала мектепке ешқандай сынақсыз барады.
Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін төмендегі құжаттар қажет:
1) баланың ата-анасынан және өзге де заңды өкілдерінен өтініш;
2) баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
3) денсаулық жағдайы туралы анықтама (026/у-3);
4) 3х4 көлеміндегі фото – 2 дана.
Мектеп әкімшілігінің ата-анадан бұдан өзге құжат талап етуге құқығы жоқ.
Сөмкесі жеңілдей ме?
Елімізде бекітілген санитарлық талаптар бойынша, оқушылардың күнделікті мектепке көтеріп баратын кітаптарының жалпы салмағы (сөмкесінің салмағын қоспағанда) 1-3 сыныптар үшін 1,5-2 келі, 4-5 сыныптар үшін 2-2,5 келі, 6-7 сыныптар үшін 3-3,5 келі, 8-9 сыныптар үшін 4-4,5 келіден аспауы тиіс екен. Алайда мектеп оқушыларының сөмкесінің ауырлығы бала тұрмақ, ересек адамның қарын талдыратын болды. Ал зілбатпан сөмкені арқасына асып алып, бүкшеңдеп бара жатқан бастауыш сыныптың оқушыларын көргенде, жаның ашиды. Жуықта еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин елімізде бұл талаптар орындалмай жатқандығын алға тартып, сөмкенің ауырлығына алаңдаушылық білдірген болатын.
– Біз оқулық салмағы мәселесін үнемі бақылауда ұстап келеміз. Өткен жылы 86 оқулыққа қатысты сараптама жүргіздік және оның екеуінің салмағы гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеді. Сәйкесінше, аталған үлгілерге санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізілмегені, сондай-ақ оларда санитарлық қорытындының жоқ екені анықталды. Осы орайда оқулықтар салмағын ретке келтіру бойынша нұсқаулық берілді, – деді Жандарбек Бекшин.
Алайда бұл нұсқаулық қашан ескеріліп, оқушылардың жүгі қашан жеңілдері белгісіз. Өткен жылы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев еліміздегі мектептерде оқушылардың артық кітаптары мен киімдеріне арналған шкафтар орнатылуы тиіс деген болатын. Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде оқушылардың сөмкесін жеңілдету мақсатында білім беру ұйымдарында шкафтар орнату жоспарда бар. Шкафтарды орнату жұмыстары 2022 жылға дейін аяқталады делінген. Дегенмен, биыл қай мектеп пен қанша шкаф орнатылатыны жөнінде ақпарат берілмеді. Соған қарағанда 2022 жылға дейін оқушыларымыз білім жолында ауыр жүк арқалауға әлі де мәжбүр. Олардың денсаулығына алаңдаған қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин ата-аналарға мектеп сөмкесін қалай таңдау қажеттігін айтты.
– Мектеп сөмкесін немесе рюкзакты таңдау кезінде тиісті талаптарды сақтау қажет. Бірінші кезекте баланың омыртқасы мен иығына салмақ түсірмейтіндей сөмкенің берік құрылымы болуы тиіс. Сонымен қатар сөмкенің иықбаулары жалпақ әрі жұмсақ материалдан тігілуі керек. Сөмкенің өлшемі мен салмағы баланың бойы мен жасына сәйкес келгені жөн. Рюкзактың бос күйіндегі салмағы 1 келіден аспауы қажет, – деді бас санитар дәрігер.
Мектепке  барар күн жақын
Форманың жыры
Мектеп формасы – оқушылардың жай ғана киімі емес, ол – сол елдің мәдениеті мен дәстүрін де айшықтайтын көрініс. Мәселен, британдық мектеп формасының стилі классикаға негізделген. Кореяның формасы – джентльмендік үлгіде. Жапония формасы теңізшілер киіміне ұқсайды. Малайзияның мектеп киімі мұсылмандық үлгіде болса, АҚШ-та оқушылар үшін киім таңдауда шектеу жоқ. Олар мектеп формасын кию-кимеуді өздері шешеді. 2007 жылдың 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңына мектеп формасы туралы талаптар енгізілгенге дейін, біз де соған жақындап қалғанбыз. Бүгінде елімізде бірыңғай мектеп формасының талаптары бар болғанымен, барлық мектептер бірдей киім киюі міндетті емес. Демек әр білім беру ұйымы форманы өздері таңдайды. Ол бұйрықта жазылған және «Білім туралы» Заңның 5-бабында оның талаптары анықталған. Байқау комитеттері, ата-аналар комитеттері жиналып, үлгісін, форма түрін талқылап, бір шешімге келеді. Сондықтан әр ата-ананың талап-тілегі ескерілуі тиіс. Талап бойынша мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады, үштен артық түс араласпауы керек. Білім беру басқармасының бізге берген мәліметіне сүйенсек, өңірде алдағы оқу жылында жалпыға ортақ мектеп формасын енгізу көзделмеген. Көп мектептер бұған дейін таңдаған мектеп формасының үлгісінде қалады.
Қорға ақша жинау заңды ма?
Мектепте ақша жинау мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Қорға ақша жинаудан мезі болған көптеген ата-аналар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтерге де шағымданған көрінеді. Жаңа оқу жылының қарсаңында облыстың білім беру мекемелерінің басшылары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласының өкілдері басқосып, осы мәселені талқылаған болатын. Жалпы, облыстағы мектептегі сыйбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қамқоршылық кеңестері құралған. Ата-аналардың демеушілік қаржысы солар арқылы бақыланады. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро департаментінің басшысы Сергей Потаниннің айтуынша, ол – қағаз жүзіндегі ғана ұйым.
-Мектепте оқулық, кенсе заттары, жөндеу жұмыстары үшін ақша жинау заңсыз. Сондай-ақ мұндай ақшаны қолдан-қолға өткізу сыйбайлас жемқорлық фактісі болып саналады. Сондықтан мектепке демеушілік көмек көрсетемін деген ата-аналар үшін арнайы органдардың бақылауында болатын есепшот ашылуы тиіс.Мұның барлығы заңды әрі ата-ананың қалуымен ғана іске асуы керек,- деп атап өтті ол. Осы жайында ата-аналардың да пікірін білдік. Үш баласы бірдей мектепте оқитын Жібек Қадырова деген замандасымыз оған ақтарыла жауап берді.
– Менің үш балам мектепте оқиды. Оқу жылы басталған кезде әр сыныптың ата-аналар жиналысы болады, сол жиында ең бірінші қорға ақша жинау мәселесі көтеріледі. Оны ата-аналардың өздері бастайды. Басында 2500-3000 теңгеден деп бастама көтергенімен, белсенді ата-аналар ақыры 5000 теңгеден жинайық деген шешімге келеді. Егер бұған қарсы уәж айта бастасаң, «бәрі балаларымыз үшін емес пе?!» дейді. Амалсыз, сөзден тосыласың,-дейді ол.
Оның сөзінен ақша жинауға ата-аналардың да ықпалы зор екендігін, «сынып қорын құруға» осылайша ата-аналардың өздері белсене кірісіп кеткені, турасын айтқанда, мектеп басшылығының «ата-аналардың қолымен от көсеп» отырғаны байқалады. Қанша жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан сынып қорларына ата-аналардың да еті үйреніп кеткен. Министрлік, білім басқармасы тарапынан «мектеп – мемлекеттік мекеме, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады, мектепте ешқандай ақша жиналмауы тиіс» десе де, қайтып айналып барып, мектептегі сынып қорына айына екі мың теңге мен төрт мың теңге арасында қаржы жинай береді. Соған қарағанда, жаңа оқу жылына дейін санамызда сілкініс болмаса, бұл дәстүр биыл да жалғасын табатын сыңайлы.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button