Білім

Мектеп құрылысы мерзімінде аяқталды

Мектеп құрылысы мерзімінде аяқталды

Өскемен қаласындағы 19-ықшамауданда салынып жатқан мектеп құрылысының жұмысы бір ғана айдың ішінде 15 пайызға атқарылды. Облыс әкімінің мектеп құрылысының уақтылы аяқталуын қатаң бақылауға алуы мердігерлерді қамшылай түскендей. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ құрылыс басында болып, жұмыс қарқынына оң бағасын берді.
Өскемендегі он тоғызыншы ақшамауданда мың балаға арналып салынып жатқан мектептің құрылысы 2012 жылы басталған болатын. Ғимарат құрылысы 2013 жылы аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс еді. Алайда, мердігерлер ойламаған кедергілерге кезікті.
– Жерасты суларының жоғары деңгейінің кесірінен технологиялық жұмыстар бір жылға созылып кетті. Осыған байланысты тапсырыс берушімен келісімшарттың мерзімін тағы бір жылға ұзартуға тура келді. Биылғы жаңа оқу жылына дейін мектептің құрылысын салып бітіреміз. Осы ауданның оқушылары жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайтын болады. Бүгінгі күні салынып біткен нысанның бес блогінде ішкі әрлеу және сантехникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша спортзалы болады деп жоспарланған жердің іргетасы қаланды. Ғимаратты уақытында тапсыруға үлгереміз, сол үшін жұмысшылар бел жазбай еңбек етуде, – дейді бас мердігер «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС филиалының директоры Қайролла Ыдырысов.
Құрылысты мерзімінде аяқтап, әрі уақытты үнемдеу үшін мердігер компания жұмыс күшін көбейткен, сондай-ақ, құрылыс басындағылардың еңбек күніне өзгерістер енгізген көрінеді. Бүгінгі күні нысанда 345 адам күні-түні жұмыс істеп жатыр.
Қайролла Ыдырысовтың айтуынша, жерасты суларынан басқа құрылысқа кедергі келтіретін мәселелер туындаған емес. Мектеп құрылысына қажетті материалдар уақтылы жеткізіліп, қаржыландыру да жоспар бойынша жүзеге асып жатыр. Барлық мәселелер жұмыс барысында шешімін табуда.
Нәтижелі жұмыс жасалғаны көрініп тұр. Жұмысты уақтылы атқара алады екенсіздер. Осыдан бір-екі ай бұрынғы жағдаймен салыстыруға да келмейді. Барлық тапсырмалар уақтылы орындалыпты, бірінші қыркүйекке дейін мектеп дайын болуы керек. Бірақ ғимаратты ғана емес, нысанды барлық абаттандыруларымен қоса аяқтау қажет. Балаларымыз гүлзарлары жайқалған, көшеттер егілген мектепке келуі керек,-деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы қала әкімі Темірбек Қасымжановқа абаттандыру мен мектептің қасбетін әрлеу жұмыстарын бақылауға алуды тапсырды. Ал мердігерлерге жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді жүктеді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button