Мектеп түлектеріне облыстық бюджеттен 400 грант бөлінді

Биыл республикалық білім гранттарынан бөлек, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары оқу орындарына түсу үшін мектеп түлектеріне 400 білім гранттары бөлінді. Бұл жөнінде өңірдегі еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, жоғары білімді мамандарды даярлау бағытындағы білім гранттарын беру жөніндегі конкурстық комиссияның отырысында белгілі болды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, «Nur-Оtаn» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, салалық басқармалар, облыстық кәсіпкерлер палатасы, өңірдегі ірі кәсіпорындар өкілдері қатысты.
Облыста аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Білікті маман» жобасы үш жылдан бері табысты жүзеге асырылуда. Өңіріміздегі мектептер және колледж түлектерінің шетелдердегі оқу орындарына кету көрсеткішін азайту мақсатын көздейтін осы жобаның арқасында жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі кеңейіп, оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі артып келеді.
Жақын болашақта өңірімізде нақты қандай мамандықтарға сұраныс көп болатындығын анықтау мақсатында облыстық білім басқармасы облыстағы барлық басқармалармен, жергілікті кәсіпорындармен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп тыңғылықты жұмыс жүргізіп, болжамды тізімін жасап отыр.
-Жоғары білімді мамандарды даярлау үшін аймақ басшылығы 2017 жылдан бері республикалық гранттардан бөлек, облыстық білім гранттарын беріп келеді. Бұл жоба шетелдерге оқуға кететін жастар санын айтарлықтай кемітуге мүмкіндік берді. Гранттарды бөлуде мамандар жетіспейтін салаларға айрықша назар аударылды. Өйткені мемлекеттік қаражат есебінен жоғары білім алған жас мамандар алдағы 3-4 жылда маман тапшылығының орнын толтырып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосатын болады,-деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
2016 жылы шетелдік оқу орындарын таңдаған түлектердің саны -1800, 2017 жылы – 890, 2018 жылы 636 түлек болса, биыл – болжам бойынша 585 түлек. Еліміздегі жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі артып келе жатқандығын баса айтуға болады. 2017 жылы облыс мектептерін тәмамдап, Ұлттық бірыңғай тест тапсырған түлектердің 48 пайызы білім гранттарына ие болса, былтыр мектеп бітірушілердің 56 пайызы республикалық және жергілікті білім гранттарына қол жеткізді.
Өңіріміздегі сұранысқа ие мандықтар – техникалық ғылымдар мен технологиялар, педагогика, гуманитарлық ғылымдар, өнер, денсаулық сақтау, қызмет көрсету саласы және ауыл шаруашылығы мамандары. Оқуы аяқталып, қолына дипломын алғаннан кейін грант иелері берілген жолдамамен міндетті түрде үш жыл облыста еңбек ететін болады. Ол үшін грант берер кезде университет-білім басқармасы-студент арасында алдын ала үшжақты келісімшарт жасалады.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиевтың айтуынша, 2020 – 2024 жылдар аралығында жоғары білімді мамандарға деген қажеттілік 1762 орынды құрайды, сұраныс жылына шамамен 650 орын. Мәселен, 2023-2024 оқу жылының соңында биыл берілетін гранттар 400 жоғары білімді жас маманға өңірімізде жұмысқа орналасуына кепілдік береді.
Биыл облыстық бюджет қаражаты есебінен берілетін 400 білім грантының 373-і облысқа қажетті мамандарды даярлауға, ал 27 грант – мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орындарына беріледі. Оның ішінде он бірі денешынықтыру мұғалімдерін даярлауға, оны бизнес, басқару және құқық, алтауы жоғары білімді дін және теолог мамандарын даярлауға бөлінді.
Биылдан бастап бұрынғы «мамандық» түсінігі «білім бағдарламасы» болып өзгерді. Сондықтан 2019-2020 оқу жылында білім гранттары білім бағдарламаларының топтары бойынша бөлінеді. Бұл топқа жоғары оқу орнының бір немесе бірнеше білім бағдарламасы енеді. Білім бағдарламаларының барлығы 97 тобы бар. Ол түлектерге бірнеше мүмкіндік береді. Мәселен, білім грантын беруде абитуриент бейінді пәндері бірдей болса, білім бағдарламасының төрт тобына дейін таңдауына болады.
Бір студентке облыстық бюджеттен жылына орташа есеппен 800 мың теңге, ал бүкіл оқу кезеңінде төрт миллион теңге жұмсалатындығын атап өткен жөн. «Білікті маман» жобасы жүзеге асырыла бастаған 2017 жылдан бері аталған гранттарды қаржыландыру 4,2 миллиард теңгені құрады. Бұл бөлінген қаражатқа оқытушының еңбекақы қоры, шәкіртақы және студенттің жол ақысы кіреді.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ